42500-ді алу үшін арнайы есепшот ашудың қажеті жоқ

(0 Votes)

Қазір көпшілікті толғандырған тақырыптардың бірі 42500 теңгенің «жыры».

Осы мәселе төңірегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында түсінік берді.

42500 теңге алуға бірнеше өтініш жазғандар бар «Бүгінгі таңда 938 мың адамнан 1 284 000 өтініш түсті. Демек, бір адам бірнеше рет өтініш беріп отыр. Мүмкін қателесіп, жаңылысып жіберген боларсыздар. Бірақ «2-3 рет өтініш берсем, 42500 теңгені 2-3 рет алам» деп ойласаңыз – қателесесіз. Ақпараттық жүйе оның бәрін тексеріп, реттеп алады» деді министр. Ол өтініш берген адам төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғанын растайтынын айтты. «Өтініш берген кезде порталдың астыңғы жағында «Мен жұмыс істеп жүріп, төтенше жағдайға қатысты табысымнан айырылғанымды растаймын және өзіме жауапкершілікті аламын» деген сөз бар. Сіз ол жолдарды оқыдыңыз, ал біз сізге сендік дегенді білдіреді. Мұны не үшін айтып отырмыз? Бұл төлемді соған мұқтаж адамдар алса деген ниетіміз бар. Жұма, сенбі күндері алғашқы 412 мың адамнан өтініш қабылдаған кезде біз тексеріс жасап көрдік. 1873 адам өтініш берген, бірақ ақпараттық жүйе арқылы тексеріп едік, олар қаңтар, ақпан, наурыз айларында орта есеппен 500 мың -1 млн теңгеден астам табыс алған азаматтар екені анықталды. Бұл – дұрыс емес, сіздерге 42500 теңге төленбейді» деді ол.

Соңғы күндері есепшот ашқызу үшін ұзын-сонар кезекке тұрған көпшіліктің назарына жақсы жаңалық бар.

– Өтініш берген адамдарға 42500 теңгені аударуымыз керек, сондықтан өтініш берген кезде есепшотты көрсету керек. Өтініш бергендердің ішінде өмірінде ешқашан есепшот ашпаған адамдар бар. Олар өтініш толтырған кезде есепшотты көрсетуі керек, олар есепшот ашу мақсатында банктерге жүгініп жатыр. Осыған байланысты 1-2 күнде мынадай өзгеріс енгіземіз: өтініш берген кезде банкте шотыңыз болмаса, шотты көрсететін жерге ештеңе көрсетпейсіз. Талапқа сай болған жағдайда сізге 42500 теңге тағайындап, сіз есепшот ашқанша 1 ай күтеміз. Есепшотты ашқаннан кейін сізге төлемді аударамыз. Өтінішіңізді жіберіп қойып, есепшотыңызды асықпай алуға болатын жағдай қарастырып жатырмыз. Бұл 1-2 күнде шешіледі, – деді министр.

Ол банктерге үндеу жасағысы келетінін айтты. «Барлық банкке айтарым, осындай қиын кезеңде біз секілді халықтың өтінішін бір терезеден – қашықтан қабылдап, олардың мәліметтерін алып, есепшотын енгізіп, карточкасын әзірлеп, үйіне жеткізіп беруге болады. Қазір «Қазпошта» да, «Халық банкі» де сонымен айналысып жатыр. Басқа банктерді де бізбен бірлесіп, халыққа көмектесу мақсатында осындай әрекет жасауға шақырамын» деді.

Банктердің 42500 теңге алу үшін арнайы есепшот ашуды талап етіп жатқаны дұрыс емес. Бұл туралы қаржылық нарықты реттейтін агенттік барлық банктерге нұсқаулық беріп, талап қойды.

– 42500 теңге алу үшін арнайы есепшот ашудың қажеті жоқ, ақша кез келген карточкалық есепшотыңызға аударылады және түскен ақшадан қарызды өтеуге, несие жабуға ақша ұсталмайды. Олай етуге банктердің құқығы жоқ, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Дереккөздер бойынша дайындаған А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521