Жарқын болашақтың бастауы

(0 Votes)

Қоғамның даму деңгейі ең алдымен сәбидің саулығы мен оның қабілетін қаншалықты ерте байқап, қолдауға байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, ерте қолдау орталықтары – ерекше қажеттілігі және дамуында кемшілігі бар балаларға көрсетілетін ең маңызды әлеуметтік қызметтердің бірі.

Мамандардың айтуынша, нәресте үш жасқа толғанша оның миы мен жүйке жүйесі барынша қарқынды дамиды екен. Сол уақытта байқалған кез келген ауытқу дер кезінде түзетілсе, баланың болашақта толыққанды өмір сүру мүмкіндігі едәуір артады. Сондықтан мұндай орталықтардың басты миссиясы – кеш қалмау.

Жуырда өткен «Ерте қолдау – жарқын болашақ кепілі» тақырыбындағы форум балаларды ерте жастан қолдау мен оңалту мәселесіне арналды. «Болашақ К» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, «Атырау облысында үш жасқа дейінгі балаларды ерте оңалту» жобасы аясында өткен басқосу сала мамандары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдерін бір ортаға тоғыстырды.

Форумның ашылуында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Болашақ К» қоғамдық қоры арасында жасалған меморандум аясындағы стратегиялық әріптестікке ерекше назар аударылды. Әлеуметтік мәселелерді шешуде ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа алып келе жатқан қордың ұйымдастырушылық, әдістемелік және сараптамалық қолдауы жоғары бағаланды.

Сөз сөйлеген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жанғалиева балаларды оңалту жүйесінің қазіргі жай-күйіне тоқталды.

– Бүгінгі форум – сәбилерге көрсетілетін ерте және кешенді оңалту көмегін дамытуға жаңа серпін береді. Облыста бүгінде 279 мыңға жуық бала бар. Соның ішінде шамамен 5 мың баланың мүгедектігі бар. Бұл – біз үшін аса жауапты бағыт, — деді Әлия Ғимранқызы.

Оның айтуынша, өңірде балаларды оңалтумен бірнеше мекеме жүйелі шұғылданады. Қалалық перзентхана базасындағы үш жасқа дейінгі балаларға арналған «Қамқорлық» ерте оңалту орталығы, облыстық балалар ауруханасы жанындағы 3-17 жас аралығындағы балдырғандар үшін оңалту бөлімі, Геолог шағынауданындағы №6 қалалық емхана базасында жұмыс істейтін «Мейірім» амбулаторлық оңалту орталығы – соның айғағы. Аудандардағы барлық емдеу-сауықтыру мекемелерінде де бүлдіршіндерге арналған оңалту бөлімі бар.

– Жуырда Құлсары қаласынан да жаңа оңалту бөлімшесі ашылады. Барлық орталық заманға сай құрал-жабдықпен қамтылып, кедергісіз орта қалыптасқан. Мұнда көп салалы кешенді көмек көрсететін командалар жұмыс істейді, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Бала мүмкіндігін ашатын кезең

Форумның негізгі өзегі – ерте араласу және ерте оңалту ұғымы. Мамандар ерте араласу – баланың дені сау дамуына қаланатын ең берік негіз екенін айтады. Дер кезінде жүргізілген диагностика мен оңалту дамуындағы ауытқуларды бірден анықтап, қажетті көмекті кешіктірмей көрсетуге мүмкіндік береді.

– Ерте араласу мүгедектік қаупін азайтып қана қоймай, баланың қабілетін толық ашуға, ал отбасылардың өмір сапасын жақсартуға жол ашады, — деді «Болашақ К» қоғамдық қорының директоры Жібек Бисенова.

Халықаралық тәжірибеде бұл тәсілдің тиімділігі әбден дәлелденген. Ерте диагностика, пәнаралық көзқарас және отбасының белсенді қатысуы баланың қимыл-қозғалысын ширатып, ортаға бейімделуін жеңілдетеді. Осындай тәжірибеге сүйене отырып, қор осыдан дәл үш жыл бұрын облыста ерте араласу және ерте оңалту жобасын бастаған болатын. Бастапқыда бұл жоба ауқымды нәтижелерге қол жеткізіпті. Баланың дамуындағы кемшілікті ерте анықтау мақсатында 871 балдырған кешенді диагностикадан өткен. Соның нәтижесінде 328 баланың даму ерекшелігі анықталып, олар «Болашақ К» оңалту орталығынан кешенді оңалту көмегін алған. «Ең басты көрсеткіш – оңалтуды ерте бастаған балалардың 80 пайызында оң нәтиже байқалды», — дейді жоба үйлестірушісі.

Ата-аналарды қолдау бағытында да 220 ата-ана мен 35 отбасыға үй жағдайында оңалту қызметі көрсетіліп, ата-аналарға баламен жұмыс істеудің тиімді әдістері үйретілген. «Болашақ» қорының екі маманы республика Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Инклюзивті білім беруді дамытудың ерте жастағы ұлттық ғылыми-практикалық орталығында біліктілікті арттыру курсынан өткен.

Қазір ерте қолдау қызметі отбасына бағдарланған модель бойынша жүзеге асып отыр. Яғни, «тек баламен жұмыс» форматынан «отбасымен бірге, күнделікті өмір жағдайында жұмыс істеу» тәсіліне көшіпті.

Ерте қолдаудың төрт тірегі

Ерте қолдау қызметі халықаралық жіктемелерге сүйене отырып, баланың өзіндік дербестігін қалыптастыру, ата-ана мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты нығайту, баланың әлеуметтенуіне жағдай жасау, ата-аналардың құзыреттілігін арттыру секілді төрт негізгі бағытта іске асырылады екен. Бұл тәсіл ата-анаға тек қызмет алушы ретінде емес, сәбиінің дамуындағы тең құқылы серіктес болуға мүмкіндік береді.

Алқалы жиында саладағы негізгі мәселелерге де маңыз берілді. Солардың бірі – балалардың уақытынан кеш қалуы. Ата-аналар көбінесе қызметтің бұл түріне балалары 2,5 жастан асқан соң ғана келеді екен.

– Бұл кезде ата-ана кеш қалуы да мүмкін. Проблеманы шешу үшін ата-аналарды ақпараттандыру күшейтіліп, «Малахит» жүйесінде «Ерте қолдау қызметтері» терезесі енгізілген. Енді әйелдер кеңестері мен балалар емханаларымен профилактикалық ынтымақтастықты арттыру жоспарланып отыр. Әр баланың бастапқы мүмкіндіктеріне қарамастан, сапалы сүйемелдеуге құқығы бар, — деді облыстық білім беру басқармасына қарасты психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің басшысы Айнұр Иманғалиева.

Форум қорытындысында ерте қолдау қызметінің балалық шақтағы мүгедектіктің алдын алу және баланың ортаға тез бейімделуіндегі ең тиімді тетіктердің бірі екені тағы бір мәрте аталып өтті. «Ерте қолдау – жарқын болашақ кепілі» форумы тәжірибе алмасуға, тиімді шешімдерді талқылауға және балалардың болашағы үшін күш біріктіруге бағытталған маңызды алаң ретінде өз мәресіне жетті.

Орындалған армандар

«Ана болу – әрбір әйелдің жүрегінде тербелген ең асыл, ең қастерлі арман. Алайда тағдыр бұл бақытты баршаға бірдей бір сәтте сыйлай бермейді. Кейбір әйелдер үшін ана болу жолы – сабыр мен сенімді, үміт пен төзімді талап ететін ұзақ та күрделі сын.

Мен – сол сынақтан өткен, сәби сүю бақытына жету үшін жылдар бойы күрескен аналардың бірімін. Уақыт өте келе балаға деген сағыныш жанның ең нәзік қылын шертіп, әр күніміз үміт пен күдікке толы өтті. Жылдар бойы сәби иісін аңсап, түрлі ем-домның табалдырығын тоздырдық. Зор үмітпен барған әр қабылдау кейде нәтижесіз болып, көңілге қаяу түсіретін. Сондай сәтте сананы сан сұрақ мазалайды: «Неге тек біз?..», «Бұл қуаныш қашан бұйырады?..»

Бірақ қандай тауқымет шексе де, жүректегі ана болу арманы өшкен емес. Үміт – ең соңғы сөнетін шырақ. Сол үміт бізді қайта тұрғызды, алға жетеледі…»

Бұл – атыраулық Ұлбике Сәтжанқызының (есімі өзгертілген) бізбен әңгіме барысында айтқан жан сыры. Ұзақ жыл бойы ұрпақ сүюді армандап, талай сынақтан өткен ерлі-зайыптылар үшін дәл осындай сындарлы сәтте мемлекет тарапынан қолға алынған «Аңсаған сәби» бағдарламасы үміт шамына айналды. Бұл – тек медициналық жоба емес, мыңдаған отбасының тағдырына араша болған, аналық бақытқа бастар даңғыл жол.

Ұлбике бағдарлама аясында экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) процедурасынан өтіп, көптен күткен бақытына қол жеткізген.

– Бағдарламаның алғашқы күнінен-ақ дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен адами жанашырлығын сезіндім. Әрбір тексеру, әрбір кеңес үмітімізді еселеп, сенімімізді бекемдеді. Менің жанымда болып, арманымның ақиқатқа айналуына себепкер болған №7 Атырау қалалық емханасының дәрігерлеріне айтар алғысым шексіз. Солардың арқасында көптен күткен сәт те келді. Жүрегімнің астында бір өмірдің бүлкілдеп жатқанын сезіну – тілмен айтып жеткізе алмайтын бақыт. Ал қолыма сәбиімді алғаш алған күнім тағдырымдағы ең қастерлі сәт болып мәңгі есте қалды. Енді мен – анамын. Бұл бақытқа қол жеткізуіме себепкер болған «Аңсаған сәби» бағдарламасына, ақ халатты абзал жандарға және осындай игі бастаманы жүзеге асырған мемлекетке шексіз алғысымды білдіремін, — дейді ол.

Көптен күткен бақыт бұл…

Қазақы танымда сәби – шаңырақтың шырағы, отбасының берекесі, ұлттың ертеңі. Алайда соңғы жылдары бедеулік дерті көптеген отбасының жан жарасына айналып, перзент сүю арманға айналып бара жатқаны жасырын емес. Осындай күрделі әлеуметтік-медициналық мәселені шешуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі – «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы. Бұл жай ғана медициналық бағдарлама емес, мыңдаған отбасының тағдырын ашып, келешегіне үміт ұялатқан жүйелі қолдау.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрайым Маханованың айтуынша, 2021-2025 жылдар аралығында Атырау облысында осы бағдарлама негізінде ЭКҰ әдісі арқылы 500-ге жуық әйел сәтті босанып, жүздеген шаңырақтың сәби сүю арманы ақиқатқа айналған.

– 2025 жылы да бағдарлама өз жалғасын тапты. Биыл ЭКҰ процедурасынан өткен 44 әйел жүктілікке қол жеткізді. Қазір олардың басым бөлігі – жүктілікті бақылау мен ем қабылдаудың белсенді кезеңінде. Медициналық тәжірибеге сүйенсек, бұл алдағы айларда жаңа туған нәрестелер санының артуына негіз болады, — дейді ол.

Бағдарламаның басты артықшылығы – бедеулік диагнозы қойылған ерлі-зайыптыларға жоғары технологиялы медициналық көмектің тегін әрі қолжетімді болуы. Бұрын тек жеке клиникалардағы қомақты қаражатты талап ететін қызмет – ЭКҰ процедурасы бүгінде мемлекет есебінен жүзеге асып отыр.

Жеті есе артық мүмкіндік

Елде бала сүюді аңсап жүрген ерлі-зайыптылардың саны азаймай отырғаны – демографиялық тұрғыдағы аса өзекті мәселе. Осыны ескерген медицина мамандары мен қоғам өкілдері ЭКҰ-ға бөлінетін мемлекеттік квота көлемін арттыру туралы ұсынысты бірнеше жыл бойы көтеріп келді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылдан бастап жасанды ұрықтандыруға бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе артты. Бұл жылдар бойы бала күткен отбасылар үшін тарихи шешім болды.

Республика Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, соңғы 35 жылдай уақыттан бері 30 мыңнан астам сәби ЭКҰ әдісі арқылы дүниеге келген.

– Бұрын бұл тәсілге жүгінген отбасылар 5-10 жылдап кезек күтетін. Президенттің шешімімен квота саны жеті есе артты. Соның нәтижесінде кейінгі үш жылда 7 мыңнан астам сәби өмірге келді. Мемлекеттің ертеңі – бүгінгі балалар, — дейді министр.

Ресми деректерге сүйенсек, бағдарлама іске асқалы бері 21 мың әйелге медициналық көмек көрсетілген. Соның 8 мыңға жуығы ЭКҰ арқылы бала көтерген. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әлі де 30 мыңға жуық әйел ана атану бақытына жете алмай отыр.

МӘМС – зор мүмкіндік

Бүгінде елде жасанды ұрықтандырумен айналысатын 31 орталық жұмыс істесе,  оның 19-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы қаржыландырылады. Енді ЭКҰ-ға жүгінуді жоспарлаған отбасыларға бұрынғыдай квота кезегін жылдап күтудің қажеті жоқ. Демек МӘМС жүйесінің бағдарламаға қосқан үлесі қомақты.

Қордың Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнұр Стамғалиева «Экомед-Атырау» ЖШС жүйенің негізінде бөлінген қаражатты мақсатты әрі тиімді игеріп отырғанын атап өтті.

– 2025 жылға арналған жоспар толық орындалды. Жоспарға сәйкес, «Экомед-Атырау» ЖШС МӘМС жүйесі арқылы 120 жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетуге 147 миллион 850,7 мың теңге көлемінде келісім-шарт жасасқан. Жыл қорытындысы бойынша сол қаражат өз мақсатына түгелдей игерілді, — деді ол.

Оның айтуынша, биыл қаңтар мен ақпанға арналған жоспар да айқын. Екі айда «Экомед-Атырау» серіктестігі жүйе аясында жоспарланған ересектерге арналған мамандандырылған медициналық көмек бойынша 11 қызмет үшін 13 миллион 553 мың теңге қарастырылған. Бұл медициналық мекеменің алдағы кезеңге де нақты жоспар, тұрақты қарқынмен қадам басып отырғанын көрсетеді.

Атап өту керек, өңірде экстракорпоральды ұрықтандыру қызметін көрсететін негізгі орталық ретінде «Экомед-Атырау» мақсатты бағыттағы жоғары технологиялы медициналық көмекті айрықша қарқынмен дамытып келеді. Десек те «Экомед» клиникалар желісінің ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова қазір бағдарламаға белсенді қатысып отырған 4 клиниканы ерекше атап өткен еді. Олардың қатарында «Экомед-Астана» көш бастап тұр.

Сөз түйіні:

«Аңсаған сәби» – мыңдаған отбасының үмітін қайта жаққан, тағдырын түбегейлі өзгерткен, елдің демографиялық болашағына нақты серпін берген өміршең әлеуметтік жоба. Бұл – қағаз жүзіндегі жоспар емес, көз жасын қуанышқа айналдырған, аналық арманды ақиқатқа айналдырған мемлекеттік саясаттың айқын көрінісі.

Дүние есігін ашқан әрбір сәби – ел ертеңіне қосылған баға жетпес үлес. Ал сол өмірге жол ашқан «Аңсаған сәби» – қоғамның ең нәзік те қастерлі сұранысына берілген парасатты жауап, ұлт келешегіне салынған ең қымбат инвестиция.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суреттер: gov.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT