Заңсыз балық аулаған білдей шенеуніктер ұсталды

(0 Votes)

Ақтөбеде балық аулаймыз деп Ырғыз Торғай мемлекеттік табиғи резерватына заңсыз кірген лауазымды тұлғалар анықталып, қызметтік тексеріс басталды.

Ерекше қорғалған аумаққа рұқсатсыз кірген білдей шенеуніктер Ырғыз аудандық сотының төрағасы Ерлан БАҚЫТЖАН, прокурор Айдос САҒЫНДЫҚОВ және Әйтеке би ауданының әкімі Мәди САҒЫНДЫҚОВ болып шықты.

Инспекция қызметкерлері ұсталғандардан он келідей шортан, қармақ және мұз оятын құрал тәркілегендерін айтады.

«Үшінші қаңтар күні табиғатты қорғау шараларын жүргізу мақсатында Ырғыз ауданында ерекше қорғалған аумақта заңсыз кіргені үшін жеті тұлға ұсталды. Оларға қатысты 380 баппен көзделген әкімшілік іс қозғадық. Ерекше табиғи аймаққа заңсыз кіргені үшін. Соның ішінде бір тұлғаға іс қозғалды. Заңсыз балық аулағаны үшін тиісті шаралар қолданды. Әкімшілік айыппұл салынды», - дейді Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Әнуарбек БЕРМАҒАНБЕТОВ.

Осылайша жаңа жылдың демалысында балық аулауға шығып, өздері ауға түскен шенділер әзірге әкімшілік жауапкершілікпен құтылуда.

Ерекше қорғалған аумаққа рұқсатсыз кірген лауазымды қызметкерлер әзірге өз қызметтерінде жүр. Алайда облыстық әкімдіктегілер Әйтеке би ауданының әкімі Мәди Сағындықовтың экс әріптестерімен бірге балық аулауға барған, бармағаны туралы нақты айтпай отыр. Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі бірнеше атышулы істерге төрағалық еткен Ерлан Бақытжанның үстінен қызметтік тексерістің басталғанын мәлімдеді.

Облыс прокурорының көмекшісі болса қорыққа барған әріптесін балық ауламаған деп отыр. Сөзінше ол ұсталған кезде ауланған балық табылмапты.

Құқық қорғау саласында он жылдан бері қызмет ететін Айдос Сағындықовтың ендігі еңбек жолы қызметтік тексерістен кейін белгілі болады дейді.

«Осы дерек бойынша Сағындықов Айдос әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Анықталған кезде аудан прокурорында балық анықталмаған. Оның әрі қарай қызметте қалу қалмауы қызметтік тексерістен кейін белгілі болады. Ал қазір Сағындықов Ырғыз ауданында өз қызметінде жүр», - деді Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен ЕЩАНОВ.

zhasalash.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521