«Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді.
Біз мұнымен шектелген жоқпыз. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды.
Сондай-ақ Мәжілістің бір топ депутаты халыққа Жолдауымның аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр», деді ел Президенті.