Премьер-Министрдің бірінші орынбасары утилизациялық алым бойынша қандай шешім қабылданғанын айтты

(0 Votes)

Роман Скляр «Хабар24» телеарнасына берген сұхбатында утилизациялық алымға қатысты айтылып жүрген сындар мен жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

Әңгіме барысында Бірінші Вице-Премьер кәдеге жарату алымы, оның не үшін енгізілгенін, қандай өнім түрлеріне қолданылатынын және жинақталған қаражат елдің қандай қажеттіліктеріне жұмсалатынын түсіндірді. Сонымен қатар еліміздің индустриялық саясатының басымдықтары, автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын отандық кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың себептері туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдау қажет екенін нақты айтты. Халқымыздың әл-ауқатының артуы ұлттық экономиканың дамуына байланысты. Қоғамдық пікір қалыптастырып, кәдеге жарату алымын толығымен жоюды талап ететіндер шетелдерден техника импорттаушылардың мүддесі үшін жұмыс істейді. Бұл шын мәнінде олардың ел экономикасына қарсы екенін білдіреді», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Сонымен қатар ол автокөлік техникасына қатысты утилизациялық алым 2016 жылы енгізілгенін, ал әлеуметтік желілерде оған қарсы насихаттау науқаны 5 жылдан кейін басталғанын айтты. Роман Склярдың сөзінше, импорттаушыларды жақтаушылар автомобиль өндірісін ұйымдастыру жолдарын түсінбей, көпшілікті адастырады.

Кәдеге жарату алымы автоөнеркәсіпті тікелей қолдау үшін енгізілмеген. Отандық өндірушілерге осы алым үшін алдында өздері төленген қаражаты ғана қайтарылады. Бұл ДСҰ талаптарына сәйкес келеді. Ол бойынша өндірушілер импорттаушылар сияқты утилизациялық алым төлеуге міндетті. Бірақ, елімізде өндірушілерге төленген қаражат қайта беріледі.

«Бұл елімізде өндірілген автокөлік бағасы тұтынушы үшін өспеуі үшін жасалды. Осылайша, утилизациялық алым – ішкі нарықты қорғау шарасы, белгілі бір дәрежеде тарифтік тосқауыл амалы. Әлемде өз нарығын қорғаудың түрлі әдістері, импортқа толық тыйым салудан бастап шектеу шаралары, соның ішінде экологиялық шаралар қолданылады. ЕАЭО-да кәдеге жарату алымы таңдалды», — деп атап өтті Бірінші Вице-Премьер. Р. Скляр автоөнеркәсіп саласында кәсіпорындардың жабылуына, нарықтан, игерілген технологиялардан, жұмыс орындары мен халықаралық стандарттар бойынша оқытылған білікті мамандардан айырылуға әкеп соғатын қате шешімдердің салдары ауыр болатынын нақты түсіну керек деді.

Сұхбат соңында Бірінші Вице-Премьер "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында сараптамалық талқылау қорытындысында қабылданған кәдеге жарату алымы мөлшерлемелерін қайта қарау жөніндегі ұсынымдар туралы хабарлады.

«Биылғы қаңтар айынан бастап ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің төрағалығымен тауарлардың түрлі санаттары бойынша кәдеге жарату төлемі мөлшерлемелерін қайта қарау бойынша жұмыс топтарының отырыстары өткізілді. Жұмысқа барлық мүдделі тараптар, соның ішінде фермерлердің кейбір өкілдері қатысты. Барлығына өз ойларын айтуға мүмкіндік берілді», — деді Р. Скляр.

Нәтижесінде кабельдік-өткізгіш өнімдерге, рекреациялық техникаға және елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын ершікті тартқыштарға қатысты мөлшерлемелерді нөл ету туралы шешімдер қабылданды. Оған қоса автокөлікке және ауылшаруашылығы техникасына қатысты қазіргі мөлшерлемелерді 50%-ға дейін төмендету ұсынылды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521