ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Украинадағы қақтығыстың ел экономикасына әсері мәселесі қаралды.
Қаржы нарығындағы қазіргі жағдай туралы ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндады. Ұлттық Банк Төрағасының айтуынша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылады. Ресей Федерациясы – біздің негізгі сауда әріптесімізге жатады, оның үлесіне Қазақстан импортының 42%-ы тиесілі. Осыған байланысты геосаяси жағдайдың шиеленісуі және Ресейге қарсы санкциялардың енгізілуі біздің экономикамызға да ықпалын тигізуде. Ресей рублінің айтарлықтай әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанның қаржы нарығына жасалатын қысым өсе түсуде. Сыртқы күтпеген өзгерістердің теріс салдарын барынша азайту мақсатында Ұлттық Банк инфляцияның айтарлықтай өсу тәуекелдерін жеңілдетуге, теңгедегі жинақтарды қорғауға және елдің алтынвалюта резервтерінің орынды жұмсалуына бағытталған шаралар топтамасын іске асыруда.
«Біріншіден, 24 ақпанда Ұлттық Банк базалық ставканы 13,5%-ға дейін көтеру жөнінде кезектен тыс шұғыл шешім қабылдады. Бұл шешім ұлттық валюта мен инфляция деңгейіне жасалатын қысымды төмендетуге, сондай-ақ теңгедегі активтердің сақталуына бағытталды», — деді Ғ. Пірматов.
Екіншіден, Үкіметпен бірге Бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру тез арада басталып кетті. Бюджет қаражаты есебінен жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша өтемақы (сыйақы) есептеуді көздейтін Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы жарияланды. Үшінші. Базалық ставка өскеннен кейін халықтың теңгедегі салымдары бойынша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсыныс жасаған шекті ставкалар да өсті. Төртінші. Қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін ескере отырып, Ұлттық Банк өткен аптада $176 млн валюталық интервенция жүргізді.
«Біз интервенциялар туралы ақпаратты жедел жария етеміз. Ұлттық Банк нақты уақыт режимінде жағдайдың дамуын бақылап, Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне тигізетін әсерін бағалап отырады. 26 және 27 ақпанда АҚШ және Еуропа елдері Ресейдің жекелеген банктерін SWIFT-тен ажырату және Ресейдің Орталық Банкі активтерінің жұмысына тыйым салу арқылы Ресейдің қаржы секторына қатысты бұрын соңды болмаған шектеу шараларының жаңа топтамасы туралы жариялады», — деді Ұлттық Банк Төрағасы.
Ұлттық Банк Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсерін барынша азайту мақсатында дағдарысқа қарсы шаралардың келесі кезеңін іске асыруға кірісті. Бірінші. Кеше сыртқы нарықтардағы жоғары белгісіздік аясында Ресей рублі құбылмалығының жоғарланған ықпалын алдын алу мақсатында Ұлттық Банк теңге-доллар валюта жұбы бойынша сауда-саттықты франкфурттық аукцион режимінде өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте, артық құбылмалықты болдырмау үшін Ресей Федерациясында толыққанды сауда-саттық тиісінше ашылып, Ресейдің Орталық Банкінің шаралары жария етілгенге дейін теңге-доллар жұбымен сауда-саттықты ашу кейінге қалдырылды. Сауда-саттық қорытындысы бойынша теңге бағамы бір доллар үшін 495 теңге 00 тиын деңгейінде қалыптасты. Сауда-саттық көлемі $159,5 млн құрады. Құбылмалылықтың жоғарылауын ескере отырып, ҚР ҰБ-ның валюталық интервенциялары $98,1 млн немесе сауда-саттық көлемінің 61,5%-ы болды.
«Екінші. Ресейдің жекелеген банктерінің SWIFT-ке кіру рұқсатын бұғаттау Қазақстан ішіндегі төлемдерді жүргізуге әсері тимейтінін және елдің төлем нарығына тікелей қауіп төндірмейтінін атап өтеміз. Қазақстан банктерінің ел ішінде клиенттік және меншікті төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу жөніндегі барлық операциялары штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. SWIFT жүйесінен ажыратылған Ресей банктерінің клиенттерімен трансшекаралық операцияларды қамтамасыз ету үшін өзара есеп айырысуларды жүргізудің балама тетіктері дайындалды», — деді Ғ. Пірматов.
Ұлттық Банк нарықтарды қадағалап, жағдай бұдан әрі нашарлаған кезде қаржылық және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдауын жалғастырады. Ол үшін Ұлттық Банкте барлық қажетті құралдар бар және Ұлттық Банк оларды орынды пайдалануда. Мемлекеттің жалпы халықаралық резервтері 25 ақпанда $87,7 млрд (айдың басынан бастап өсім $346 млн), оның ішінде Ұлттық қордың активтері – $54,0 млрд, алтынвалюта резервтері – $33,7 млрд болды.
«Ұлттық Банк нарықтық бағам белгілеуге кедергі келтірмей және белгілі бір бағам деңгейінің таргеттелуін болдырмастан, еркін өзгермелі бағам кезінде инфляциялық таргеттеу режимін ұстануды жалғастырады. Бұл ретте, біз қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдер күшейген жағдайда валюталық интервенцияларды жүргізуді жалғастырамыз. Қабылданатын шаралар кешені теңгедегі активтердің тартымдылығын сақтауға, долларлану тәуекелдерін және айырбастау бағамына қысымды төмендетуге, сондай-ақ инфляцияның елеулі түрде өсу тәуекелдерін жеңілдетуге бағытталған», — деді Ғ. Пірматов.
primeminister.kz