Еліміздегі бүкілхалықтық референдумның өтуіне санаулы күндер қалды. Референдум – керекті іс-шара, халықтың үніне құлақ асып, пікірін ескеру мәселесі. Халықаралық тәжірибеде бар іс-шара. Конституциялық өзгерістер енгізу үшін референдум қажет.
Өзгерістер кім үшін, не үшін керек? Ең алдымен жаңа қоғам жастарға керек, себебі болашақ солардікі. Енді мемлекет күрделі мәселелерді билікпен ақылдаса, кеңесе отырып, алдымен халықтың өзі белсенділік танытып, дұрыс шешуге атсалысулары тиіс.
Енді мына мәселеге келейік. Жаңғырған Конституцияда қандай өзгерістер болады? Саяси реформа несімен құнды? Бұл өзгерістерді халық біле ме? Байқауымызша, халықтың біразы Ата Заң баптарында қандай ерекшеліктердің бар екенін біле бермейді. Ендігі жерде соған назар аударып, жаңадан қандай баптардың қосылғанына көңіл бөлу керек.
Айталық, адам құқықтарына қатысты өзгерістер тәртібі бар. Сондай-ақ өтпелі кезеңнің тәртібі мен жолдары секілді баптар қосылды. Бұрынғы Конституцияда 97 бап болғаны белгілі. Ал жаңа Ата Заңда ол 99 бап болады. Сонымен қатар өзгерістер енгізілген Конституцияда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені айтылған.
Ендігі жерде Президент бұл лауазымға белгіленген мерзім бойынша екі рет қана сайлана алады. Билігі шексіз суперпрезидент деген болмайды. Жаңарған Конституцияның баптарына сәйкес бұдан былай Мемлекет басшысының келісімімен кез келген лауазымды қызметке тағайындауға кем дегенде екі адам ұсынылады. Халық алдына келген лауазым иесі өзінің жобасын, бағыт-бағдарын ұсынып, егер көптің көңілінен шықса ғана сайланады. Осылайша халық өзі таңдау жасайды. Болашақта депутат, әкім, басқа да лауазым иелерінің жұмысы нашар болып, берекесіздікке бой алдырса, халық оны кері қайтарып алуға мүмкіндігі бар.
Еліміздегі жаңа бетбұрыс, әділетті Қазақстан құру бағытына ерекше назар аударып, Қазақстан Президентінің реформасын қолдап, саясатына қызығушылық танытып отырған көршілес елдер бар. Саяси реформаны қолдап, референдумға дауыс беруге келген әрбір адам осыны білуі тиіс. Сондықтан, әрқайсымыз дайындықпен келіп, жарқын болашақты қалыптастыруға белсенді болайық.
Саясат БЕЙІСБАЙ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім жетекшісі