Жемқорлықпен өзге елдер қалай күреседі?

(0 Votes)

Сыбайлас жемқорлық барлық елдерде бар. Оған мән бермей,  мемлекеттік  жүйенің бір бөлігі деп санау халық толқулары мен мемлекет басшыларының жиі өзгеруіне соқтыратынын Венесуэла мен Филиппиннің  тәжірибесі көрсетті. Ұлыбритания, Дания, Скандинавия  мемлекеттері, Сингапур, Малайзия  бұл қауіпті құбылысты  төмендете алды. Десек те, жемқорлық азайған  елдердің үштігінде Қытай, Сингапур, Дания тұр. 

Қытайда ең қатаң заңнама бар — парамен бірге өлім жазасын алуыңыз мүмкін. Си Цзиньпин кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес «Жолбарыстар мен шыбындарды аулау» (ірі және кіші шенеуніктерді) деген атаумен биліктің барлық деңгейлерінде жүрді. Оның мақсаты – жазадан қорқуды енгізу және пара алушыға ешкім көмек  көрсетпейтінін ұқтыру. Бұл елде пара берсе немесе алса — 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырады. Ауырлататын  жағдайда мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаға кесіледі. Мемлекеттік мүлікті ұрласа — өлім жазасы. Егер кінәлі адам сотқа дейін мойындаса және өкінсе, ол жазадан босатылуы мүмкін. 2000 жылдан бастап Қытайда сыбайлас жемқорлық үшін 10 мыңға жуық шенеунік атылды, тағы 120 мың адам 10-20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын өтеуде. Мысалы, соңғы  5 жылда ғана  сыбайлас жемқорлықпен ұсталған 1,34 миллионға жуық шенеунік жазаланды. Аспан  асты елінде  мемлекеттік қызметшілердің  «армиясы»  шамамен 70 млн. адамды құрайды. 

Сингапурда  ХХ ғасырдың 60-жылдарында сыбайлас жемқорлық мемлекеттің бір бөлігі болды. Мысалы, патрульдік полиция күн сайын жүк көлігінің жүргізушілерінен пара  сұраған. Төлеуден бас тартқандарға шексіз айыппұл салған. Қазір мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі мен өкілеттіктері өзгертілді. Барлық шенеуніктер кірістерді ғана емес, шығыстарды да декларациялайды және олар сәйкес келмеген жағдайда тергеу басталады. Бұл ретте қызметкердің туыстары ғана емес, достары да тексеруге жатады. Шенеуніктерге кез келген сыйлықтарды қабылдауға тыйым салынды. Ресми құжаттардағы немесе жария мәлімдемелердегі қателіктер үшін қатаң жаза күтеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат БАҚ-та белсенді түрде насихатталады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты  қылмыстық істерді көпшілік алдында ашық жариялаудың арқасында жосықсыз шенеуніктер өздері ғана емес, сондай-ақ олардың туыстары Сингапурда жұмысқа орналасу мүмкіндігінен айырылады. Елде сыбайлас жемқорлық жағдайларын тергеу бюросы (ЖТБ) құрылған. Бұл құрылым үлкен өкілеттіктерге ие және кез-келген деңгейдегі қызметкерге қатысты тексерулер жүргізе береді. Әр жылдары Мемлекет басшысының, оның отбасы мүшелерінің әрекеттері тергеу объектісіне айналды. ЖТБ-ға күдіктілерді сот шешімінсіз ұстау, кез келген үй-жайға кіру, қосымша рұқсатсыз банктік шоттарды, жеке ақпаратты тексеру құқығы бекітілген. 

Дания жыл сайын сыбайлас жемқорлықтың ең төменгі деңгейі бар үш елдің қатарына кіреді. Сарапшылар мұндай тұрақтылықты Дания заңнамасымен түсіндіреді. Мұнда 20-ға жуық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдар бар. Шенеуніктердің қызметін депутаттар мен азаматтар бақылайды. Парламенттің әрбір мүшесі кез-келген министр туралы ақпарат сұрауға құқылы. Ал, азаматтарға құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, оның ішінде анонимді түрде өздерінің күдіктері туралы хабарлау құқығы берілген. Мемлекеттік қызметшілерге олардың мүдделерін қорғап елге зиян келтірмеу үшін шетелдік компаниялардың акцияларын  алуға тыйым салынады. Сондай-ақ, Данияда шенеуніктердің кірістері туралы жария декларация бар. Ішкі кірістер қызметтері оларды шығындармен салыстырады және барлық сәйкессіздіктерді салықтан бас тарту жағдайлары ретінде зерттейді. Шенеуніктерге сыйлықтар, олардың жеке компаниялардың есебінен демалысы пара ретінде қарастырылады.

Өздеріңіз білетіндей, АҚШ-та  медицина мен білім қымбат, сондықтан халықтың бір бөлігі үшін қолжетімді емес. Ал, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері үшін көптеген жеңілдіктер (зейнетақымен қамсыздандыруды қоса алғанда) қарастырылған. Бірақ, тіпті кішігірім пара да осы артықшылықтардан айырып, жұмысынан қуғызады. Сонымен қатар, жұмыс орнын ауыстырғызып қоймай, мамандығын өзгерттіреді. Сол себепті АҚШ-тағы мамандар мен орта буын басшылар үшін парақорлық  тиімсіз. Грузияның  сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибесінде «Шок терапиясы» әдісі де қолданылды. 2004 жылдың жазында елде 15 мыңға жуық автоинспектор жұмыстан шығарылды, ал жаңа қызметкерлердің жалақылары бірнеше есеге артты. Полиция, денсаулық сақтау, білім беру, кеден, энергетика және газбен жабдықтауда да осылай жасалды. Қазақстанда, Голландияда және Грецияда жемқор шенеуніктерді тұтқындауға халықты тартады. Тәсілі  қарапайым – пара алу жағдайлары туралы хабарлайтындар және осындай қылмыстармен күресуге ықпал ететіндер сыйақыға ие болады. Ынталандыру пара алушының тәбетіне тікелей байланысты ол ашкөз болған сайын, хабарлаушыға  соғұрлым көп ақша тиеді. Мысалы, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыс туралы хабарлаған адам соттың айыптау шешімінен кейін пара немесе залал сомасының 10% -мен марапатталады. 2020 жылы сыйақының ең жоғары мөлшері  10,6 млн теңгені құраған.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521