АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар бірқатар халықаралық құжатты ратификациялауға қатысты заңдарды қарап, жаңа заң жобаларын жұмысқа алады.
Естеріңізге сала кетсек, 12 қаңтарда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, бүгінгі отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді. Соған орай депутаттарға халықаралық құжаттарды ратификациялауға қатысты бірқатар заң жобасын қарау ұсынылады.
Олардың қатарында 2023 жылғы 4 желтоқсанда Мәскеуде қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісім бар. Бұл құжат тауарлардың шығу тегін айқындау және растау мәселелерінде мүше мемлекеттердің тәсілдерін біріздендіруге бағытталған. Ол бақылаудың бірыңғай қағидаларын қамтамасыз етіп, қазақстандық өнімнің сұр реэкспорт схемаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ 2024 жылғы 8 мамырда Мәскеуде қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің сақталуын мемлекеттік бақылау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын қарау жоспарланып отыр. Бұл құжат ықтимал сын-қатерлерді азайтуды көздейді.
Бұдан бөлек, Мәжіліс мемлекеттік қызмет, Алатау қаласының арнайы мәртебесі, инвестициялық қорлар, машина жасау саласын дамыту, жол қауіпсіздігін цифрландыру, сондай-ақ жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызметке қатысты жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдайды.
2024 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасы дайындалатынын айтқан болатын.
Оның атап өтуінше, жаңа заң жобасының негізгі мақсаттарының бірі – мемлекеттік қызметтегі еңбек қатынастарын реттеумен шектелмей, қоғам мен мемлекеттік қызметші арасындағы өзара байланысты заң деңгейінде реттеу. Заңнама іріктеу жүйесін жетілдіруге, ерте кәсіптік бағдарлау және мансаптық өсуді гибридтік модельдеріне сай жаңа тетіктерін енгізу арқылы мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге бағытталады.
- Сондай-ақ қызметшілер ротациясын кеңейту, әлеуметтік кепілдіктерін жақсарту, тәртіптік жауапкершілікке тарту ережелерін де қайта қарау және жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, мемлекеттік қызмет процестерін толық цифрландыру жоспарланған», - деген еді Дархан Жазықбай.
Ал өткен жылдың ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агенттік төрағасы Дархан Жазықбайды қабылдап, оған «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуге және Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру үшін заманауи HR-құралдарын енгізу маңызды екеніне назар аударды.
«Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасын Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген. Заң жобасы қаланы басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, цифрлық және инновациялық технологияларды енгізуге, заманауи халықаралық стандарттарды қолдануға, сондай-ақ қала құрылысы, әлеуметтік, экологиялық және инвестициялық үдерістерді реттеуге бағытталған.
Алатау қаласының арнайы мәртебе аясында жұмыс істеуі, оның дамуы мен қалалық үдерістерді реттеу төмендегі негізгі міндеттерді іске асыруды көздейді:
Алатау қаласын халықаралық маңызы бар экономикалық, технологиялық, ғылыми-білім беру, сауда-ойын-сауық және инвестициялық орталық ретінде қалыптастыруға жағдай жасау;
адами капиталды, инвестициялар мен технологияларды жедел тарту және дамытуға мүмкіндік беретін дербес құқықтық және әкімшілік режимді қалыптастыру әрі ұзақ мерзімді сақтап тұру;
Алатау қаласын дамытуға салынатын инвестициялардың құқықтық қорғалу кепілдігін күшейту;
«Ақылды қала» қалыптастыру және экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатында ғылым мен техниканың озық жетістіктерін, технологиялық инновациялар мен заманауи тәсілдерді қолдану;
қалалық ортаны басқарудың алдыңғы қатарлы реттеуші және жергілікті басқару тәжірибелерін енгізу.
Айта кетейік, бұл - Мәжілістің биылғы алғашқы отырысы. Осы уақытқа дейін депутаттар өңірлерді аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен, жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысып қайтты.
Өткен жылы Мәжіліс Мемлекет басшысының Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында, Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары негізінде бірқатар маңызды заңнамалық актілерді қабылдады. Жалпы, палата былтыр 100 заң қабылдаса, оның 24-іне депутаттар бастамашы болды. Сондай-ақ, еліміздің негізгі құжаттары – Су, Бюджет, Салық, Құрылыс және Цифрлық кодекстер бойынша жұмысты аяқтады.
Депутаттар «Заң және тәртіп» қағидатын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, бірқатар маңызды нормалар да қабылдады. Лудомания бойынша жаңа нормалар енгізілді. Халықты, соның ішінде жастарды қорғау үшін ғимараттарда және онлайн-кеңістікте букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынды.
Сонымен қатар, некеге тұруға мәжбүрлеу де заңмен реттелді. Бұл қадам жеке тұлғаның қадір-қасиетін, қалауы мен таңдауын және адамның құқықтарын қорғауға деген мемлекеттің ұмтылысын нақты көрсетті.
Телефон арқылы жасалатын алаяқтыққа тосқауыл қою үшін байланыс саласында қатаң шаралар қолға алынды. Алаяқтық схемаларға қатысы бар тұлғаларға, яғни дропперлерге қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бір адамның атына он абоненттік нөмірден артық ресімдеуге шектеу қойылды. Алаяқтық мақсаттағы телефон қоңыраулары үшін пайдаланылатын нөмірлерді бұғаттау ескерілді.
Халықтың қарызға батуын азайтуға бағытталған жұмыс жүйелі жалғасын тапты. Қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтардың проблемасын шешуге көмектесетін нормалар қабылданды. Халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтары үшін займдар мен шағын несиелері бойынша мерзімін кемінде үш айға шегеру мүмкіндігі белгіленді. Кепілсіз онлайн несиелер ресімдеу кезінде «салқын ақылға салып» шешім қабылдауға мұрсат беру енгізілді.
Әлеуметтік салаға қатысты да бірқатар заңнамалық шешім қабылданды. Ең алдымен, балаларды қолдауға баса назар аударылып отыр. Мәселен, мемлекеттен білім капиталы қарастырылған «Келешек» жүйесі іске қосылды.
Бұған қоса депутаттардың бастамасымен дарынды балаларды қолдауға бағытталған нормалар енгізілді. Енді халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары білім гранттарын конкурссыз алады.
Оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы да қамтылған. Сонымен қатар, мемлекеттік жәрдемақы алушылар I топтағы мүгедектігі бар балалардың немесе жеке тұлғалардың күтімін жасайтын болса, гранттар бойынша міндетті жұмыспен өтеуден босатылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты тәсілдер де қайта қаралды. Бірыңғай медициналық көмек пакеті енгізілді. Күрделі ауруларды ертерек анықтау үшін тегін көрсетілетін кепілді медициналық көмек тізіміне онкоскрининг енгізілді. Сондай-ақ, есту қабілеті бұзылған, бірақ мүгедектігі жоқ азаматтарға қажетті есту протезі тегін берілетін болады.


