Мерзімді басылымның бағы жана ма?

(0 Votes)

Баспасөздің бүгіні мен келешегі туралы өзекті мәселелер 25-26 қаңтарда Астана қаласында өткен Өңірлік мерзімді басылымдар форумында талқыланды.

Алқалы жиында өңірлік газеттердің дамуына қатысты жағымды жаңалықтар айтылды. Форумға қатысып, сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов қазіргі заманда кез келген ақпараттың анық-қанығын ажыратып, шынайы мәліметті елге жеткізе білу аса маңызды екенін айтты. Алтай Көлгінов өңірлік мерзімді басылымдардың оқырман саны мен таралымын көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, оқырманға уақытында жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытындағы мәселелерді тиімді шешу жолдарын құзырлы министрлік жергілікті әкімдіктермен бірге пысықтау қажеттігін айтты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өңірлік басылымдардың өзекті мәселелерін шешуде алға қойған бірқатар мақсат-міндеттерді айқындап, отандық журналистикаға қатысты жаңалықтарды жариялады.

«Бүгінде газет-журналдардың таралымы төмендеп, оқырмандар ақпаратты негізінен, интернет-ресурстардан алатыны белгілі. Соның салдарынан көптеген басылымдардың жұмысы тоқтады немесе таралымы күрт азайды. Әсіресе пандемия кезінде дәстүрлі баспалар күрделі тектоникалық өзгерістерді бастан кешірді. Бұл қиындықтар өңірлік басылымдарды да айналып өткен жоқ. Кейбір БАҚ-тар түрлі себептермен жекешеленіп кетті. Мысалы, аудандарда 159 газет жекеменшікке өткен. Бұл – жаһандық көлемдегі мәселе. Мысалы, АҚШ-та 2005 жылдан бері 2500 газет, Ұлыбританияда 200-ден астам газет жабылды. Бірақ біз өңірлік басылымдарды жекеменшік не мемлекеттік деп бөлмей, барлығына бірдей қолдау көрсетуге әзірміз. Елімізде жабылған газет-журналдардың нақты себептері терең ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді. Қазақстандық қоғамдық даму институты медиа саласындағы осындай мәселелерді кешенді түрде талдап, нақты қорытындылар шығаруға тиіс. Біз қандай шешім қабылдасақ та, ғылыми негізге сүйенгеніміз жөн» деді министр.

a

Форумның планерлық отырыстарында сөз сөйлеген журналистика саласының майталмандары, қоғам қайраткерлері, шетелде "Болашақ" бағдарламасымен білім алғандар сан түрлі сұрақтарға жауап беріп, тәжірибесімен бөлісті. Әр өңірден келген бас редакторлар, медиаменеджерлер жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Газет таратудағы "Қазпошта" қызметі сынға алынып, бұл басылым таралымының азайып кетуіне бірден-бір себепкер болып отырғандығы айтылды.

Форум барысында жаңа медиа тақырыбы жиі қозғалды. Расында да, сайттардың ықпалдылығы күн сайын артып барады. Спикерлер тарапынан дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианы бір-бірінен бөліп қарауға болмайтындығы айтылды. Журналистердің мәртебесі, әлеуметтік жағдайы, пәтерге кезекке тұруы, т.б. тақырыптардың шешілуіне қозғау салынды. Медиа-менеджмент, газет дизайны, фотосуреттерді сөйлету өнері, салалық журналистиканы дамыту мәселелері қозғалды. Екі күнге созылған форумда саладағы өзекті мәселелер қаузалды. Жиын қорытындысымен баспасөз форумы педагогтардың «Тамыз кеңесі» сынды жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болды.

a

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521