Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баспасөз конференциясын өткізді. Министр ведомствоның 2023 жылы іске асырған жобалары мен міндеттері туралы баяндады. Аида Балаева министрліктің ақпараттық жұмысы үш негізгі бөліктен тұратынын атап өтті.
Олар: медиасфераны дамыту бойынша жағдай жасау, халықты мемлекеттік саясатты іске асыру туралы хабардар ету және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. «Осы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысының жарлығымен сөз бостандығын одан әрі қамтамасыз етуге, отандық медиасфераның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ақпараттық егемендікті нығайтуға бағытталған «Ақпараттық доктрина» бекітілді. Ал, тамыз айында Үкіметтің Қаулысымен оны іске асыруға бағытталған іс жоспары қабылданды. Доктринадан туындайтын аса маңызды заң жобаларының бірі Министрлік бастамасымен жүзеге асқан «Масс-медиа туралы» заң жобасы болды. 30 қарашада Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысы өтті. Онда заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Қазіргі уақытта жұмыс тобының отырыстары аясында талқылау жұмыстары жалғасуда», – деді министр.
Спикердің айтуынша, журналистер мен Мәжіліс депутаттарының пікірін ескере отырып, әзірленген «баспасөз картасы» ұғымын айқындау тәсілдері қайта қаралатын болады. Жұмыс өтілі, жоғары білімі керек деген деген критерийлер жалпы жұмыс топтарының талқылау қорытындысы бойынша алынып тасталды. Алайда аккредиттеуді жеңілдету жолдары қалай жүзеге асатынын айту ерте. Олар алдағы уақытта айқындалады. Жалпы, депутаттар заң жобасы бойынша 114 түзету енгізді. Барлық ұсыныс Үкімет пен мүдделі органдарда келісілгенде, Мәжіліске жіберіледі. Сонымен қатар Аида Балева онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заңға тоқталып кетті. Заң жобасы аясындағы басты мәселердің бірі – мемлекеттік тілдегі онлайн-платформалар интерфейсін дамыту.
«Жарнамалық мазмұнды орналастыратын пайдаланушылардың жарнаманы таңбалау қажеттілігіне ерекше мән берілді. Бұл ережелер барлық қажетті талдаудан өтті. 2024 -жылы ақпанның соңына дейін қабылданады. Олар коммерциялық негізде материалдарды жариялайтын онлайн-платформа пайдаланушыларына әсер ететін болады.
Сонымен қатар пайдаланушылар мен инфлюенсерлерге қатысты жалған ақпарат таратқан кезде оларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Олар: 20-дан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу. Бұл норма қазірдің өзінде жұмыс істей бастады», –деді министр.
Қыркүйек айынан бастап 150 осындай оқиға тіркелген.