Ақбөкен - сахараның бота көзі...

(1 Vote)

«Кей қазақ әдет қылған киік атып, Мүйізін пайда қылып, шетке сатып», деген ғой С.Сейфуллин.

Иә, «даланың кербез сұлу кер маралы» атанып, талай ақындар жырға қосқан ақбөкен жарықтық, қазіргі сананы тұрмыс билеген, адамдар тек бас пайдасын ойлап, ақшаға құныққан заманда көздің құртына айналғаны шындық. 24 ақпан күні Сүйіндік ауылдық мәдениет үйінде алдын ала хабарланған шарт бойынша, қазіргі шектеулерге сай сақтық шараларын сақтай отырып ауыл тұрғындарының жиналысы өткізілді. Оған республикалық мемлекеттік қазыналық «Охотзоопром» кәсіпорнының Батыс Қазақстан облыстық филиалының өкілдері Шынтай Кенешев, Ерлан Сембиев, Қуандық Айтқали қатысты. Күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе – соңғы кезде Сүйіндік ауылдық округі аумағында көбейіп кеткен киік жануарына байланысты туындап жатқан келеңсіздіктер.

img-20210226-wa0053

Алдымен Батыс Қазақстан облысы Орда ауданына қарасты ауылдардың тұрғындары киіктің мүйізімен ұсталып жатыр деп естілген болатын. Кейіннен, Сүйіндік ауылынан да бірнеше азамат киік аулауға қатысты күдікті деп танылып, 12 ақпан күні облыстық полиция департаментінен арнайы жасақ келіп, тұтқындады. Алдымен сөз алған «Охотзоопром» инспекторы Сембиев Ерлан Мұқасұлы халық арасында киікке байланысты туындаған көкейтесті мәселелер жөнінде түсінік берді. Яғни, киік аулаған адамдар ҚР Қылмыстық Кодексінің 339-бабы негізінде «Сиреп бара жатқан жануарларды аулаушы» және 337-бабы негізінде «Заңсыз аңшылықпен айналысушы» болып танылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны, бір аталығы үшін төрт миллионға жуық айыппұл төлейтіні, далада өліп жатса мүйізін кесіп алуға болмайтыны жөнінде ескертті. Демек, киіктің мүйізін сатып, пайда табам деушілерге заң талабы өте қатал екен.

– Соңғы кезде Батыс Қазақстан облысы жерінен Азғыр аймағына топ-тобымен ауып келіп жатқан киікті охотзоопром өкілдері осы жаққа айдап әкеліп, бағып жүр деген әңгіме бар, сол рас па? Екіншіден, біздің батысымыздағы Ресеймен шекара тікен сыммен қоршалған. Бірақ, Батыс Қазақстан облысының Орда ауданы жеріне жалғасатын шекараның 3-4 шақырым жері ашық жатыр. Сол жерден біздің ауыл тұрғындарының малы Ресей жаққа өтіп кетеді. Өтіп кеткен малды кері шығару өте қиын. Тіпті, Ресейге кеткен мал сол жақтан ұрылардың қолына түсіп, талай рет бірнеше бастан жоғалды. Шекара қоршауын толықтай жабу жөнінде өзіміздің аудан әкімшілігіне мәселе қойғанымызда: «Ол жер киіктің көшіп-қону миграциясы үшін әдейі қалдырылған. Ол жерді жабуға охотзоопром рұқсат бермейді», деген жауап алдық. Енді қараңыз, даладағы түз тағысының көшіп-қону еркіндігін сақтаймыз деп, жергілікті халық ақ адал малынан айырылып отыр. Әрине, Үкіметтің заңына бағынамыз, оны құрметтейміз. Сиреп бара жатқан киік жануарының да қорғалуын құптаймыз. Жаңа өзіңіз айттыңыз, Батыс Қазақстанда екі жүз он жеті мың киік болса, Ресейдің осы шекаралас аймағында екі мың жарымы бар екен. Киік – жер астындағы мұнайымыз сияқты жер үстіндегі Қазақстанның байлығы, қазынасы дедіңіз. Олай болса сол байлығымыздың көрші елге еркін өтіп кетуіне неге жол береміз? Қайта сол байлығымызды қорғау үшін шекараны неге жауып тастамаймыз?! – деген сұрақ қойды ауыл тұрғыны Маннап Қажыбай.

