Облыс әкімі алты адамға «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын берді

(0 Votes)

Бүгін М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан еңбек адамдарына облыстың Құрметті азаматы атағын беру шарасы өтті.

Салтанатты жиынға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген адамдарды ұлықтау керектігін, олар құрметке лайық екенін атап өтті. 

- Қоғам байлығы қашанда адамның маңдай терімен жиналады. Бүгін облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына әр жылдары үлес қосып, өнегелі өмір жолын арнаған бір топ адамға «Атырау облысының құрметті азаматы» атағын тапсырғалы тұрмыз. Бұл, әрине, ең бірінші, еңбек адамдарына құрмет. Екінші жағынан, еңбек адамын әспеттеу арқылы кейінгі жас ұрпақты тәрбиелеу. Ерліктің де, елдіктің де сабақтастық дәстүрі болуы керек. Әсіресе, науқандық жұмыс кезінде уақытпен санаспай ерен еңбектің көрігін қыздырған қажырлы да қайратты еңбек адамдары қашанда құрметке лайық. Шын мәнінде, қандай жұмыс істеп жүргенің емес, оны қалай істеп жүргенің әлдеқайда маңызды. Сол себепті, жас буынды іргелі істерге бағыттап, кең ауқымды жұмыстарға жұмылдыру үшін кезінде қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосқан абзал азаматтарды әрқашан құрметтеп тұруымыз керек,-деді С.Шәпкенов.

Кейін аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін алты адамға «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын берді.

Карим Бақриденов - Гурьев облыстық телерадио комитетінің редакторы, Қазақ Радиосының, республикалық «Қазақстан-Заман» және «Сақшы» газеттерінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарды. 

Ұзаққали Елеубаев - ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты. Махамбет аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Махамбет ауданының әкімі қызметін атқарған. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ІІ, ІІІ және ІV шақырылымының депутаты. 

Асхат Иманғалиев - Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры болған. «Каспий аймағы Академиясы» қоғамдық бірлестігінің Президенті. 

Өтепберген Әлімгерейұлы - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары, «Атырау» газеті бас редактордың орынбасары, «Шежіре» шығармашылық орталығының бас редакторы қызметтерін атқарған.

Амангелді Құлбатыров - Қазақстан Ішкі Істер министрлігі және Қаржы полицисының тергеушісі, Атырау облыстық Қаржы полициясының басшысы, Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотының судьясы, Қызылқоға ауданы сотының төрағасы қызметтерін атқарған. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры.

Қайырғали Мырзабаев - Атырау, Павлодар, Маңғыстау облыстарының Ішкі істер басқармаларының бастығы қызметтерін атқарған. 

Сонымен қатар жиында облыстық мәслихаттың үздік депутаттары анықталды.

«Жыл депутаты» атағымен «Ернар Контракт» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Нұрлан Қайырденов марапатталды. «Үздік депутат» «Біз де адамбыз!» қоғамдық қорының төрайымы Гүлназ Қосмурзиева, «Жылдың белсенді депутаты» Атырау облыстық онкология диспансерінің басшысы Эльмира Сапарова болды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521