АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның барлық дерлік аймағында мәслихаттар шағын және орта бизнес үшін салық мөлшерлемесін төмендетті. Бұл құқықты елдегі аудандар мен қалалардың 82% пайдаланған. Бірақ нақты қай салық туралы сөз болып отыр және мөлшерлеменің азаюы кәсіпкерлерге қандай мүмкіндік береді — Kazinform агенттігі анықтап көрді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Онда арнайы салық режимдері (АСР) жүйесі жаңартылып, миллиондаған өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, кәсіпкерлер мен фермерлер үшін барынша жеңіл әрі түсінікті бола түскен.
Бұрын мұндай режимдер жетеу болса, енді олардың саны үшке қысқарады. Ең бастысы — өңірлерге салық мөлшерлемесін өз бетінше реттеу құқығы берілді. Дәл осы себепті елдің басым бөлігі төмендетілген салық салу жүйесіне көшті. Сарапшылардың пікірінше, бұл соңғы жылдардағы шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған ең ауқымды қадамдардың бірі.
«Жүйе тым күрделі болды, бизнес оны түсінбеді»: Арнайы салық режимі неге қысқартылды
Бұрынғы салық режимдері жүйесі көптен бері сынға ұшырап келді. Патент, мобильді арнайы салық режимі, бөлшек салық, «оңайлатылған» режим, фермерлерге арналған ерекше режимдер
— әрқайсысының өз ережелері, есептілігі мен жеке лимиттері болды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қай режимді таңдау керегін түсінбеді, кәсіпкерлер шатасты, ал салық органдары ережелерді қайта-қайта түсіндіруге мәжбүр болды. Жаңа кодексті әзірлеушілер дәл осы мәселені шешуді көздеді.
— Жылдар бойы жүйе бірін-бірі қайталайтын режимдермен «толып кетті». Кәсіпкерлерге бағдар алу қиын болды. Жаңа кодекс арнайы салық режимдері санын үшке дейін қысқартты. Енді әрқайсысының логикасы түсінікті: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға — бір режим, шағын бизнеске — екінші, фермерлерге — үшінші, — деп түсіндірді ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті.
Бұл реформа түсініспеушіліктерді жойып, әкімшілік жүктемені азайтуы қажет. Енді кәсіпкер қай санатқа жататынын, қандай салық төлейтінін және қалай есеп беретінін нақты біледі.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар салықты қалай төлейді?
Ең ауқымды өзгерістер өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға — шебер, репетитор, қолөнерші, жүргізуші, кондитер, фотограф секілді жеке еңбек ететін азаматтарға қатысты болды. 2026 жылы олар үшін патент пен мобильді қосымшаны біріктіретін бірыңғай режим енгізілді.
Негізгі өзгеріс — жеке табыс салығы 0% мөлшерінде белгіленуі. Алғаш рет өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бұл салықтан толық босатылады. Олар тек 4% мөлшеріндегі әлеуметтік аударымдарды төлейді, ал есептілік мүлде талап етілмейді.
Оған қоса, салықты мобильді қосымша арқылы төлеуге болады, салық органына барудың қажеті жоқ.
— Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бұл өте үлкен артықшылық. Көпшілігі салықтар мен қағазбастылыққа байланысты жеке кәсіпкер ретінде тіркелуден қорқатын. Қазір еш кедергі жоқ: мөлшерлеме — 0%, есептілік жоқ, бәрі мобильді қосымша арқылы жүргізіледі. Бұл шешім миллиондаған адамды көлеңкелі сектордан шығаруға бағытталған, — дейді ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы орынбасары Асхат Жебетаев.
Шарттары да қарапайым: жалдамалы жұмысшылар жоқ, айлық табыс — 300 АЕК-ке дейін, ал қызмет түрі ресми тізімге кіруі тиіс.
Фермерлерге жеңілдетілген режим сақталады
Шаруа қожалықтары үшін салық реформасы түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ және бұл принципті түрде қабылданған шешім болды. Мемлекет ауыл шаруашылығы экономиканың ең осал, бірақ стратегиялық маңызы бар салаларының бірі екенін ескеріп, ондағы 0,5% мөлшеріндегі арнайы салық режимін сақтап қалды.
Бұл режим өз аграрлық өнімін өндіру мен қайта өңдеуге қолданылады және бұрынғыдай фермерлерді жер салығынан, мүлік салығынан, көлік салығынан және қожалық қызметі бойынша әлеуметтік салықтан босатады.
Негізінен, бұл шаруалар үшін барынша қолайлы шарттарды — есептілікті күрделендірмей және фискалдық жүктемені арттырмай сақтап қалу деген сөз. Сарапшылар реформаның мақсаты фермерлерді жалпы салық тәсіліне «икемдеу» емес, керісінше оларға тұрақтылық мүмкіндігін беру екенін айтуда.
— Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін мөлшерлеменің төмен болуы емес, оның өзгермей, түсінікті болуы маңызды. 0,5% мөлшерлеме фермерлерге жұмысын алдағы жылдарға жоспарлауға, техникаға, тұқымға инвестиция салуға, шаруашылықтарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Ел бойынша жүздеген мың фермер үшін бұл даму мен Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігі, — дейді ШҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова.
Жеңілдетілген режимнің сақталуы климаттық сын-қатерлер, жанар-жағармай мен логистика бағасының өсуі кезінде ерекше маңызды. Мамандардың пікірінше, басқа салаларға қарағанда агробизнес ауа райы мен жыл маусымына тікелей тәуелді, сондықтан салық жағынан қауіпсіздікті қажет етеді.
Осылайша, жаңа Салық кодексі ауыл шаруашылығы саласында эксперименттерге емес, тұрақтылыққа басымдық береді. Мұндай түбегейлі өзгерістердің болмауы — мемлекеттің саналы шешімі болған сирек жағдайлардың бірі.
Оңайлатылған декларация — шағын және орта кәсіптің басты режимі
Кәсіпкерлердің басым бөлігі дәл осы оңайлатылған режимде жұмыс істейді. Ол жылдық табысы 2,5 млрд теңгеге дейінгі шағын бизнеске арналған және салықты жылына екі рет төлеуге мүмкіндік береді. Енді бұрынғы «оңайлатылған» режим мен «бөлшек салық» біріктіріліп, оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режиміне айналды.
Ең басты жаңалық — мөлшерлеме енді тұтас ел бойынша бірдей болмайды. Мәслихаттарға оны өз бетінше реттеу құқығы берілді. Заң бойынша мөлшерлеме — 4%, алайда әр өңір оны 2%-ға дейін төмендете алады. Дәл осы шешім ел көлемінде өзгерістер толқынын бастады.
Amanat партиясы жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі үйлестіру кеңесінің мәліметінше, елдегі мәслихаттардың 82%-ы арнайы салық режимі мөлшерлемесін төмендету құқығын пайдаланды. Оның үстіне бірде-бір өңір мөлшерлемені көтерген жоқ.
— Біз шағын бизнес үшін 4% орнына 2% айырмашылығы орасан екенін түсінеміз. Бұл — адамның жұмысын жалғастыра ма, әлде кәсібін жаба ма, соны шешетін айналым қаражаты. Сондықтан біз бірауыздан мөлшерлемені 2%-ға дейін төмендетуді қолдадық, — дейді Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Андрей Ливеринов.
Депутаттың пікірінше, мөлшерлеменің төмендеуі бюджет кірістерін азайтпайды, керісінше салық базасын кеңейтеді — көлеңкеде жүрген кәсіпкерлер көбірек заңды айналымға шығады. Экономистер де мұны растайды: мөлшерлеме төмен болған сайын бизнес ресми жұмыс істеуге ынталы болып, айналым өседі, соның нәтижесінде салық түсімдері де артады.
Жаңа кодекстен бизнес не ұтады
Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлерге бірден бірнеше маңызды артықшылық береді. Салық жүктемесі азаяды, айналым қаражаты көбейеді, есептілік жеңілдейді, ал қате жіберу мен айыппұл қаупі төмендейді.
Мұның бәрі бизнесті көлеңкеден шығуға, заңды түрде жұмыс істеуге және дамуын айларға емес, жылдарға жоспарлауға ынталандырады. Мемлекет жаңа салық архитектурасының басты нәтижесін осылай болжап отыр.
— Шағын және орта бизнес үшін бұл соңғы жылдардағы ең маңызды реформалық пакеттердің бірі. Ең бастысы — өңірлер нақты түрде мөлшерлемеге ықпал ету құралын алды. Біз оның нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз: бизнес салықтан қорқуды қоя бастады, — деп түйіндеді облыстық мәслихаттың хатшысы Денис Рыпаков.
Сонымен бірге, мына жайтты да ескерген жөн: бұрынғы режимдер жойылады, демек әрбір кәсіпкер өзіне қай режим сәйкес келетінін алдын ала анықтауы қажет. Ол үшін 2026 жылғы 1 наурызға дейін тиісті хабарлама тапсыруы керек.
Мұны жасамағандардың барлығы автоматты түрде есептен шығарылады немесе жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданушы деп танылады.
Бұған дейін 2026 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген жаңа Салық кодексінің негізгі өзгерістерін түсіндірген едік.


