Мықтылар таңдайтын мамандық

(0 Votes)

Бүгін Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен мерекелік шара Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпхановтың құттықтау сөзімен ашылды.

Содан кейін облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев сала ардагерлері мен төтенше жағдай саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

– Ел өмірінде құтқарушылар қызметі ерекше маңызға ие. Таңдаған мамандықтарыңыз әрдайым жоғары дайындықты, үлкен жауапкершілікті, кәсіби іскерлік пен қырағылықты талап етеді. Төтенше жағдайлар кезінде Отанға деген сүйіспеншілікті терең түсінетін Сіздердің қоғамдағы орындарыңыз ерекше, – деп, Қайрат Талапұлы олардың ер саналар ерекше мамандық иелері екенін атап көрсетті.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары антына адал қызмет етіп жүрген үздіктерді марапаттап, құрмет білдірді. Биылғы шілдеде «Ақжайық» табиғи мемлекеттік резерватындағы өртті ауыздықтауға қатысқан өрт сөндірушілер Данияр Қуаныш, Аслан Өрбісінов, Медет Мүтиғоллин, Талғат Сұңғат, Айсұлтан Темірәлиев, Асылхан Мүбараков, Радик Рамазановтар облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Нұрлан Жаңабаев саланың кешегісі мен бүгінгісіне тоқталып, өңірдегі төтенше оқиғалардың алдын алу бойынша қол жеткен табыстарын тілге тиек етті.

– Құтқарушы – халықтың тыныс-тіршілігін, аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттік маңызы бар мәртебелі мамандық. Сондықтан да халықтың өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды бейбіт күннің батырларына теңейтіні бекер емес. Әрине, қиындыққа қарамай тәуекелге бел буып, адам өмірін құтқару үшін батылдық, кәсіби шеберлік, мықты жүрек керек. Бүгінгі мереке – сіздердің осы қызметтеріңізге құрмет, – деп мерекенің мәніне тоқталған Нұрлан Мақсотұлы бір топ қызметкерге Төтенше жағдайлар министрлігінің медальдары мен әскери шендерін табыстады.

Мерекелік жиын соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT