Ұстазға құрмет көрсетті

(0 Votes)

Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатта осы білім ұясының директоры Қабдрахим Бисенғалиевтің 63 жасқа толуына орай «Ұлағатты ұстаз, кемел басшы» тақырыбында  салтанатты шара ұйымдастырылды.

Шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева, мектеп директорлары, ұстаздар қатысты. Мерейтой иесі жұбайымен бірге қошеметпен ортаға шақырылды. Алғашқы құттықтау сөз мектептің оқу ісінің орынбасары Руслан Амангелдіұлы, кәсіподақ төрайымы Нұрғаным Жанболатқызы бастаған ұстаздарға берілді. Жиналғандар назарына Қабдрахим Сүлейменұлының еңбек жолы жайлы бейнетүсірілім ұсынылды.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Ғаділханқызы мерейгерді құттықтап, ауданымыздың білім саласына сіңірген еңбегін атап өтіп: – Қабдрахим Сүлейменұлын мен сонау бала кезден білемін. Сіздің әкеңізден Сүйіндік жалпы орта мектебінде білім алдым. Ол кісі қарапайым жан еді, әкеңізден ізін басқан, үлгі алған ұстазсыз. Өзіңізбен бірге сарыаяқтас болып жұмыс жасаған жылдарда байқағаным қарапайымдылығыңыз басым. Мен үшін үлкен құрмет тұтатын ұстаздардың бірісіз. Білім саласында талай қызықты да, шыжықты күндеріміз өтті. Аудандық білім бөлімінде істегенімде, мектеп директоры қызметін атқарғанымда жақсы сыйлас әріптес болдық. 30 жыл еңбек етсем, соның 27 жыл 5 айы осы білім саласында өткен екен. Бүгін ағамыздың шарасына жиналған басшылық қызметте жүрген әріптестерімді көріп қуанып отырмын, – деп мерейгерге денсаулық, отбасына амандық тілеп, Құттықтау хатын, естелік сыйлығын табыстады. 

Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпазы Ерасыл Самиғоллаев әсем ән орындаған соң сөз кезегі  бір топ мектеп директорларына жолданды. Ломоносов орта мектебінің директоры Толқын Әжіғалиева мерейгердің байлық емес шәкірт пен жолдас жинағанын айтса, Орлы орта мектебінің директоры Рафхат Мукушев еңбекқорлығын, Абай орта мектебінің директоры Жамал Хасанова 1300 баламен интернат ғимаратына сыйғызып, сапалы білім беруге жағдай жасап отырғанын, кезінде өзі басқарған Ә.Сәрсенбаев орта мектебінің директоры Данияр Сабиров ұжымның тілегін жеткізіп, Құттықтау хаттары мен естелік сыйлықтарын ұсынды. Басқа да сөйлеушілер ақ тілектерін арнап, бірнеше әндер орындалып, шара шырайын аша түсті. Соңында Қабдрахим Сүлейменұлы көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірді. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT