Құрбандық шалудың мәнін қалай түсініп жүрміз?

(0 Votes)

Құрбандық шалу ұғымы Әрбір саналы мұсылман діндегі міндеттерді орындауға жауапкершілікпен қарайды. Себебі діннің негізгі ұстындары қорғалуы тиіс. Сонда ғана дін толыққанды өзінің қоғамдағы қызметін атқарады.

Құрбандық шалу да сондай маңызды құлшылықтың бірі. Ибраһим пайғамбардың сүннетті ретінде жалғасқан осы бір ерекше құлшылық бүгінгі күнге жетті әрі бұдан кейін де жалғаса бермек. Ендеше, құрбандық шалудың мәні және оған қатысты жаңа мәселелер туралы бүгінгі мақаламызда кеңірек сөз етпекпіз.

Құрбандық шалудың тарихы тым тереңде. Ол исламға дейінгі діндерде де бар құлшылық. Дегенмен ислам діні келгеннен кейін де құрбандық шалу ғұрпы жаңаша кейіпте жалғасқан. Ислам дінінде оған мынандай анықтама беріледі: «Алла Тағалаға құлшылық жасау әрі жақындау ниетімен белгілі күндері арнайы түрде мал союды құрбандық шалу деп атайды. Көбіне сәске уақытында шалынатындықтан бұл шалынатын құрбан «ұдхия» деп те аталған.

Құрбан шалу туралы хижри екінші жылы бұйырылған. Алла тағала бұйырғандықтан ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) оны бұлжытпай орындаған. Расулалла мүйізді екі қошқарды жетектеп әкеліп, бүйірімен жатқызып, «бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп өз қолымен бауыздағаны мәлім. Бұлардың бірін өзі мен отбасының атынан, екіншісін үмбетінен құрбан шала алмағандардың атынан шалған. Әрі құрбан шалуды өмірден озғанға дейін үзбей жалғастырған. Қоштасу қажылығында болса жүз түйе құрбандыққа шалған, бұлардың алпыс үшін алпыс үш жылдық жасына лайықтап есептесе, өзгелерін шалуды басқаларға тапсырғаны тарихтан белгілі.

Құрбандық шалудағы негізгі ниет – Алланың разылығы. Бұндай ниеттің болуы құрбандық шалуда өте маңызды. Алла разылығы деген түсінікке негізі тақуа кісілер көңіл бөледі, Алла да тек тақуа құлдарының құрбанын қабыл алады.

Құрандағы бұйрық

Қасиетті Құранның «Кәусар» сүресінде «Тек Раббыңның разылығы үшін намаз оқып, құрбан шал» делінген. Бұл оның Алланың бұйрығы ретінде (жағдайы барларға) уәжіп екенін білдіреді. Имам азғам Әбу Ханифа оны уәжіп деп қарастырса, Шафиғи секілді кейбір имамдар оны сүннет деп қарастырған. Имам Мұхаммед «Тәрік етуге рұқсат жоқ сүннет» деп, оны сүннет деп қарастырған күннің өзінде орындалуы тиіс маңызды сүннет екенін білдірген. «Жағдайы бола тұра құрбан шалмағандар мешітімізге жақындамасын» деген хадис те құрбан шалудың керекті әрі маңызды екенін білдіруде. «Сендердің шалған құрбандарыңның еті не қаны Аллаға бармайды, тек тақуалықтарың, құрбан шалардағы Алла разылығы деген түсінік пен құрметтерің, сүйіспеншіліктерің мен ізгі ниеттерің ғана Аллаға жетеді» делінген ескерту және бар (Хажж сүресі, 37 аят).

«Біз әр үмбет үшін құрбан шалуды бұйырдық. Алланың рызық ретінде берген төрт аяқты түліктің үстінде (тек қана) Алланың есімін еске алсын, (сол түліктердің) шынайы егесі Алла екенін білсін» деп. Ендеше, бәрің Аллаға бағыныңдар. «(Сүйіктім), сен бағынатын әрі кішіпейілділерге сүйінші хабар айт» (әл-Хажж, 34).

Бұл аятта барлық жаратылыстың шынайы егесі Алла екені, Алла оларды адам баласының игілігіне бергенін, құрбан шалу арқылы осындай шындықтарды еске алу керектігі білдірілген.

Хикметтері

1 – «Құрбан» сөзі Аллаға жақындау деген мәнді білдіреді. Аллаға жақындау, Алланың разылығын алуға себеп екені меңзелуде. Бір мұсылман үшін өмірде Жаратушыны тану, Жаратушының разылығына жету өте маңызды мұрат.

2 – Алла тағала пендесінен еш нәрсеге мұқтаж емес. Құрбан шалуды бұйыру арқылы Алла пенделерін сынайды, тақуалықтарын байқайды. Иләхи бұйрықты орындаудағы жауапкершіліктері мен мұқияттылығына қарай олардың өзіне жақындығын байқатады.

3 – Құрбан шалу Ибраһим мен Исмаилдің (а.с.) оқиғасынан ғибрат түюге шақырады. Жаратушының «Ұлың Ибраһимді құрбандыққа шал!» деген бұйрығына әкелі-балалы екеуі де қалтқысыз бағынып, зор тәуекел еткен болатын. Дегенмен соңында сынақтан өтіп, Жаратушы ие Исмаилдың орына көктен қошқар түсірген. Бұл оқиға сенімі берік жандарға Жаратушының бұйрығына қалтқысыз бағыну керектігін білдіруде.

4 – Исламдағы құрбан шалу үкімі қоғамдағы жағдайы төмен адамдар үшін үлкен жақсылық. Ол әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан қоғамға қарасуды білдіреді.

Кімдер құрбан шалуы тиіс?

Құрбан шалатын кісіге қойылатын талаптар мыналар:

1 – Мұсылман болуы;

2 –Тұрғылықты болуы. Жолаушы болмауы.

3 – Пітір садақасы міндеттелетіндей байлыққа ие болуы. Зекет пен пітір садақасы міндеттелетін нисап мөлшері 85 грамм алтынға тең.

Құрбан шалудың дұрыс болу шарттары

Шалынған мал дұрыс болу үшін мына шарттар қажетті:

1 – Уақыт: Құрбан малды шалу уақыты Құрбан айттың бірінші күні таң ағаруынан бастап үшінші күні күн батқанға дейінгі аралық. Осы мерзім аралығында құрбан шалынуы тиіс. Бұл уақыттан тыс құрбан шалу жарамсыз.

2 – Сойылатын малда кемшіліктердің болмауы. Аллаға жақындау әрі құлшылық мақсатында сойылатын малдың кемшілікті болмауына мұсылмандардың көңіл бөлуі керектігі бірқатар хадистерде ескертілген.

Сүннетке сай мал шалу

Малды дұрыс бауыздау үшін пышақ өткір болуы тиіс. (ол пышақты мал көзінен тасада ұстаған жөн). Малды бауыздалатын жерге қинамай апарған дұрыс. Малдың басы мен аяқтары құбыла бетке қаратылып, сол жақ бүйірімен жерге жатқызылады. Оң жақ артқы аяғын бос қойып, қалған үш аяғы байланады. Құрбан мал иесі не уәкілі құбылаға қарап тұрып мына аяттарды оқиды:

«Инни уәжжәхтуу уәжхия лилләзи фатарас сәмәуәти уәл арда ханифән…» (әл-Әнғам, 79).

«Иннә салати уә нусуки  уә махиая уә мәмәти лиллахи раббил аламин» (әл-Әнғам, 162).

Осы аяттардан кейін «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар! Лә иләһа иллаллаһу уәллаһу акбар! Аллаһу акбар уә лилләхил хамду» деп тәкбір айтады да, «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп, қайралған өткір пышақпен малды бауыздайды. Жақсы, жеңіл бауыздап, қанды жақсылап ағызады.

Малдың жаны толық шыққанын күтеді. Сосын басын бір бөлек алып, ары қарай жақсылап сояды. Малдың жаны толық шықпай тұрып, мойны мен аяқтарын сындыру, терісін сыпыру, құбыладан бұру немесе малды азаптау мәкрүһ болып есептеледі.

Құрбандыққа шалуға жарамды малдар

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малдары шалынады. Қой мен ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды», – деген. Ханафи мәзһабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жарамайтын малдардағы кемшіліктерге қиас (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан. Ол кемшіліктер мыналар: Бір көзі соқыр, әлсіз, құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген, тістерінің көбі түсіп қалған, желінінің басы жұлынып қалған, бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған. Оқырмандар «Ислам ғылымхалы» кітабынан бұл турасында кең мәлімет қарауына болады.

Құрбандық шалуды сенімді өкілге тапсыру

Биыл өзекті болып жатқан мәселенің бірі құрбандық малды шалуды арнайы, сенімді өкілге тапсыру мәселесі. Түрлі себептермен құрбандығын шала алмаған әрі құрбан малы жанында ұстай алмағандар сенімді басқа кісілерге тапсыру арқылы құрбандық шала алады. Бұндай жағдайда мал иесі қаласа құрбан малын толықтай басқаларға таратқаны секілді, еттің бір бөлігін өзіне алып, басқа бөліктерін тарата алады. Әрине, құрбандық малды иесінің шалуы мәндуп. Дегенмен басқа бір кісіге сеніп тапсырып, шалдырса да болады.

