Премьер-министр Асқар Мамин мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Айтуынша, елде аурушаңдық қарқыны баяулап, эпидемиологиялық жағдай біртіндеп тұрақтанып келеді. Вирустың репродуктивтілік индексі – 1,01.
Республика бойынша инфекциялық орындардың 54%-і, ал реанимациялық орындардың 45 проценті бос емес.
«Пандемиядан шығудың бірден бір жолы – ол вакциналау. Қазіргі кезде 5,9 миллионнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін, шамамен 4,5 миллион адам екінші компонентін алды. Алайда бұл жеткіліксіз. Вакциналау қарқынын күшейту қажет», - деді Мамин үкімет отырысында.
Әсіресе, бұл мәселені Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының әкімдері бақылауға алып, тамызда вакциналау жоспарының орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
Премьер-министр барлық өңірде эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстау қажет екенін мәлімдеді.
«Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды облысының әкімдіктері бұл мәселеге ерекше назар аударуы керек. Халықтың шектеу шараларын, әсіресе, маска режимін сақтауын қамтамасыз ету қажет. Ол үшін мониторингтік топтардың жұмысын жандандырып, тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тарту керек», -деді ол.
Сондай-ақ Мамин «Ashyq» қосымшасын қолдану аясын одан әрі кеңейтуді тапсырды.