Мәжіліс депутаты Ә.Жұбанов Атыраудың экологиялық жағдайы туралы депутаттық сауал жолдады

(0 Votes)

«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Әділ Жұбановтың Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа Атырау облысының қазіргі экологиялық жағдайы туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты сауалында атыраулықтарға 50 пайыздық экологиялық үстемақы төлеп, оны жергілікті бюджет есебінен жүзеге асыруды ұсынған. “Қаңтар айының алғашқы күндері Атырау облысында тұрғындармен кездесіп, сайлаушылардың талап-тілегін тыңдадық.

Қазіргі таңда шұғыл шешімді талап етіп отырған атыраулық жерлестерімнің мәселесі – экология мен соның аясында төленетін өтмақыларды енгізу. Парламент қабырғасына келген 9 айдың ішінде осы экология мәселесін үнемі көтеріп, жауапты министрлікпен бірнеше мәрте кездестім.

«Есеп беретін – Үкімет» қағидасына сәйкес әзірге 700 мың атыраулықтың уәжін бүгінгі Үкіметтің еститін түрі жоқ. Өңірдің экологиялық проблемаларының өршуіне бірнеше мәселенің негіз болып тұрғаны мәлім. Оның ішінде, Бірінші. Облысымыздағы мұнай және газ өндірудің әсерінен болатын экологиялық проблемалар. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңіріміздің атмосферасына 131 млн тонна улы, ластаушы қалдықтар шығарылды. Бұған дәлел, өңірдің медициналық ахуалы және өңір тұрғындарының денсаулығының нашар хәлде екені айғақ. Мысалы, Атырауда онкологиялық науқастар мен нәресте өлімінің көрсеткіш республикалық есептен шамамен 30 процентке жоғары. Бұл қауіпті көрсеткіш!

Екінші. «Атырау мұнай өңдеу зауыты». Атырау қаласы атмосферасының өндірістік объектілермен, әсіресе Атырау мұнай өңдеу зауытымен ластануы қауіпті деңгейге жетті. 1 945 жылы салынған зауыт атмосфераны ластап, 400 мыңға жуық қала тұрғындарының денсаулығына үлкен зиянын тигізуде.

Үшінші. «Азғыр» әскери-сынақ полигонының теріс әсері. «Азғыр» әскери-сынақ полигонына іргелес Азғыр, Сүйіндік және Асан ауылдық округтері орналасқан. Бұл жерде өте ауқымды, яғни қуаты 100 кг/тоннадан астам 17 ядролық жарылыстар болған. Соның әсерінен, халық тұтынанын судың құрамы кадмий, талий, қорғасын сияқты улы металдармен толы. Тіпті, өңіріміздегі өсімдіктер мен ағаштардың органилық құрамы бұзылып, ішінде радионуклидтердің мөлшері өті жоғары.

Төртінші. Қызылқоға ауданындағы «Тайсойған» полигонының зардабы ұшан теңіз. 40 жыл ішінде 300-ге жуық зымыран сыналып, шамамен 100 шаршы км аумақты ластады. Сол тұста 24 жерасты ядролық жарылысы өткізілді.

Құрметті әріптестер!

Жоғарыда көрсетілген нақты мысалдар мен талдаудың нәтижесі Атыраудағы экологиялық ахуалдың өте қауіпті деңгейде екенінің айқын көрінісі.

Осы ретте, төмендегі ұсыныстарды енгіземіз:

1 ұсыныс. Еліміздің Экологиялық Кодексінің 405 бабына сәйкес тезарада өңірді экологиялық дағдарыс аймағы деп тану үшін мемлекеттік комиисияның жұмысын бастау қажет. Оның ішінде заңда көрсетілген барлық мемлекеттік органдардың және білікті сарапшылардың қатысуын қамтамасыз ету керек.

2 ұсыныс. «Мұнай мен газ өндіруден ластану орындарына, сондай-ақ өңірдегі полигондарға іргелес аумақтарда тұратын халықтың кешенді медициналық-экологиялық ғылыми зерттеулері» бойынша арнайы сараптамалық жұмысын жасау.

3 ұсыныс. Қалада орналасқан Атырау мұнай өңдеу зауытын 2030 жылға дейін қала сыртына көшіру мәселесін шұғыл шешуді Үкіметтік деңгейде қарастыру қажет.

4 ұсыныс. Атырауды экологиялық дағдарыс аймағы деп танып, заңдық негізде экологиялық өтемақыларды енгізуіміз керек.

Оған дейін, жоғарыда аталған нақты мысалдарды, сондай-ақ, халықтың денсаулық көрсеткіштерінің өте нашар екенін ескере келе, жақын арада жергілікті бюджет есебінен атыраулық тұрғындарға – кемінде 50 пайыздық экологиялық үстемақы төлеуді енгізуі керек”.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT