104 неге жауап бермейді?

(1 Vote)

Ауданымызға көгілдір отын келіп, құрманғазылықтар қуанышқа кенелгеніне де біраз жылдар өтті.

Бұрын тұрғындар қыруар ақша шығарып көмір алатын. Оның да кейде топырақ араласы  келіп, дұрыс жанбайды. Нәтижесінде пештен түтін қайтып, оның от жағатын аузы қара күйе болады. Бұрқыратып күл шығарасың. Одан көмір қымбаттағанда көп отбасы ағаш жағуға көшті. Құрманғазы ауылындағы саябақтағы және жаға бойындағы жайқалған теректер пештің көмейіне кетті. Тіпті, мал жайылымындағы аласа жыңғылдарды қазып, тамырына дейін қопарып алғанды да көрдік. Ал, трактормен қыр бойынан әкелінетін бір тіркеме  жыңғыл 15-20 мың теңгеден сатылып  жүрді. Қыстан қысылмай шығу үшін үш тіркемесін түсіртетінбіз. Оны қардың, мұздақтың астында қалмас үшін балтамен жарып, шоланға жинайсың. Газдің бір жақсысы күл шығармайсыз. Үй таза тұрады. Бағасы да тым қымбат емес. Қазір тұрғын үйлерге түгел тартылмағанымен көгілдір отын  Азғыр өңіріне де жетті.

Бүгінде аудан тұрғындары жаңа үй салса бірден газге қосады. Құптарлық жағдай. Бұрын пеш жылыта алмай қалар  деп үйді тым үлкен етпейтін. Зәулім үйі бола тұрса да  ауладан бөлек ас үй салатын қазақ, баспанасының қонақ бөлмесін кең етсе, оған электр пешін бөлек қосатын. Қазір бәрі газбен жылыту қазаны арқылы бір жерден жылиды, барлық бөлмеге батареялар немесе құбыр тартып қойса болды. Әрине, бұл қазанның да кейде ақаулары кездесіп жатады. Дұрыс жылытпайды, көп тоқтайды, газ иісі шығады және т.с.с. Оны өз бетіңізбен жою қиын. Мысалы, электр плитасы жұмыс жасамай қалса, ток көзінен ағытып алып, ішін ашып, қай жері үзіліп кеткенін қарайсың. Кері жалғап токке қосып көресің. Теріс жалғасың электр есептегішінің үстіндегі сақтандырғыш (предохранитель) токты ажыратып тастайды. Газ плитасымен немесе жылыту қазанымен мұны жасай алмайсың. Бір жерін теріс қозғап жіберсің уланып өлесің немесе үйіңмен бірге көкке атады. Ертеректе қос қабатты үйде біреудің баллонмен жанатын газ плитасы жасамай қалғаны есімізде. Келіншек ас үйден иіс шығып тұрғанын сыртта жүрген көрші бозбалаға айтады. Ол қарап беруге кіріседі. Екеуі бөлмеге кіре бергенде  келіншек жарықты жағып қалған ғой. Сол-ақ екен газ баллон жарылып, ол сол жерде қаза табады. Көршісі болса тоқсан пайыз күйікпен ауруханаға түсіп, өмірден озды. Газ осындай қауіпті нәрсе. Сондықтан, ол жұмыс жасамай қалса өз бетіңізбен қозғай алмайсыз. Мұндай жағдайда кімнен сұрасаңыз да «104-ке хабарласыңыз», дейді. Сіз «101», «102», «103» нөмірлеріне соқсаңыз, тиісінше өрт сөндіру, полиция, «Жедел жәрдем» бөлімшелері кез келген уақытта  көтеріп, аты-жөніңізді, қайдан телефон шалып тұрғаныңызды сұрап алады да хабарын береді.

