Жұмысшы мәртебесін көтеретін кез жетті

(0 Votes)

Ағымдағы жылды Мемлекет басшысының «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, осы мамандық иелеріне көңіл бөлуі өте орынды.

 Қоғамның қозғаушы күші, сом білекті жұмысшысыз ештеңе бітпейтін болғанымен соңғы жылдары бұл мамандық өзгелерінің тасасында қалуда. Саны жағынан ең көбі де осы жұмысшылар. Оларды үлкен зауыттардан бастап, базарлардан да кездестіресіз. Ауыр жұмыстың басында тынбай еңбек етіп жүргенін көреміз. Күнделікті тірліктерімен өмір дөңгелегін айналдырып, адал еңбекпен напақасын тауып, сонымен қатар елдің алға басуына да өз үлестерін қосуда. Салынып жатқан құрылыстардың басында кірпіш тасып, сылақ соғып, тас өріп, жол төсеп, құрылыс материалдары дүкендерінде тонналаған жүкті түсіріп жүрген де осы мамандық иелері. Жеке меншік сауда орындарында жексенбіден басқа күні қызу тіршілік қайнап жатады.

Мұнда жұмыс жасап жүргендердің ішінде қиындықтарға төзіп ұзақ жылдар бойы орын ауыстырмай келе жатқандары да жетерлік. Жалпы еңбек адамына аула сыпырушы, еден жуушы, көпшілік тамақтанатын асханадан мейманханаға дейінгі қоғамдық орындарды тазалаушы жандар да кіреді. Қоғамға жайлы орта орнатып отырған осындай қарапайым, қатардағы еңбек азаматтары. Еңбек нарығын жұмысшы мамандарсыз елестету мүмкін емес.

Жалпы жұмысшы мамандығына кәсіби бейімдеуді мектепте жолға қойған жөн. Өйткені бала мектепте оқып жүргеннен-ақ келешекте қандай маман иесі болатынын бағамдап, шешім қабылдауы қажет. Жұмысшы мамандығы иелерінің, еңбек адамдарының мәртебесін өсіру ісінде идеологиялық тетік іске қосылуға тиіс. Қоғам болып осы мамандық иелерін дәріптеу үрдісі белең алуы керек. Дәнекерлеуші, токарь, слесарь жыл сайын тапшы мамандықтардың тізімінен түспейді. Өйткені, күнделікті тіршілікте айына 1,5 млн теңге табатын кран машинисі мен әкімдікте 200 мың теңгені қанағат тұтатын маман қатар келсе, мемлекеттік қызметкердің мәртебесі бәрібір биік көрінеді. Осы тұрғыда жұмысшылардың мәртебесін арттыру үшін құндылықтарымызды, жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасымызды өзгерту заман талабы. Отандық нарыққа қажетті мамандарды даярлаған соң, олардың жұмысқа орналасуы¬на да жәрдемдескен жөн. Осы орайда бізге бұрынғыдай бір-ақ жыл оқытатын «техникалық мектеп» үлгісі қажет секілді.

Ол жұ¬мысшылардың алғашқы бас¬палдағы болар еді. Бұрын мектеп бітіре сала техмектепте оқып, белгілі бір мамандықта игеретін. ДОССАФ жанынан жүргізушілікке де оқытты. Жұмысшы мамандықтардың қамын ойласақ, бізге рефор¬маны осыдан бастау қажет. Училищені бітіргендер бұрын міндетті түрде екі жыл бір мекемеде еңбек ететін.

Бүгінде ол да жоқ. Қазір осы тәртіпті кәсіптік-техникалық білім беретін ұйымдарға алып келсек, жұмысшы тапшы деп дабыл қақпаймыз. Өзімізге, мемлекетке жанымыз ашыса, еңбек нарығына нағыз білікті жұмысшыларды даярлауға мән берейік. Қазір жастар жағы такси жүргізушісі немесе курьер болып жұмысшыдан әлдеқайда көп ақша таба алады екен. Бірақ олар өмір бойы курьер болып жүрмейді ғой. Қалай да бір мамандықтың иесі атануы керек емес пе? Еңбек нарығына қолында дипломы бар ғана емес, сапалы, экономиканы өрге сүйрейтін маман қажет. Сол үшін де Президент техникалық және кәсіби білім беру жүйесіне реформа жасау керектігін алға тартты. Оны жүзеге асырсақ жұмысшылар саны артады. Жұмысшы мамандықтары жылында осыны да ұмытпағанымыз дұрыс.

Жұмақай Ғұмаров,

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT