Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Шекарадағы өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Биыл 8 бекет толығымен іске қосылады. Алдағы 3 жылда тағы 34 бекет жаңарады. Бұл – өте ауқымды шаруа.
Себебі кейбір бекеттердің сапасы сын көтермейді, қазіргі заманның талабына сай келмейді, еліміздің беделіне нұқсан келтіреді», деп, автокөлікпен жүк тасымалдауға арналған шекара маңындағы қызмет сапасын жақсартуды Үкімет пен әкімдіктерге тапсырған еді. Шынымен де соңғы уақыттарда шекарадағы кідіріс ұзаққа созылатын болып жүр. Ауданымыздың Ресеймен шектесетін жерінде, Бөкейхан ауылдық округіндегі шекаралық бекетте ірі көліктер бірнеше шақырымдық кезекте тұрғанын талай мәрте байқадық. Қаншама адам баратын жеріне мерзімінен кешігіп жетеді. Жолдауда айтылғандай сапалы интертент жоқтығының салдары.Олардың орнына өзімізді қойып қарайықшы. Елдеріне барғаннан кейін: «Бәрі жақсы-ау, тек Қазақстан шекарасында сағаттап тұрып жүйкеміз жұқаратына болмаса», деп айтпасына кім кепіл. Әрине, бұл Президентіміз айтқандай елдігімізге сын. Өркениетті мемлекеттер қатарынан табылғымыз келсе осындай кемшілікті жоюымыз қажет. Жергілікті билік басында жүрген азаматтар алдағы 3 жылда жаңаратын 34 бекеттің ішіне Бөкейхан ауылындағы шекара бекетін де кіргізіп жіберсе нұр үстіне нұр болар еді.
Қанат Ғұмаров