Аға да алып бәйтерек емес пе?...

(1 Vote)

Біз әкемізден ерте қалдық... ең үлкен ағам он сегізде, ең кіші інім бір жарым жаста еді. Анам сол кезде қырық бес-ақ жаста еді. Бірақ біз ешқашан жетімдік көрген емеспіз. Анамыз бақты, тәрбиеледі, өсірді, білім алып берді, өмірден өз орнымызды табуға аналық міндетін атқарды. Ал, әкемнің туған інісі, ағам Сайфолла алыста, жұмыс бабымен жүрсе де, бір бүйрегі бізге бұрып, үнемі қамқор бола білді.

Мен педагогикалық оқу бітіргенде, қай жерде маман жетіспесе сол жерге бөледі. Мені Маңғыстау облысына жіберді. Ал, мен болсам, ол жаққа барсам қор болатындай, жылап ағама телефон соқтым. Ол кісі өзі қызмет істеп жатқан Қызылқоға ауданының Миялы селосына жұмысқа орналастырды.

Алғашқы еңбек жолымды Қызылқоға ауданының орталығы Миялы селосында Крупская атындағы мектептен бастадым.

Әлі есімде, 1983 жылдың 31 тамызы күні мені өзіне шақырып алып, «Ертеңнен бастап ұстаздық еңбек жолыңды бастайсың, мұғалімге сағат ауадай қажет»-деп, маған сағат (алтын) сыйлады.

Менің әкем белгілі теңізші, сол теңізден ақмаржан терген әйгілі балықшы болды. Әкелері жастайынан бақи болып кеткеннен кейін, отбасын асырап, інісінің (Сайфолла) оқып, азамат болуы үшін тер төккен. Әкем де еңбекқор, алдына қойған мақсатын қолма-қол шешу үшін күрескен озат балықшы бола білген, жастайынан өмірдің қиындығын көріп өсті.

Менің әкем осы бауырының білім алғанын жақсы көріп, соғыстың ауыр жылдарынан кейінгі қиыншылыққа қарамастан Алматыға оқуға түсуге ықпал етті. Ал ағам болса өжеттілігімен іздене жүріп Алматының Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Оны үздік бітіргеннен кейін, сол кездегі Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына оқытушы болып қызметке қалдырылды. Бірақ, тұрмыс жағдайының ауырлығына байланысты жұмысын жалғастыра алмай, туған елге оралды. Алғашқы әзірде Ганюшкино селосындағы Абай атындағы орта мектепте директорлық қызмет атқарып, жасөспірімдерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде ауқымды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді, мектепті жоғары деңгейге көтереді. Осы іскерлік қабілетімен көзге түскен Сайфолла Сүйінұлы көп кешікпей аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланып, жастар арасындағы жігерлі де жалынды басшыға айналды.

 1959 жылы Чапаев колхозы басқармасының төрағасы, ал 1962 жылы жаңадан құрылған Теңіз ауданындағы Құрманғазы атындағы совхоз директоры

(қазіргі Жыланды ауылы) болып тағайындалды. 1970 жылы Гурьев облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызетінде өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсетеді. 1972 жылы Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, осы ауданды ұзақ жыл бойы басқарды. Ол Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ХІІ-ХVІ сьезінде делегат болып сайланды.

Өзінің  ұзақ еңбек жолында екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталады.

Менің білетінім-ол кісінің кісілік келбеті, кейін қалғанның кеудесінен итермеген, ілгері ұмтылғанның етегінен тартпаған адамгершілік қасиеті өте жоғары еді.

Сайфолла Сүйінұлының осыған дейінгі ұзақ жылғы еңбек жолдары мен тындырған абыройлы істері, оның шебер ұйымдастырушы, өзіне де, басқаға да талап қоя білетін патриоттық ой-өрісі кең, қандай лауазымды қызметтер атқармасын, шыңдалып, жетіскен, елінің, халқының сенімін ақтаған таза азамат екендігін іс жүзінде дәлелдеді. Сондықтан да болар, облыстық партия комитетінің бюросы 1972 жылы оны ең шалғайдағы ірі – Қызылқоға ауданынына бірінші хатшылық жұмысқа жіберді.

Сайфолла Сүйінов ағамыздың  басшылығымен совхоздардың экономикасын көтеру, еңбекшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту ісі үнемі күн тәртібіне қойылып отырды. Мысалы, тоғызыншы бесжылдықта аудан бойынша 24 млн. сомның күрделі қаржысы игеріліп, аудандық баспахана, 856 балалык екі мектеп, 190 балалық балабақша, 75 орындық автогараж, 50 орындық шеберхана, 200 орындық мәдениет үйі, 38,6 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, Миялы селосы, Қызыл ту, Комсомол Жангелдин атындағы совхоздар жоғары кернеулі электр жүйесіне қосылды . Селолық советтерде автомат - телефон станциялары жұмыс жасай бастады. Миялы-Сағыз тас жолы құрылысы басталды. Сөйтіп 1976-1980 жылдар аудан экономикасы мен мәдениетінің өсіп-өркендеу жылдары болды. Мемлекетке жоспардан тыс 11870 ц. ет, 30 мың дана қаракүл елтірісі, 1970 тонна сүт тапсырылып, оныншы бесжылдықта аудан 5039 сом пайда тапты. Аудан совхоздары 1975-1986 жылдары (10 жыл бойына) мемлекетке жыл сайын орта есеппен 6 мың тонна ет, 400 тонна сүт, 1000 тонна жүн, 100 мың дана қаракөл елтірісін тапсырды. Мал шаруашылығын өркендетудегі жетістіктері үшін Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, аудан 3 рет (1977, 1980, 1981 жылдары), Ленин атындағы совхоз 2 рет (1981, 1988 жылдары) жеңіп алып, КПСС Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл Туымен марапатталды. Сондай-ақ мал шаруашылығын өркендетудегі жетістіктері үшін 1978, 1981, 1983, 1985 жылдары республиканың жоғары органдарының Ауыспалы Қызыл Туына ие болды. 1981 жылы аудан оныншы бесжылдықтың қорытындысымен шаруашылық және мәдени құрылыстағы жетістіктері үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комимтеті мен Қазақ КСР Министрлер Советінің қаулысымен Қазақ КСР-інің "Алтын Құрмет" кітабына жазылды.

Иә,жалпы алғанда, қарапайым еңбек адамының аз ғана өмірбаяны іспетті. С.Сүйінов ағам атқарған қызметі, лауазымдық сатысын суреттегеннен өзге ештеңе де жоқ. Алайда, мұның ар жағында терең қайраткерлік келбет, батылдық, табандылық пен іскерлік жатқанын сөз мағынасын ұғынған жан ғана айыра алар. Сайфолла Сүйінұлы өзінің саналы еңбек жолының белсенді кезегінде халықтың зор сенімі мен құрметіне бөленген, үнемі өрлеу үстінде болған азамат. Қызылқоға, Теңіз аудандарының Құрметті азаматы. Өлкеміздің экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне үлкен үлес қосқан, аянбай еңбек етіп, тер төккен партия және қоғам қайраткері бола білді.

Сайфолла Сүйінұлы есейген шағында да өзінің еліне, халқына, туған жеріне,деген патриоттық сезімін, өткен тарихи тұлғалар мен қайраткерлеріне деген сүйіспеншілігін бір сәт те осалсытқан жоқ. Оған «Қайраткер Құлманов», «Бөкей Ордасы» еңбектері толықтай дәлел бола алады. Ол «Мен жазушы да, журналистте, тарихшы да, тіпті филолог та емеспін.Асырып айтқанда, көзі ашық, көкірегі ояу дейтіндей ғана жанмын» дей келіп,- Алашорда көсемдерінің қақ ортасынан өз орнын алуға тиісті Атыраулық жерлесіміз Бақтыгерей Құлмановтың белгісіз біреу болып қалмай, қалпына келтіруге, ат салысып, ол туралы материалдарды жинақтап, шағын болса да «Қайраткер Құлманов» атты кітапша шығардым» - деп ағынан жарылып, өзінің патриоттық сезімін тағы да айқындауынан кейін, немесе, ғұлама ғалым көрнекті академик Манаш Қозыбаевтың «Сайфолла Сүйінов көзі ашық, көңілі даңғыл, ойы ұшқыр қарымды азамат. Қазір зейнеткер болса да ол, алаштың тарихымен көсемдерін зерттеуге қатысып, өз үлесін қосуы шынайы азаматтықтың белгісі» - деп,зор баға берді.

Ағамыз әруақытта да өзінің адалдығымен, қара қылды қақ жарған, тура жолдан таймайтын әділдігімен есте қалады. 1981 жылы «Асқаралы асулар», 1988 жылы «Қайраткер Б.Құлманов», «Бөкей Ордасы» атты еңбектерін жарыққа шығарды. Артында үш бірдей тарихқа толы кітабын мұра етіп қалдырды. Ерен еңбегін елі бағалады. Абайша айтқанда, «үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», Сайфолла ағамның бойынан осы үш қасиетте табылатын.

sjinov1

Біз бауырмыз, туғанбыз. «Ағаның үйі ақ мешіт» деп бекер айтпаған ғой, ол өмірде үлкен тірегіміз, қамқоршымыз бола білді. Ауырып, төсек тартып ұзақ жылдар жатса да, алдымыздағы алып бәйтерек еді. Әрине, орны толмайды.

Ағам қандай орта болмасын өзін сол ортамен тең ұстайтын, қызметін пайдаланып өзін жоғары ұстамайтын.   Ақкөңіл, өте бауырмал, кішіпейіл жан еді.

Бүгінде Русия анамызда 90 ның төріне аяқ басуда Алла ұзақ ғұмыр бергей деп тілейміз. Шаңырақ иесі, кіші ұлы Мақсотжанға, қызы Гүлшат апамызға ағамыздың барлық қасиеттері дарысын деймін. Орасан бай ақыл мен билік парасаттың адамы болып танылған әкесінің рухын сыйлап, анасын құрмет тұту төл міндеті деп есептеймін.

Ағамыз тірі болса  биыл 90 жылдығын дүркіретіп тойлар едік...  Өмірден көргені мол, ұланғайыр білімді жан, тұтас бір ұрпақтың тәрбиешісі болған асыл азамат, ардақты әке, ақылшы ағамыз  Сайфоллла Сүйінұлы жүрегі 2007 жылдың 20 маусымы күні соғуын тоқтатты.

Біз ешқашан да ағамызды есімізден шығармай құрметтеп,қастерлеп, есімін әрдайым құрмет тұтамыз. Асыл аға топырағыңыз торқа болсын, алдыңыздан пейіштің нұры шалқысын!

 

Күнсұлу Үрпекқызы Сүйінова, Қарындасы

Атырау облысы,

Құрманғазы ауданы,

Көптоғай ауылы

  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521