«104» нөмірі олай етпейді. Көтермейді. Бір рет демалыс күні газбен жылыту қазаны істемей қалып, аталған нөмірге телефон соққаным бар. Тым-тырыс. Жылыту қазаны дұрыс істемеген соң үй де салқындай бастады. Барына шығарып қойсам да батареялар жылымық күйден арылмады. Кім-кімде «104» көтермесе амал жоқ «осы кісі көгілдір отынның жайын біледі», дегендерге қоңырау шалады. Сондай жалғыз түйір танысымды мен де іздедім. Алайда, қас қылғандай ол сол күні ауылда жоқ болып шықты. Жаңағы нөмірге қайтадан бірнеше мәрте қоңырау шалдым. Жауап қатпайды. Амал жоқ, тәуекел етіп, жылыту қазанының қасына келдім. Ортасында шығыршық сияқты бір нәрсе тұр екен. Жоғары қарай бұрадым. Гүрілдеп жанып тұрған оты өшті де қалды. Кері орнына әкелгем, қайта жанды. Содан кейін төменге қарай бастым. Ештеңе өзгерген жоқ. Бұрын температураны басқа жерінен реттеп жүретінбіз.  «Жарайды, осылай тұрсын, тағы бір айналып келіп қарармын», деп ішке кеттім. Сәлден кейін бөлмедегі барлық батареялар қыза бастады. Алайда, үнемі бұлай бола бермейді ғой. Газдың иісі шығып тұрса ше? Ақпарат көздері ондай жағдайда бөлменің есігі мен терезе желдеткішін ашып тастап, 104 нөміріне қоңырау шалу қажеттігін ескертеді. Қыста, аязда оларды қашанға дейін ашып тастайсың. Жылу жүйесін қатырып алуың мүмкін ғой.

Бұл жалғыз менің басымнан өткен жағдай емес. Талай адамдар «104» нөмірі көтермейді», деп әлеуметтік желіні шулатып жатады. Бізге де хабарласып мұңын шағады. «Осындай өзекті мәселені неге жазбайсыңдар? Газдің төлемін алғанда керемет!», дейді ренжіп. Енді қайтсін, газ аса қауіпті нәрсе. Жақында, 27 желтоқсан күні  «Телеграмм» әлеуметтік желісіндегі «Құрманғазы аудандық әкімдігі» чатына Нәрдәулет есімді азамат: «Ассалаумугалейкум! 104 газ мекемесі! Жұмыс жасай ма әлде өтірік, жұмыс жасамайтын мекеме ме? Телефон көтермейді», деп жазып қойыпты. Жалпы осы «104» деген нөмір бар ма, әлде жоқ па? Осыны білмек ниетпен «Қазтрансгазаймақ» АҚ аудандық филиалы, газ шаруашылығы мекемесінің басшысы Аманғали Сатановты телефонмен сөзге тартқанымызда: «104 нөмірі жұмыс жасайды. Бізде оған штат жоқ. Соған қарамастан маманымызды бөліп таңертеңгі 8.00-ден 5.30-ға дейін жұмыс жасатып отырмыз. Бір сағат түскі үзіліс. Сенбі, жексенбі, мереке күндері демалады», дейді. Демек, бес күндік. Демалыс күндеріне кезекшілік қаралмаған.  Қаһарлы қыста сенбі күні  газбен жылыту қазаны жұмыс істемей қалды дейік. Сонда не істейміз? Аталған мекеме басшысы бір адамның нөмірін беріп, бұл мәселе жөнінде оған хабарласуымызды сұрады. Жарайды, мен хабарласармын. Телефон шалып та көрдім, көтермеді. Бірақ, ақпарат көздерінде газден қауіп төнгенде оған емес, «104 нөміріне хабарласыңыз», деп тайға таңба басқандай жазулы  тұр ғой. «Осыдан бірнеше жыл бұрын апатты жағдай орын алды, -дейді бір әріптесіміз – Танысымыз жер қазғанда байқамай газ құбырын тесіп жіберген ғой. Тесілген жерден улы газ шыға бастаған соң үй иесі әйеліне сол жерді бастырып қойып өзі газ маманын іздеп кеткен ғой. Үш сағат бойы бірнешеуіне барыпты. Олардың бірі қонақтықтамыз десе, екіншілері демалыс күндері жұмыс жасамайтынын алға тартқан. Әйелі мен баласы күздің қара суығында кезектесіп газ шығып тұрған жерді жауып жүрген. Ақыры, бір адамды әкеліп, орын алған қауіпті жойған»

«Қазтрансгазаймақ» мекемесіне 104 шұғыл желісінің жұмысын жолға қоятын уақыт жеткен сияқты. Конституциямыз да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та адам өмірі бәрінен қымбат екенін айтады. Сондықтан ол да аталған үш нөмір сияқты күні-түні жұмыс жасауы қажет. Тұрғындар босқа дабыл қақпайды. Білсе, өздері де жөндеп алады ғой. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген сөз бар, аяқ астынан газден қауіп туындаса адамдар қайтпек? Жеті түнде кімді іздейді? Оған жол бермес үшін тұрақты штат ашып, кезекшілік ұйымдастыру керек. Штаттан үнемдеген ақша адам өмірін қайта қалпына келтірмейді. Әрі апат та бес күн жұмыс жасап, сенбі, жексенбіде, немесе түнде демалмайды. Осыны ескерген жөн.

Қанат ҒҰМАРОВ

Сурет ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521