– Әрине, айтып тұрған уәждеріңіз орынды. Иә, киік миграциясы үшін шекараның белгілі бір тұстары ашық қалдырылатыны да рас. Үкіметтің, экология министрлігінің ережелеріне сәйкес киік жануарының еркін көшіп-қонуына жағдай жасалынуы керек. Сіздердің шекараның ашық бөліктерін жабу туралы өтініштеріңізді өзіміздің басшылық арқылы жоғарғы орындарға мәселе етіп қояйық. Ал, енді, біздер киікті осы жаққа айдап әкеліп бағып жүр екен деген әңгіме өтірік. Киік – ол мал емес, ешқандай бағуға, тіпті, айдағанға да көнбейді. Бүгін бір жерге айдап апарып тастасаңыз, ертең өз орнына қайтып келеді. Біз тек, киіктің ауған бағытына қарай соңынан еріп жүреміз, – деп жауап берді Ерлан Сембиев. Ауыл тұрғыны Ғилажев Марат: – Сіздердің бүгінгі келулеріңіз, халыққа түсінік жұмыстарын жүргізулеріңіз, бұл – өте орынды. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Жаңа өзіңіз де айттыңыз, киік қыс айларында шағылысқа түскеннен кейін текелері әлсіреп, өлетіні әуелден белгілі. Міне, біздің жаққа соңғы кездері киік көптеп келуде. Қазір далада бірнеше жерде киіктің текелері өліп жатыр. Қазақ айтады: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», дейді. Сол айтқан жер-жерде өліп жатқан киік текесін көрген соң ауыл адамдары пенделік қызығушылықпен оның мүйізін кесіп алады. Сосын жатады, жауапқа тартылып, қылмыскер болып. Сіздердің тараптан сол өлекселерді арнайы жинау ұйымдастырылмай ма? Сосын жаңа айттыңыздар, киіктің мүйізін, терісін, тұяғын өңдейтін тек қана Қытай елі деп. Киік аулаушылардан тәркілеген мүйіздерді өртеп, жояды екенсіздер. Жер асты мұнайы сияқты, жер үсті байлығымыз дей тұрып, неге оның тәркіленген өнімін Үкіметтің заңы бойынша жоясыздар. Сонда қалай ол? Киіктің мүйізі зиянды наркотик емес, табиғи таза шикізат. Қазақстанда оны өңдей алмаса, неге заңды жолымен Қытайға экспортқа шығарып, ел экономикасына пайда түсірмейсіздер? Бұл сұраққа қатысып отырған «Охотзоопром» өкілдері, өкінішке қарай киіктің өлексесін, мүйізін жинап, тәркіленген мүйіздерді заңды тұрде экспорттаудың министрлік тарапынан әлі оң шешімі табылмағанын айтты.

img-20210226-wa0052

Түйін. Қайран қазақ жері... Жерінің астында қандай қазына тұнып жатса, үстінде де әлі қанша игерілмеген байлығы бар екен ғой. Осыдан 5-6 жыл бұрын Қазақстанда киіктен ауру шығып, екі жүз елу мыңға жуық бас жануар қырылды деп еді ақпарат көздері. Табиғаттың төл перзенттері, жарықтық, киелі жануарым қайтадан қатары толып, көбейе бастаған екен. «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар» деген қазақ. Бүгінде қанағатсыздықпен пенделікке бой алдырған ауыл жастарын сол қасиетті де киелі киіктің киесі ұрмаса екен. Ол үшін, әрине, ең бастысы тектіліктің нышаны – биік ынсап, берік тәрбие, қатаң тәртіп керек. Тарихы терең, текті елдің ұрпағы едік қой, ағайын, тектіліктен айнымайық...

Қанат Құлшар,

Сүйіндік ауылдық округінің әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521