Сенат жоғары білім саласындағы біліктілікті тану туралы халықаралық конвенцияны қарайды

(0 Votes)

1. «Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы туралы.

2. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау туралы.

Сенаторлар қарайтын Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын Мәжіліс өткен жылдың қараша айында қабылдаған болатын.

Токио конвенциясы ретінде белгілі бұл құжат академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейтуге, дипломдарды, дәрежелерді және өзге де біліктіліктерді тануды жеңілдетуге бағытталған.

    - Қазақстан үшін бұл қадам халықаралық білім кеңістігіне ықпалдасу саясатының қисынды жалғасы болып саналады. 1998 жылы еліміз Лиссабон конвенциясына қосылғаннан кейін шетелдік білім құжаттарын танудың тиімді жүйесін қалыптастырып, еуропалық елдермен өзара тануды қамтамасыз етті. Ал Токио конвенциясын ратификациялау Қазақстанға Азия-Тынық мұхиты өңірінің ұлттық ақпараттық орталықтар желісінің (APNNIC) мүшесі болуға мүмкіндік береді. Бұл желі қатысушы елдердің біліктіліктерді танудағы ақпарат алмасуын қамтамасыз етіп, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттырады, — деген еді сол кезде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Конвенцияға қатысушы мемлекеттер қатарында Аустралия, Жапония, Қытай, Корея, Түркия және басқа елдер бар. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында бірінші болып Конвенцияны ратификациялау жұмысын бастады.

Конвенцияны ратификациялау Қазақстанға мынадай мүмкіндіктерді ашады:

    Отандық жоғары оқу орындарының білім қызметтерін экспорттау нарығын кеңейтеді.

    Ұлттық жоғары білім жүйесіне халықаралық сенімін нығайтады.

    Қазақстанда алынған дипломдарды Азия-Тынық мұхиты өңірінде тануға қойылған кедергілер жойылады.

    Заманауи білім беру тәжірибелері мен технологияларын алмасуға жағдай жасалды.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың қыркүйегінде Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасын қарауға қабылдады.

Конституциялық заң жобасының негізгі мақсаттары мыналар: Мәжіліс депутаттығына бір кандидатты бір сайлау округінен артық сайлау округінде ұсынуға тыйым салу, бір адамды бір мезгілде Мәжіліс пен мәслихаттың бір мандатты округтері бойынша да ұсынуға тыйым салу, әкімге кандидаттың сайлау қорын құру, президенттікке, депутаттыққа, әкімге, сайлау комиссиясы мүшесіне кандидаттарға ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша соттылығының болмауы бойынша талаптарды күшейту, үгіт-насихат мәселелерін және тағы басқа мәселелерді реттеу.

Ал кеше Мәжілістің жалпы отырысында Парламент палаталарының бірлескен комиссиясына төменгі палатадан мына депутаттар сайланды: Марат Башимов, Мұрат Ергешбаев, Снежанна Имашева, Үнзила Шапақова.

Сонымен қатар Снежанна Имашева Мәжіліс атынан аталған заң жобасы бойынша қосымша баяндамашы ретінде белгіленді.

Айта кетейік, бұл - Сенаттың биылғы алғашқы отырысы. Палатаның өткен жылғы соңғы отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сенаторлардың бір жыл ішінде атқарған жұмысын қорытындылаған еді.

Оның дерегінше, былтыр палата еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді көздейтін 102 заңды қарады. Депутаттар біраз заңға халық пен өңірлердің мүдделерін ескере отырып, толықтырулар мен өзгерістер енгізді. Сонымен қатар, сенаторлар бастамашы болып, 15 жеке заң жобасын әзірледі.

Бұдан бөлек, тұрақты комитеттер жұмыс жоспарына сәйкес 5 үкімет сағатын, 50-ден астам көшпелі отырыс, 100-ге жуық дөңгелек үстел отырысы мен кездесулер өткізді. Соның аясында Президент тапсырмаларының, заңдардың және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Сенаторлар 130-дан аса депутаттық сауал жолдап, Үкіметке өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.

Заң шығару қызметімен қатар Сенаттың тұрақты комитеттері палата жоспарына сәйкес бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырды. Сенатта еңбек адамы және заң білімін дамыту мәселелеріне арналған 2 парламенттік тыңдау өткізілді.

Сенаттың халықаралық қызметі де 140-қа жуық мазмұнды іс-шарамен ерекшеленді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезін өткізді. Іс-шараға әлемнің 60-қа жуық елінен 100-ден астам делегация келіп, қатысты.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT