«Ақтілек» мейрамханасында қолы ашық, жүрегі жомарт жас кәсіпкер Дәурен Садихов ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі 60 балаға арнап қайырымдылық шыршасын ұйымдастырды.
Мерекелік шараның қонағы аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақ екендігін айтып, оларға денсаулық тілеп, жаңажылдық сыйлықтарын таратты. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Абдуррахман Муса осы кешке Құрманғазы ауданының зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан 20 бала қатысып отырғанын тілге тиек етіп, оларға үнемі қолдау білдіріп, демеушілік жасап келетін Б.Жүгінісов, Д.Садиховқа алғыс хатын ұсынды. Орталық тәрбиеленушілерінің ата-аналары атынан Бақыт Ақмұханова жүрекжарды лебізін білдіріп, сыйлықтары мен құттықтау хаттарын табыстады.
Қатысушылар алдымен ертегі кейіпкерлерінің театрландырылған қойылымын тамашалап, ғажайыпқа толы шырша тойының қонағы болды. «Жасмин» мерекелік шараларды ұйымдастыру тобы түрлі ойындар ұйымдастырып, балғындардың көңілдерін көтерді. Алматы қаласынан арнайы шақырылып, думанды кештің көрігін қыздырған цирк әртісін балдырғандар бар зейіндерімен тамашалап, таңданыстарын білдірді. Ортаға келген Аяз ата мен Ақшақардың да игі тілектерін тыңдап, жаңа жыл иесін қарсы алды. Шырша мерекесінен соң барлық балақайға жаңажылдық сыйлықтар тарту етілді.
А.Шакупова