Құрбандық малдың еті

Құрбандыққа шалынған малдың еті шамамен үшке бөлінеді. Бір бөлігі мал иесінің отбасына, бір бөлігі туыстар мен көршілерге, қалған бір бөлігі жағдайы төмен отбасыларға таратылады. Бірақ мал шалған кісі дәулетті болса, толықтай не еттің көбіне кедейлерге таратуына болады, ал үлкен отбасылы кісі болса, еттің көбіне өзіне алып қалуына да болады. Құрбан шалуда негізгі мәселе қан ағызу. Ол орындалмайынша құрбан шалынған болып есептелмейді. Осы себепті қойды шалмайынша тірідей басқаға беру не орнына ақшалай садақа беру секілді нәрселер жарамсыз. Пайғамбарымыз бір хадисінде мына жағдайды ескерткен: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» (Тирмиз, Адахи, 1).

Пандемия жағдайында

Былтыр, яғни 2020 жылы Атырауда құрбан айт кезінде өте белсенді жұмыстар қолға алынды. 346 қой,  152 тоқты, 58 ешкі, 21 ірі қара мал онлайн тапсырыс арқылы құрбандыққа шалынды. Атырау облысы бойынша 3502 отбасына құрбан малының еті таратылды. Пандемия кезінде тұңғыш рет қашықтықтан ұйымдастырылып отырған онлайн құрбандықты насихаттау, жалпы, ұйымдастыру үшін Атырау облысында орталық «Иманғали» мешіті және әкімдікпен бірлескен арнайы штаб құрылды.

Құрбан айт мерекесі қарсаңында жұмыс үш бағытта жүрді: ақпараттық, мал базарларындағы бағаның өспеуі және мал сою пункттерінің санитарлық жағдайы және ұйымдастыру. Яғни, қасапшылар бригадасын жасақтау, мұқтаж отбасыларының тізімін шығару және құрбандық малының етін мекен-жайларға жеткізу үшін автоволонтерларды ұйымдастыру. Ақпараттық жұмыс дәстүрлі медиа және әлеуметтік желілерде жүрді. Онлайн құрбандық шалудың маңызы, ерекшелігі, негізгі тәртібі туралы ондаған роликтер жасалып, телеарналар және инстаграм, ютуб, фейсбук, ВКонтакте желілеріне жүктеліп отырды. Сонымен бірге, қала көшелеріне ақпараттық баннерлер ілінді. Онлайн құрбандық маңызы туралы газеттерде мақалалар, жадынамалар ұйымдастырылды. Бұған қоса, облыстық коммуникациялар қызметінде онлайн құрбандық тақырыбына бес мәрте брифинг берілді. Брифинг барысында халықтың тарапынан түскен сауалдарға жауап берілді. Құрбан айт басталған кезде де арнайы штабпен бекітілген төрт мал базарынан әлеуметтік желілерде онлайн трансляциялар ұйымдастырылды, оқиға орнынан шұғыл репортаждар, видео, роликтер таратылды.

Ковид пандемиясы аясында биылғы 2021 жылғы құрбан шалудағы өзгерістерді де айта кеткен орынды. Әрине, «Сақтансаң, сақтаймын» демекші, құрбан шалу не құрбан айт кезінде де эпидемологиялық талаптарға сай гигиеналық шараларды ұмытпаған дұрыс. Мүмкін болса, ҚМДБ ескерткендей, малды уәкіл арқылы шалған ыңғайлы. Бұл адамдардың қатты топтаспауына мүмкіндік береді. Арнайы белгіленген уәкілдер өтініш берушінің аударған қаражатына мал алып, арнайы орындарда сол кісі тапсырғандай етіп, шариғат талаптарымен мал шалып, барлық керекті ақпараттарды иесіне көрсетеді. Айт намаздарында да мешітке келген жамағат әлеуметтік арақашықтықты сақтауы тиіс. Мақаланың басында сөз еткендей, барлық нәрсенің шынайы егесі Алла тағала екені даусыз. Сондықтан Аллаға арнап құрбандық шала отырып, оған бір табан жақындап, дұға тілектерімізбен жалбарынамыз. Елімізді қуаңшылықтан, індеттен аман сақтауын тілейміз! Ендеше, ниеттеріңіз қабыл болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Алтынбек Ұтысханұлы, Атырау облысының Бас имамы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521