«Уақыт өте шыңдалып, тәжірибем де толысты» дейді бөлімше командирі Мырзабек Өтешқалиев

(0 Votes)

Өрт сөндіруші – әлемдегі ең қиын әрі аса жауапкершілікті мамандықтардың бірі.

Бұл салада қызмет ету үшін тек дене күші ғана емес, жүрек күші, батылдық пен табандылық қажет. Себебі тілсіз жау–салғырттықты кешірмейтін, әр секунд бағалы болатын қатерлі құбылыс. Оқыс жағдай орын алғанда шалт қимылдап, дұрыс шешім қабылдай білу – әр өрт сөндірушінің басты міндеті. Осындай сын сәтте алдыңғы шепте жүретін жандардың бірі – бөлімше командирі Мырзабек Өтешқалиев.

 Мырзабек Тілекқабылұлы – аудандық төтенше жағдайлар бөліміне қарасты №6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты. Ол бұл салада 2016 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қарапайым қызмет түрі боп көрінгенімен, атқарар міндеті ауыр. Кейіпкеріміз тек өртті сөндірумен шектелмей, жеке құрамның дайындығын арттыру, кез келген шақыртуға сақадай сай болу бағытында жұмыс істейді.

Аудан аумағында түрлі оқиғаларға жиі шақырылатын да – дәл осы бөлім. Міне, осы орайда аталған бөлімнің үздік қызметкері яки кейіпкерімізбен сұхбаттасудың сәті түсіпті.

 – Мырзабек Тілекқабылұлы, алдымен өзіңізді оқырманға таныстырып өтсеңіз. Жалпы, бұл саланы таңдауға не себеп болды? – Иә, орынды сұрақ.

 Бұл салаға деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Өрт сөндіруші болу бала күнгі арманым еді. Уақыт өте сол арман шынайы мақсатқа айналып, бүгінде осы жауапты қызметте адал еңбегіммен нәпақамды тауып, отбасымды асырап отырған жайым бар. Өзім туралы айтар болсам, 1991 жылы Аққыстау ауылында дүниеге келдім. 1998 жылы Хамит Ерғалиев ауылындағы Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектебінің алғаш рет табалдырығын аттап, бастауыш білімді сонда алдым. 2002 жылы Аққыстау орта мектебіне ауысып, негізгі білімімді осы оқу ордасында аяқтадым. Мектептен соң Атырау инженерлік-гуманитарлық институтына оқуға түсіп, құқықтану мамандығы бойынша білім алып шықтым. Оқуымды тәмамдағаннан кейін азаматтық міндетімді орындау мақсатында Петропавл қаласында әскери борышымды өтедім. Әлі күнге дейін есімде – 2016 жылдың 15 тамызында аудандық №6 өрт сөндіру бөліміне радио-телефоншы болып алғаш еңбек жолымды бастадым. Әрине, кез келген салада болатын секілді, бұл жұмыстың да өз қиындығы бар екені жасырын емес. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, батылдық пен төзімді талап ететін осынау қызметте уақыт өте шыңдалып, тәжірибем артты. Қазіргі таңда бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты қызметін атқарып келемін. Көзді ашып-жұмғанша, осы салада табан аудармай еңбек етіп жүргеніме де 9 жыл өтіпті.

 – Тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін үйрету қалай ұйымдастырылады?

 – Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Ең алдымен біз өрттің жиі кездесетін негізгі себептерін халыққа нақты түсіндіреміз. Солардың ішінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау алдыңғы орында тұр. Газ құрылғыларын дұрыс пайдаланбау, электр ток көздерін қараусыз қалдыру, сондай-ақ қазіргі уақытта жиі байқалатын – мобильді телефондарды ұзақ уақытқа, әсіресе түнгі уақытта зарядта қалдыру да үлкен қауіп төндіреді. Құрылғылар қызып кету арқылы төтенше жағдайға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты біз тұрғын үйлерге барып, қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде профилактикалық әңгімелер жүргіземіз, нұсқаулықтар таратамыз, түсіндіру шараларын жиі ұйымдастырып отырамыз.

– Мектептер мен басқа да мекемелерде профилактикалық іс-шаралар өткізіле ме?

 – Иә, мектептер мен түрлі ұйымдарға арнайы барып, профилактикалық шаралар жиі өткізіліп тұрады. Өрт қауіпсіздігі ережелері, өрттің алдын алу талаптары, төтенше жағдайда дұрыс әрекет ету жөнінде түсіндіріледі. Сонымен қатар бөлімшемізде «Ашық есік күндері» ұйымдастырылып, мектеп оқушылары біздің жұмыс барысымен танысады, техникалар мен құрал-жабдықтарды көріп, маңызды мағлұмат алады.

– Соңғы жылдары ауданда өрт оқиғалары жиілеген жоқ па? Негізінен қандай жағдайлар жиі тіркеледі? Тұрғындардың жиі жіберетін қателіктері қандай?

 – Соңғы жылдары өрт фактілері біршама азайды деуге болады. Бұл – тұрғындар арасында жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесі. Дегенмен, тұрмыстық себептерге байланысты өрттер әлі де кездеседі. Әсіресе қыста жылыту құралдарын дұрыс пайдаланбау, электр желілерінің қысқа тұйықталуы, ашық отты абайсыз қолдану төтенше жағдайға әкелуі мүмкін. Тұрғындардың көпшілігі өрт шыққан сәтте өз күшіне сеніп, жалынды өздері сөндірмек болады. Бұл – ең үлкен қателік. Ең алдымен адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дереу «101» немесе «112» нөміріне хабарласуы керек. Сонымен қатар құжаттарды, бағалы заттарды жинау үшін уақыт жоғалту да қауіпті.

 – Өрт сөндіру қызметінде жұмыс істеу қаншалықты қиын? Күнделікті жұмыстың ерекшелігі неде?

 – Бұл – жауапкершілігі өте жоғары сала. Басында жұмысқа жаңадан келген қызметшіге, әрине, қиын болады.Уақыт өте келе тәжірбие жинап, әртүрлі жағдайларды өз көзімен көріп, кәсіби шеберлігін арттырады.Біздің қызметтің ерекшелігі – кезекшілікке бекітілген кесте бойынша жұмыс істеуіміз.Талап пен тәртіп те бірге жүрсе, істің алға басуы әлдеқайда оңайырақ. Әр шақырту – белгісіз жағдай, белгісіз қауіп. Команданың алдағы әрекетін тез бағамдап, жылдам шешім қабылдау қажет. Сондықтан біздің мамандықта тәртіп, ептілік, батылдық және бір-біріне деген сенім өте маңызды. – Қызмет барысында ең есте қалған шақыртулардың бірі туралы айта аласыз ба?

– Мен өзім қатысқан оқиғаларда өртті өзім жеке сөндірген немесе жеке адамдарды шығарып көрген жоқпын. Мен бекітілген ауысымда кезекшілік бойынша жұмыс істеймін, апат кезінде әріптестер бір-бірін тексеріп, қажет болса көмек көрсетеді.Кейде әртүрлі пікірлер естейміз, ренжитіндер де болады, бірақ бұл өмірде де жиі кездесетін жағдай.Өрт сөндіруші ретінде судың бар-жоғын әрдайым тексереміз және ешқашан сусыз барған жағдайлар болған емес. Әрбір шақырту өзінше есте қалады, кейде ондай жағдайларды еске алғанда бойда қорқыныш сезімі де қатар жүретіні бар. Мұндай сәттер адамның жауапкершілік сезімін одан әрі арттыра түседі.

 – Болашақта осы салаға келгісі келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен, дене дайындығы мықты, төтенше жағдайларда тез әрекет ете алатын, батыл болуы керек. Әрдайым оқып, үнемі үйренуге дайын болу қажет. Бұл – халықтың өмірі мен мүлкін қорғауды талап ететін өте абыройлы, бірақ жауапкершілігі ауыр қызмет.

 – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT