Биыл жерлесіміз, Қазақстан мемлекеттік әнұранының авторы, көрнекті ақын, шебер прозашы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Жұмекен Нәжімденовтің туғанына 90 жыл толып отыр.
Осыған орай ауданымызда Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы өкілі танымал ақын, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Махамбет сыйлығының иегері Әлия Дәулетбаева бастаған қазақтың маңдайына біткен көрнекті қаламгерлері ауданымызда болып Жұмекен туған жерге барып, ақынның шығармашылығын дәріптеді. Делегация құрамында ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, Жұмекентанушылар, ақындар, қоғам қайраткері Алмасбек Ахметбекұлы (Алматы), көрнекті әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы (Астана), Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржанов (Ақтау), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбай (Алматы), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ербол Алшынбай (Семей), ҚР еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Ыбыраев (Алматы), Есаман Хамит (Тараз), Әнуар Бимағамбетов (Ақтау), Талап Шерхан (Астана), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Гүлзада Ниетқалиева, Махамбет сыйлығының иегері Бақытгүл Бабаш, Асланбек Шығыров (Атырау), сонымен қатар Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнар Сүйеуова және маман Алмагүл Жанқанова бар.
Қазақстан Республикасы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов пен аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева бастаған құрманғазылықтар алыс жолдан ат арытып жеткен меймандарды ақпен, бауырсақпен қарсылап, «Құмаршық» кафесінде таңертеңгілік шай ұйымдастырды. Дастархан басында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев туған жеріміздің тарихи тұлғалары жайлы, қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов құмаршық, шүйлім, қияқ сияқты өсімдіктердің аштықта елді сақтап қалған қасиеті туралы әсерлі әңгімелеп, қонақтарды ел мен жер тарихына қанықтырды.
Жұмекентанушы ақын, қоғам қайраткері Алмасбек Ахметбекұлы: – Бүгінгі сапарымызда көп нәрсеге қанықтық. Жаңа Өмірзақ,Сәрсенбай ағамыз біраз тарихи ақпараттар айтты. Мақаш ата туралы да аз біледі екенмін. Керемет әсер алып отырмын. Жалпы Жұмекен ғана емес, Уәлитхан Танашев туралы да мақала жазған кісімін. Ол кісі шығыста, орталықта, батыста, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермековпен бірге Ертістің өзінде сегіз мың шақырым шекараны белгілегендердің бірі. 1920 жылы 12 тамызда шекара қағазы сызылған. Сонда бұл кісі көп жерден айырылғанымызға өкініп, «Ертең-бүрсүгінге қалдырсақ бұл да болмай қалар. Осыған қанағат етейік. Менің туған жерім шекараның шығысында қалғаны көңіліме күрмеу болды» деп айтқан екен. Қуаныштымын Өмірзақ аға, елмен, жермен танысып жатқаныма. Мына менің туған жеріммен осы араның аралығы үш мың шақырымнан астам. Бірақ осынша жердегі қазақ бір тілде сөйлеп, бір арман-мақсатпен жұмыс істегені біздің бақытымыз, ұлттық бірлігіміз, – деп жақсылықтар бола берсін деген ізгі тілегін жеткізді.
Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржанов: – Жұмекеннің ұлттық ақынымыз екеніне күмәнім жоқ, бірақ салыстырып қарасақ, ол қазақтық, атакүлдіктік емес, одан жоғары, адамзаттық деңгейдегі ақын. Оны шын мәнінде түсіне алмай жатсақ, оған Жұмекеннің кінәсі жоқ, біздің өреміздің, шамамыздың шамалылығы. Бізден гөрі еңселі, ойлы да бойлы ұрпақ келеді. Солар Жұмекенді өз деңгейінде көтеріп, сол арқылы ұлтымызды адамзаттық биікке көтеріп алып шығады. Мұндай ұлыларды ұлықтау өзіміздің жер бетінде, адамзат қоғамында орнымыз бар екенін дәлелдеу үшін қажет. Сондықтан мұқым Нарынның топырағында туған қасиетті ұлдарымыздың атақ-даңқы ұрпақ үшін мәңгілік мақтаныш болатын болса, солардың қатарында, қақ маңдайында Жұмекенде тұр. Түгел осы жердің әрбір қияғына, құмаршығына, егініне, боз жусанына дейін бала күнімізден етене таныс. «Ақ шағылдай», «Кішкентайдай», «Даңқ пен дақпырттай» романдары, ғажайып классикалық он жеті әңгімесі, соның бәрінде туған жерімізді ұрпағымыздың көкірегіне таңбалап кеткен. Елін жырлаған Жұмекенді тойлаған біз едік бірінші. 1985 жылы «Ақшағылда нұрланған арман» деп. Міне, сонда Тахауи Ахтановтың: «Соғыс кезіндегі ауыл өмірі жайлы шығармалардың ең үздігі «Ақшағыл». Қазақта оған жететін шығарма жоқ» деп айтқаны бар. Оған біздің күмәніміз жоқ. «Ақ шағылда» осы жер суреттеледі. Атырауда Жұмекеннің орталығы ашылады деп қуанып отырмыз. Ол орталық ашылса жырлары ЮНЕСКО-ның алты тіліне, одан әлемнің түрлі тілдеріне аударылатын болса адамзаттық құндылықтағы шығармалармен теңесетін дүниелер Жұмекенде молынан кездеседі. Сондықтан сүйер ұлымызды бәріміз сүйейік, – деп, сөйтсек ғана тарихтағы өркениетті халықтардың сапынан өз орнымызды алатынымызды жеткізді.
Көрнекті әдебиет сыншысы, ақын Амангелді Кеңшілікұлы, Маралтай Райымбекұлы Жұмекеннің өлеңдерінен үзінді оқып, тәнті етті. Шараға арнайы келген Қарлығаш Жұмекенқызы әкесін ұлықтап жатқан туған жерінің жұртшылығына шынайы ризашылығын білдірді. Келесі кезекте Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Есмұхан Жанизин, айтыс ақыны Мүтиғолла Ғани, басқа да қатысушылар сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.
Одан әрі қонақтар Ашақ сорына, Жұмекеннің туған жеріне жол тартты. Кеседей төңкерілген боз төбелердің арасымен екі сағаттай жүріп, сары бұйра құмдардың ортасындағы, Ашақтағы ақын ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қойды. Қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов алыстан келген қаламгерлерді құм арасында өсіп тұрған құмаршыққа алып барды. Ашақ сорында тігілген киіз үйде Жұмекенге ас берілді. Осы жерде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Есмұхан Жанизин Ашақ соры, Жұмекеннің әкесі Сабыреден, Нәжімеден ақсақал туралы әңгімелеп, қонақтарға қажетті ақпараттар берді. Дастархан басында Жұмекеннің құдыретін асқақтатар әңгімелер қозғалды. Аудан өнерпаздары күйлер төгілтті. Соңында ақын Светқали Нұржанов Жұмекеннің рухына Құран бағыштады.
Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде көрнекті ақындар, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегерлері Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырза-Әлі, Т.Молдағалиевтардың туғанына 90 жыл толуына арналған «Ұлт өлеңінің үштағаны» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеште аудан әкімі Абат Жанғалиев сөйлеп, қонақтарға қош келдіңін айтты. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнар Сүйеуова Жұмекеннің туғанына 90 жыл толуына арналған шаралар кеше облыс орталығында бастау алса, бүгін ақынның туған жерінде жалғасып жатқанын айтып,облыс орталығында мерейтойлық шаралар өткелі отырғанын жеткізіп, жиналғандарды соған қатысуға шақырды. Кеште танымал ақындар, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбай, қоғам қайраткері, ақын Алмасбек Ахметбекұлы, жерлесіміз, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Лондонда кітабының тұсауы кесілген ақын Гүлзада Ниетқалиева, Ақындар Бақытгүл Бабаш, Хамит Есаман, Ербол Алшынбай, Әнуар Бимағанбетов, Шерхан Талап, Асланбек Шығыров сахна төрінде Жұмекеннің және оған арнаған өлеңдерін оқып, жыр кешінің ұмытылмастай болып есте қалуына үлестерін қосты. Аудан өнерпаздары Болат Бидоллаев пен Жазира Сәрсенғалиева аталмыш шараны жүргізіп, Ермек Айсын, Қуаныш Толыбекұлы, Гүлзада Тілегенқызы, Құралай Құдиярова әсем әндер орындады.
Қанат ҒҰМАРОВ