Полипропилен өндіретін Қазақстандағы алғашқы зауыттың құрылысы 90%-ға аяқталды

(0 Votes)

Бейсенбіде, тамыздың 12-і күні «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС полипропилен өндіретін зауыттың құрылысы барысымен танысты.

Біріктірілген газ-химиялық кешеннің бірінші кезеңінің құрылыс алаңында болған ҚМГ басшысы пропанды ағызудың теміржол эстакадасын, пропанды сақтау паркін, бас электр қосалқы стансасын, пропанды дегидрлеу және пропиленді полимерлеу қондырғыларын, сондай-ақ дайын өнімді жинақтау мен жөнелту нысандарын аралады.

img-20210812-wa0052

«KPI Inc.» ЖШС Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дамир Әшімов өз баяндамасында атап өткендей, қазір зауытты салу жұмыстары шамамен 90%-ды құрап отыр. Жалпы құрылыс жұмыстары аяқталып қалды, цехаралық инженерлік желілерді монтаждау және сынақтан өткізу аяқталды, металл құрылымдарының шамамен 28 мың тоннасы және технологиялық құбырлардың 435 мың дюймы монтаждалды, бетон құю жұмыстары толық аяқталды. Сондай-ақ ұзақ уақыт жасалатын жабдық пен негізгі құрал-жабдықтар жеткізілді. Әлемнің әр елінен қосалқы жабдықтар әкелінуде – барлығы 8 836 бірлік.

img-20210812-wa0051

Бұдан бөлек, инженерлік инфрақұрылым нысандарын дайындау аясында бас қосалқы стансаның құрылысы аяқталып, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің газ-турбиналық электр стансасынан электр қуаты тартылды. Айналмалы сумен қамту блогында резервуарлардың гидросынақтары аяқталды, сорғы бөлмесі мен градирняны монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Жобаны іске асыруға барлығы 3 500 адам және 100-ге жуық техника бірлігі жұмылдырылды. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 586 жаңа жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар құрылыс алаңын аралау кезінде зауытты іске қосу мен реттеу жұмыстары және қызметкерлердің дайындығы мәселелері талқыланды. ҚМГ басшысы құрылыс жұмыстарының кестесін одан әрі сақтау маңыздылығына тоқталды.

- Бүгінгі таңда бұл елімізде теңдесі жоқ бірегей жоба. Кәсіпорында озық технологиялар мен жабдық пайданалатын болады.

Зауыт қуаты мен онда шығарылатын өнім полипропиленге деген қазақстандық сұранысты өтеп қана қоймай, экспортқа да шығарылады. Жалпы зауыт өндіретін өнім келешекте құрылыс материалдары өндірісі, автомобиль өнеркәсібі сияқты аралас салалардың дамуына және жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға септігін тигізеді, - деді А.Айдарбаев.

Зауыт жылына 500 мың тоннаға дейін полипропилен өндіруге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Бастапқы кезеңде полипропиленнің 11 маркасы шығарылады деп жоспарланып отыр. Болашақта өнім түрі 65 маркаға дейін ұлғайтылады.

Полипропилен машина жасау, медицина саласында, электр техникасы, құбыр мен тұрмыстық техниканы және т.б. шығару кезінде кеңінен қолданылады. Мысалы, полипропиленнің 500 мың тоннасынан 254 миллиард медициналық бетперде немесе 3145 шақырым полипропилен құбырын (D=25 mm, S=2,3 mm) шығаруға болады.

Жобаның бас ЕРС-мердігері (инжиниринг, қамту және құрылыс жұмыстары) China National Chemical Enginnering Co компаниясы болып табылады. Өндіріске қажетті шикізат Теңіз кен орнынан жеткізіледі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521