Отбасыларға әлеуметтік қолдау күшейтілді

(0 Votes)

Атырау қаласында өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсететін «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз жұмысын белсенді жүргізіп келеді.

Бұл орталық қалалық әкімдіктің қаулысына сәйкес өткен жылы құрылған болатын. Мекеменің басты мақсаты – әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік кеңес беру, бала құқығын қорғау, отбасын сақтау және нығайтубағытында қолдау көрсету.

Сонымен қатар, орталық көпбалалы және толық емес отбасыларға қайырымдылық көмек ұйымдастыруды жүйелі түрде жүзеге асырып отыр. «Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар орталыққа жүгінген кезде, алдымен кейс-менеджер олардың мәселесін анықтау үшін әңгімелесу жүргізеді.

Қажеттілікке қарай заңгер немесе психолог мамандардың көмегі ұсынылады», — дейді орталық басшысы Шолпан Қоңырова. Мобильді топ мүшелері орталықта тіркеуде тұрған отбасылардың тұрмыс жағдайын жүйелі түрде тексеріп отырады. Соның бірі – жалғызбасты ананың отбасына барған шарасы.

Тексеру кезінде заңгер, психолог, учаскелік полицей және әлеуметтік қызметкерлер ана мен балалардың жағдайын қарап, кеңес берді. Бұрын аналық құқығынан айырылған әйел бүгінде үш баласымен жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Тек әлеуметтік жәрдемақымен күн көріп отырған отбасына орталық демеушілердің көмегімен азық-түлік пен киім-кешек жеткізілді. Балалардың денсаулығы мен тұрмыс жағдайы орталықтың тұрақты бақылауында. Мамандардың айтуынша, мұндай отбасылар мемлекет бақылауында болып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тексеріледі.

Қажеттілігіне қарай тиісті әлеуметтік қолдау түрлері ұсынылады. Мақсат – әрбір отбасының қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Қазіргі таңда «Отбасын қолдау орталығы» 284 азаматпен кешенді жұмыс жүргізіп, олардың 68-інің мәселесін толық шешті. Сондай-ақ демеушілердің көмегімен 31 отбасы азық-түлікпен қамтылды.

Алдағы уақытта орталық мамандары өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға, сондай-ақ психолог пен заңгердің көмегіне мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсетуді жалғастырады.

Хұсни ХАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT