Әлем деңгейдегі Рахымжан зерделенді

(0 Votes)

Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы: дәстүр мен жаңашылдық-2» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференцияға негізделген, жерлесіміз, қазақтың классик жазушысы Р.Отарбаевтың күндері мұнайлы астана төрінде ұйымдастырылды.

Республиканың алыс аймақтарынан келген қонақтар жергілікті рахымжантанушылармен бірге оның бейітіне барып, құран-дұға бағыштап зиярат етті. Естияр жұрттың есін мәңгілік жаулаған жауһар дүниелер туындыгерінің жүзі жасырылғалы биыл жеті жыл заулап өте шыққан. Оның ешкімге ұқсамайтын дарылығына тәнті болған көзін көрмесе де көргеннен бетер көңілін бұрған жас ғалымдар мен талантты қамгерлер шүкір, баршылық екен, олар сонысымен Рахымжанның мәңгілігін дәлелдеді.

«Салтанат сарайында» ұйымдастырылған үлкен аста қонақтармен бірге облыс зиялылары қара көрсетіп, сырлы естеліктерімен бөлісті. Өзі айтқандай: «қазақтың қара сөзін қойша топырлатып айдап қораға кіргізген» Рахымжанның алдында қаһарлы хан тұрса да қаймықпай қақыратып тіліп-тіліп шындықты айтқан бірбеткей тура мінезі, көп-көп дарын иелеріне сәулесін түсірген биік адамгершілігі, қазақы намыстың жүзі майырылмаған алдаспаны екендігі, мәрттігі де жомарттығы ауыздан-ауызға ұласып, жүректерді тебірентті.

Аяулы жары Сәуле Отарбаева жер шеті-қияннан келіп, қиял құсына мінген ізі мен ісін жалғаған дарындарға, жергілікті аға буынға, желкілдеген құрақтай жас толқынға қай басқосуда да ағынан жарыла сөйлеп, хош келдіңін айтты. Өзі бас болып құрған «Рахымжан Отарбаевтың руханият қоры» тындырған шаруалардан хабардар етіп, алда атқарылмақ істердің жоба-жоспарымен бөлісті.

Мақат ауданына сапарлаған топ, ондағы Рахымжан талантына таңдай қағып келгендермен толығып, шығармашылық қырын жан-жақты ашып көрсеткен шараның шырайын келтірісті.

Республикалық ғылыми-практикалық конференцияға шалғайдан келгендер мұнайлы Астананы аралап көріп, Қазақ Әнұранының авторы Жұмекен Нәжімеденовтың, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Аталмыш конференция Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі Рахымжан Отарбаевтың атаулы дәрісханасында ұйымдастырылды. Оның жұмысына Қазақ әдебиетінің теориясын, қазақ әдебиеті мұраларын зерттеп жүрген беделді ғалымдар қатынасты. Модераторы белгілі қаламгер, әдебиеттану мамандығының магистрі Айнұр Төлеу болды.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС басшысы Нұрболат Елеусіновтың ұйғарымына сай «Сарайшық» журналының осы жылғы ақпан айындағы саны қағаздағы нұсқамен шығарылып, тұтастай жерлес жазушы Р.Отарбаевтың шығармашылығына арналған. Конференцияға тақырыптар бойынша мәтін әзірлеген ғалым-жазушылардың еңбектері түгел жарияланып, қатысушыларға және жұртшылыққа таратылды. Осы ауқымды жұмысты аз күнде тындырған Рахымжанның рухани қарындасы филолог ғалым, белгілі ақын, басылымның бас редакторы Гүлзада Ниетқалиеваның еңбегіне де жоғары баға берілді.

Ғылыми-практикалық конференцияда мына тақырыптар жан-жақты талқыға салынды: «Дауысыңды естідім» - Мақсат Тәж-Мұрат, эссеист-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері. «Нағыз жазушы» - Риза Әлмұхан, филология ғылымының докторы, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің қызметкері, «Бас» және намыс» - Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы хақында. Мұның да авторы Риза Әлмұхан. «SOR» сыры – Серік Елікбай Төлеубайұлы, «Торайғыров университеті» профессоры, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар филиалының директоры. «Рахымжан Отарбаев шығармашылығындағы риторикалық айшық» - Гүлзада Ниетқалиева, ақын, филология ғылымының кандидаты, республикалық «Сарайшық» журналының бас редакторы. «Аманат! Адалдық! Адамдық! Жазушы Рахымжан Отарбаев шығармаларындағы кісілік құндылықтары» - Ардақ Үсейінова, танымал журналист, жазушы. «Рахымжан Отарбаев прозасындағы символдық сөйлемдер: «Аспандағы ақ көбелектер» әңгімесі негізінде – Айнұр Төлеу, белгілі қаламгер, әдебиеттану мамандығының магистрі. «Рахымжан Отарбаев драматургиясындағы құндылықтар мен ұлттық код мәселесі» - Әлібек Байбол, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, филология және көптілді білім беру институты орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы.

«Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романындағы тарихи дискурс» - Әділ Жакуалиев, педагогика ғылымдарының магистрі, РһD доктор, Bolashaq Академиясының стратегиялық даму жөніндегі проректоры. «Рахымжан Отарбаевтың «Соңғы спектакль» шығармасындағы ұлттық бояу мен ұлтжандылық көзқарасты мектеп оқушыларына оқыту әдістемесі» - Арқалық Әмәлиятұлы, Түркістан қаласы №28 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. «Құдай сені менің маңдайыма жазған»... – Сәуле Отарбаева, журналист-жазушы, Р.Отарбаевтың жұбайы. «Р.Отарбаев шығармашылығындағы постмодернизмнің эстетикалық тенденцияларының көрінісі: Поп-Арт, сонористикадағы қаламгерлік шеберлік» - Рита Сұлтанғалиева, М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың қауымдастырылған профессоры. «Бассыз қоғамның қасіреттері» -Тарас Наурызәлі, журналист-жазушы, ақын. «Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романындағы интермедиялық байланыстар» - Ақлима Сапарова, жазушы,  РһD докторанты, әдебиеттану мамандығы бойынша магистр.

Облысымызда екінші рет өтіп отырған ғылыми-практикалық конференция жерлесіміз Р.Отарбаев шығармаларының терең идеялық мазмұнын жан-жақты ашып көрсетті. Қуанарлығы: жас ғалымдар мен жазушылардың шығармалары арқылы таныс ағасының прозалық, драматургиялық еңбектеріне құныға ден қоюы, өздері зерделеп зерттегендерімен қоймай осыған әдебиет, өнерсүйгіш бүгінгі жас таланттарды жұмылдыра білулері.

«Рахымжан Отарбаев руханият қорының» өкілдері осы конференцияға үлес қосқан жанашырларға марапаттау құрметін көрсетті. Жұбайы Сәуле Отарбаева қорытынды сөзінде көрнекті жазушыны әлемдік деңгейде әлі де көрсету барысындағы атқарылар шаруамен, конференция жұмысынан туындаған міндеттермен таныстырды. Жазушы жерлесіміз Света Қайырғалиева өз сөзінде Қазақстанның төрт бұрышынан рахымжантанушылар келіп отырғанда өз облысымыздан идеология, әдебиет, мәдениет өкілдерінің болмауына, залдың тарлығына ренішін жасырмады. Эссеист-жазушы жерлесіміз Мақсат Тәж-Мұрат облыста ақындар баршылық екендігіне, бірақ, Рахымжандай біртуар ағасының ізін жалғайтын прозашылардың тым аздығына маңыз берді. Айнұр Төлеу – модератордың: «қазақтың классик жазушысына арналған мұндай конференцияны жыл сайын өткізіп, халықаралық  деңгейге шығару үшін жұмыстанамыз» сөзі санаға мықтап орнығып қалды.

Таңатар Дәрелұлы,

 ҚР Жазушылар одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT