«Жастар тәжірибесі» - бірегей мүмкіндік

(0 Votes)

2017 жылдан бері күшіне енген өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жаңа бағдарламасында жастарды тегін оқыту және оларды еңбекпен қамтудың мүмкіндіктерін қамтамасыз етудің негізгі тәсілдері қарастырылған.

Соның бірі нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жастарға қолдау танытудың тың тәсілі атанған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы. Алдымен, аталмыш жобаның берері не және жастар үшін қаншалықты тиімді деген сұраққа тоқталайық. Бұл – белгілі бір мамандықты игеріп, қолына жолдама қағаз –  дипломын алған жастардың нарық заманында жұмыс таппай, тауын шағып, сағын сындырмай, бетін қайтармайтын мемлекеттік бағдарлама.  «Жастар тәжірибесі» оқу аяқталғаннан кейін үш жыл мерзім ішінде меңгерген мамандығы бойынша (техникалық және кәсіптік, орта білім мен жоғары оқу орнынан кейінгі) түлектерге арналған. Яғни, жиырма тоғыз жасқа толмаған жұмыссыздар қатысады. Егер жас түлек алты ай тәжірибеден өткен кәсіпорын-ұйымның көңілінен шықса, тұрақты жұмысқа қабылдауға хақылы. Бірегей мүмкіндікті жастар қалт жібермеуде. Өйткені, бұл – тұрақты жұмыспен қамтылуына жасалған алғашқы қадам. Бұған жас мамандар ғана емес мемлекет те мүдделі.

Аталған жоба ауданымызда қалай жүзеге асып жатқанына тоқталсақ, 712 жоғары немесе арнаулы оқу орнын бітірген жас мамандар алған мамандықтары бойынша жастар тәжірибесінен өтіп, кәсіби біліктіліктерін шыңдаған. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Базарбай Өтеулиевтің айтуынша, олардың қазіргі таңда 60 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Биыл 37 жас жұмыс берушімен келісімшартқа отырды.

- Жастар арасында жұмыссыздықты жою, оларға қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Білім алуды енді аяқтаған жастарға тәжірибе ауадай қажет. «Жастар тәжірибесі» арқылы білім-білік жинауға мүмкіндік мол. Әрбір жас түлек өзінің қарым-қабілетінің арқасында ел үшін еселі еңбек ете алады. Бағдарламадан өту үшін халықты жұмыспен қамту орталығына барып, өтініш беру қажет. Осыдан соң, бос жұмыс орындары бойынша (жасалынған еңбек шартының мерзімі біткенге дейін) жұмыс беруші мен «жастар тәжірибесінің» қатысушысы екеуара келісімге келеді. Республикалық немесе жергілікті бюджеттерден субсидиялаудың бір айдағы мөлшері 25 айлық есептік көрсеткішті (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмағаннн еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескергенде) құрайды. 25 айлық есептік көрсеткіш, бұл қазір – 72 925 теңгені құрайды, яғни сол көлемде еңбекақы төленеді. Жыл аяғына дейін 108 адамды тәжірибеден өткізу жоспарымызда бар. Қазір оқуды ойдағыдай аяқтап, дипломын қойнына қысқан түлектердің бәрі бірдей еңбекке араласып кетуі екіталай. Сондықтан, мамандығын алған түлектер бізбен келісімшартқа отырып, алғашқы еңбек жолдарын бастап, болашақ қызметіне біраз тәжірибе жинауына мүмкіндік молынан екенін қаперлеріңізге бергіміз келеді, - дейді орталық директоры Базарбай Өтеулиев. 

Қазір қолында дипломы бар, бірақ мамандығына сай қызмет таппай жүргендер қаншама. Аталмыш жоба екі қолға бір күрек таба алмай сенделген жастарға зор мүмкіндік сыйлайды. «Жастар тәжірибесін» уақытша еңбек ету алаңы десек те, жас маманның қызметіне машықтануына мүмкіндік мол. Олай болса, кез келген жасқа ел үшін еңбек етіп, жарқын жетістікке жетуге әбден болады.

А.Шакупова 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521