Тасбақаша жылжып бес жыл жүреміз

(0 Votes)

Жол азабын жүрген біледі. Өмірінде жолға шықпайтын адам болмайды. Ал, бүгінгі күнгі жолдар межелі жеріңе жеткенге дейін қара шашыңның жартысын ағартып үлгереді. Шұңқырлар мен ойықтар біздің жолдарда шахмат тақтасындай кезектесе орналасатыны сондай, оларды айналып өте алмайсың.

Метеорит құлап жататын Марс ғаламшарының беті сияқты шұрқ тесік қой, шіркіндер. Бір жерінен түсіп, екінші жағынан мінетін айналма жолдарымыз қара шаң. Шаң бұлтына кіріп кетсең, қай жерде келе жатқаныңды ғана емес, атыңды ұмытасың. Оның құрсауынан шыққанда сол шұңқырлардан қашып, қою шаңның ішінде бетпе-бет келіп бұқаша сүзісіп жатқан көліктерді, тегершігі жарылған, асты ойыққа соғылып зақымданған техниканың қасында шақшадай басы шарадай болған жүргізушіні көресің.

Ғылым мен техника дамымаған антикалық дәуірде тақтайдай тегіс, бүгінгі заманға шеті мүжілмей жеткен жолдарды салған римдік шеберлер қазіргі тірлігімізді көрсе жағасын ұстар еді. Адам өмірі үшін маңызы зор стратегиялық нысан – жолды тап осылай сапасыз салуға болатынына, ондай құрылысшылардың жазаланбайтынына жүз ойланып, мың толғанса да санасы жете қоймас. Ежелгі Римнің жолдары жорыққа аттанған сан мыңдаған әскер, ауыр жүк тиелген арбалар жүрсе де мыңқ етпеген. Біздікі ауыр көліктерді емес, жеңіл техникаларды көтере алмай белі майысып, беті тесіліп зар жылап жатады. «Шахман» көлігі жүріп кетсе үсті теңіз толқынындай күйге енеді. Ауыр көлікті жүргізбей, жас сәбидей мәпелеуді, аялауды қалайды. Оған бөлек жол салуымыз керек. Халық: «Ең болмаса он жылға шыдаса екен» деп тілеуін тілейді. Өйткені, оған жетпей жамай бастайтынымызды жақсы біледі. Жақында ғана әлеуметтік желіде асфальттағы шұңқырды қызыл кірпішпен бітеп қойғанын көрдік. Бұл – біздің заманауи шеберлігіміз.

Бар-жоғы 250 шақырымдық жолды салуға сүйретіліп, тасбақаша жылжып төрт-бес жыл жүреміз. Алдымен оның жобасы жасалады. Ол бірнеше айдан соң әрең бітеді. Дайын болғанда қате кеткені, бір нәрселер енгізілмей қалғаны анықталады. Содан оны кері жасайды. «Сосын дайын бола ма?» дейсіз бе? Одан кейін сараптамадан өтеді. Онда айлап жатады. Сараптамадан өткен соң тендір ойналады. Ол да біраз уақыт алады. «Уһ» енді бәрі бітті-ау» деп отырсыз ғой. Жоқ, қателесесіз, енді қаражат бөлініп болмайды. Қаражат бөлінгенде материал қымбатсиды. Сосын жасалатын жұмыстарды жаңа бағамен есептеу үшін жоба қайтадан дұрысталуға кетеді. Жұмыс басталғанда мердігер техника іздеп сабылады. Жол салынған соң халық әлеуметтік желіде, жиналыстарда шулайды. «Қуанып, бөріктерін көкке атып жатыр» деп ойлап қалмаңыз. «Мердігер асфальттің астына сары шағылды төсеп қойыпты. Оны жауған жаңбыр шайып, жолдың шеті опырылып кетіп жатыр» деп мұңын шағады. «Жол жиектері жасалмапты», «Жаяу жүргіншілер жолын тесіп, жантақ қылтиып қарап тұр», «Жаңа көпірдің сапасы нашар» деп ренжиді. Айтқандарының бәрі де рас!

Бір жолды бастасақ, сағыздай созылып, бірнеше жылға жалғасады. «Жұмыс жақсы жүруде. Техникалар жеткілікті», деп жоғарыға жалған ақпарат жолданады. Алайда жол үстінде бір-екі техника көрінеді. Оның да жүргенінен тұрғаны көп. Осыдан кейін жұмыс уақытында біте ме? Салынатын жолдың басына кім келмей жатыр? Астанадан шапқылап министр жетеді. Бәрін бақылауда ұстайтын, мерзімінде бітіртетін болып кетеді. «Жоспар құрамын, келіп тұрамын. Жұмысты дұрыс жасамайтындарды заңмен ұрамын», деп сендіреді. Бірақ, мақтамен бауыздап кеткенін соңынан ұғамыз. Одан кейін елдір-желдір болып жоғары жақтан депутат келеді. Сапа деген санасына кірмейтін мердігерді жерден алып, жерге салады деп ойлайсың. Бірақ, одан да қайыр жоқ. Неге келгенін өзі білмейтін сияқты.

Жол құрылысы деген бізде майлы шелпек қой. Мұны Мемлекет басшысы да сынға алды. Жауапсыз мердігерлер мен майлы шелпектен қарпып қалғысы келген жемқорлар қызметіне адал жандарға күйе жағады. Ежелгі римдіктердің салған құрылыстары ғасырлар бойы мұрты қисаймай жатса, бүгінгі жолдардың салынып болған соң-ақ бір жерінен ақауы шыға келеді. Ғасырларға кететін жол салынады деп үміттенбей-ақ қояйық. Салынғаны ең болмаса жиырма жыл халыққа мінсіз қызмет етсе екен дейсің. Сонда оны қайта-қайта жөндей беруге, жамауға жыл сайын жұмсалатын қаржыны басқа мақсатқа пайдаға асыруға болар еді. Әзірге бұл арман күйінде қалуда. Жұмысты уақытында жасап, сапалы шығаруды үйренуі үшін кейбір жолшылар мен жемқор шенеуініктерді қолдарына күрек пен қайла беріп, ежелгі Рим дәуіріне жіберіп алған дұрыс па? Үйреніп кеткен әдеттерінен арыла алмай, ол жақта бастары кетіп қалмас па екен?

Айнагүл Шакупова,

Құрманғазы ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521