Орта дәліз және цифрлық логистика: Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығы жаңа деңгейге шықты

(0 Votes)

KAZINFORM — 14 қазанда Баку қаласында Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссияның 21-отырысы өтті. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.

Отырысқа Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Әзербайжан Республикасының Энергетика министрі Парвиз Шахбазов төрағалық етті. Іс-шараға екі елдің ведомстволары мен іскер топтарының өкілдері қатысты.

Ведомствоның мәліметінше, отырыс қорытындысы бойынша сауда, инвестиция, көлік, энергетика, цифрландыру, экология, мәдениет және жастар саясаты сияқты барлығы 17 сала бойынша өзара іс-қимылды қамтитын Қорытынды хаттамаға қол қойылды.

— Тараптар тауар айналымының тұрақты өсімін атап өтіп, сауданы әртараптандыруды, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мен бірлескен өнеркәсіптік жобаларды қолдауды жалғастыруға уағдаласты. Сонымен қатар бірлескен инвестициялық қор аясындағы жобаларды ілгерілету жөніндегі жұмысты жандандыру туралы келісімге келді. Тараптар «жасыл энергияны дамыту және тасымалдау саласындағы стратегиялық серіктестік туралы» келісімнің іске асырылуын жоғары бағалап, Green Corridor Alliance жобасы бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға ниет білдірді, — делінген хабарламада.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ пен SOCAR компаниялары арасындағы ынтымақтастық табысты жүзеге асып келеді. Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдау көлемін 2027 жылға қарай 7 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр.

Кездесудің негізгі тақырыбы Орта дәлізді (ТХКБ) дамыту болды. Тараптар көлік саласындағы ынтымақтастық пен жүк тасымалының оң динамикасын атап өтті. Әзербайжан тарапының дерегіне сәйкес 2024 жылы 287 контейнерлік пойыз тасымалданған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 26 есе артқан. 2025 жылдың 9 айында өсім 39% құрап отыр. Тараптар ТХКБ бойынша «тар жерлерді» жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруды жалғастырады. Сондай-ақ Орта дәліздің институционалдық негізін нығайту және мәртебесін арттыру мақсатында Үкіметаралық келісім жобасын дайындау мәселесі талқыланды.

Тараптар халықаралық автокөлік тасымалдары үшін электронды рұқсат қағаздарын (e-Permit) енгізуді бастауға, 2026 жылдың бірінші тоқсанында автомобиль көлігі жөніндегі аралас комиссияның отырысын өткізуге және Digital Trade Corridor пен Digital Logistics Platform жүйелерін интеграциялау арқылы логистиканы цифрландыруды жалғастыруға уағдаласты.

Сонымен қатар Әзербайжан мен Қазақстанның порт инфрақұрылымдарын дамыту перспективалары қаралды. Екі ел арасындағы тікелей әуе рейстерінің санын арттыру мәселесі де талқыланды. Елдер сондай-ақ кеме жасау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді — Каспийге арналған жаңа контейнерлік кемелер салынып жатыр, сонымен бірге қазақстандық материалдар мен технологияларды пайдалана отырып паромдар мен басқа да кемелер шығару жоспарланған. 

Тараптар цифрландыру және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде жасанды интеллект пен стартап-экожүйелерді дамыту бағытын тереңдетуге келісті. Айрықша назар Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жобасына аударылды. Бұл Қазақстан мен Әзербайжанның цифрлық инфрақұрылымын нығайтады.

Отырыс аясында ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, мәдениет және экология салаларындағы ынтымақтастық перспективалары да талқыланды.

Тараптар Бакудегі COP29 конференциясының қорытындыларын қолдайтындарын растады және климаттық бастамаларды бірлесіп іске асыруға дайын екендерін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша Үкіметаралық комиссияның Хаттамасына қол қойылып, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықтың негізгі басым бағыттары айқындалды.

Тараптар Үкіметаралық комиссияның келесі, 22-отырысын 2026 жылы Астана қаласында өткізуге уағдаласты.

Айта кетейік, Қазақстан мен Әзербайжан бейбіт атом саласындағы ынтымақтастықты нығайтады.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT