Басқасы басқа, төрт баласы бар әйел мас күйде жол апатын жасап, бармағын тістеп отыр.
Өйткені, ол енді 555 600 теңге айыппұл төлейтін болды. – Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзуышылық туралы Кодекстің 608-бабының 8-бөлігі және 476-бабының 6-тармағымен жол апатын жасаған азаматшаға қатысты әкімшілік іс қаралды. Сотта анықталғандай, құқық бұзушының көлік құралын басқару құқығы болмаған. Бірақ, ол 3 мамырда сағат 18:50 шамасында алкогольдік масаң күйде «MERCEDES BENZ 124» маркалы автокөлігін басқарып келе жатып, Атырау қаласындағы Мамекұлы көшесі бойында «MITSUBISHI OUTLANDER 2.4» маркалы көлігімен соқтығысқан. Сонымен қатар, азаматша төтенше жағдайдың жариялануына байланысты тұрғылықты мекенжайдан шығуға тыйым салынған шектеуді бұзған, -деп хабарлады облыстық соттың баспасзө қызметі.
Жол апатын жасаған әйелге қатысты сот отырысы онлайн режимде өтті. Сотта құқық бұзушы өз кінәсін мойындағанмен, кәмелетке толмаған төрт баласы барын алға тартыпты. Бірақ, көлігі бүлінген жәбірленушіге залалды өтемегені анықталып отыр.
Сот қаулысымен құқық бұзған азаматша кінәлі деп танылды. Сөйтіп, оған ҚР Әкімшілік құқық бұзуышылық туралы Кодекстің 608-бабының 8-бөлігімен 555 600 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен бірге, аталған кодекстің 476-бабының 6-тармағымен ескерту түріндегі жаза қолданылды.
Мұндай жазадан алкогольдік ішімдікке әуес әйел сабақ ала ма?..
Жолдасбек Көшербайұлы, egemen.kz