Ақбас сиырдан артығы жоқ

(0 Votes)

Парламент Мәжілісінде өткен асыл тұқымды мал шаруашылығы саласына арналған заң жобасының таныстырылымында депутат Майра Айсинаның «Мұхиттың арғы жағындағы елдерден асыл тұқымды ірі қара мал импорттау қиынға түсетіні белгілі.

Жалпы, бұл шаралар керек пе? Қазақтың ақбас сиырын өсіру бізге тиімді болады ғой, біз неге осы бағытта ары қарай дамытпаймыз? Бұл ірі қара түрі біздің климатқа бейімделген» деген сауалына ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директоры Еркебұлан Ахметов елімізде ғылыми тұрғыда қазақтың ақбас сиыры тұқымын ары қарай дамыту міндеті іске асырылып жатыр деп жауап берді.

Оның айтуы бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекет тарапынан қазақтың ақбас ірі қарасын өсіруге байланысты арнайы субсидиялар енгізіліпті. Бұл субсидиялаудың түпкілікті мақсаты – асыл тұқымды жұмыстарды таза деңгейде жүргізу болып отыр. Соның есебінен қазіргі уақытта қазақтың ақбас тұқымын 530 мың басқа дейін жеткізу көзделуде. «Жалпы, бұл істе жақсы қарқын бар. Ірі қара малдың арасында асыл тұқымды малдың сатылуы құрылымын қарайтын болсақ, 65 пайызы қазақтың ақбас тұқымына тиесілі. Фермерлер ірі қараның осы тұқымына жоғары қызығушылық білдіруде», деді Е.Ахметов сауалға орай.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласы алдында ғылыми тұрғыда қазақтың ақбас сиыры тұқымын ары қарай дамыту міндеті тұр. Бұл ретте 2018-2020 жылдарға ғылыми жұмыс жүргізуге арнайы тапсырма беріліп, аталған мақсатқа 200 млн теңгеге жуық қаражат бөлінгені белгілі болды. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов ауданымызға келгенде де мал басын өсіруді, асылдандыруды, мал азығын дайындауды дұрыс жолға қоюды міндеттеді.

Аудан көлеміндегі ірі қара өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының барлығы дерлік осы ақбас тұқымының етті бағытына ден қойып келеді. Кейбірі шетелдік ангус, герефорд және өзіміздің әулиекөлдік тұқымдармен асылдандырып көргенімен, басым бөлгі Батыс Қазақстан, Ақтөбе өңірінен осы ақбас тұқымды бұқаларды көбірек әкеледі. Мал басын өз төлі есебінен өсіруде біраз жетістіктерге қол жеткізгендері бар. Мақаш ауылдық округіндегі «Е.Құбашев» шаруа қожалығы 340 аналық сиырдан бұзау алу қамында жүр. Биылғы қыстың жайлы келуі малдың күйін жоғалтпай бұл науқанның жоспарланған межеде аяқталуына өз септігін тигізгендей. Өзге шаруашылықтар да жергілікті жердің табиғатына бейім келетін ақбас сиырдан артық жоқ деп санайды.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT