АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда AI-Sana бағдарламасы арқылы 583 490 студент, магистрант және докторант жасанды интеллект бойынша сертификат алды.
Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына жолдаған жауабында мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, AI-Sana бағдарламасының бірінші кезеңі қорытындыланып, сертификат алған білім алушылардың жалпы саны тіркелген.
– Бүгінгі күні AI-Sana бағдарламасының бірінші кезеңін іске асыру шеңберінде 583 490 студент, магистрант және докторант сертификат алды. Бағдарлама шеңберінде оқыту нәтижелерін бағалау міндетті қорытынды тестілеуді және теориялық материалды, сондай-ақ базалық қолданбалы дағдыларды меңгеруді тексеруге бағытталған практикалық тапсырмаларды орындауды қамтиды және сертификат берумен аяқталады, - делінген министрліктің ресми жауабында.
Жауаптылар AI-Sana бағдарламасының бірінші кезеңі аясындағы оқыту бірнеше білім беру платформасында жүргізілгенін жеткізді. Оқу процесі барысында жасанды интеллект бойынша курстар халықаралық және ұлттық серіктестер базасында іске асырылған.
– Astana Hub-пен бірлесіп 2025 жылдың наурыз айынан бастап 194 441 студент сертификатталды. Coursera компаниясымен ынтымақтастық аясында 95 жоғары оқу орнына 36 890 лицензия беріліп, олардың нәтижесінде жасанды интеллект бойынша 86 775 сертификат алынды. Бағдарламаны іске асыру барысында Huawei компаниясы Huawei ICT Academy аясында жасанды интеллект бойынша білім беру курстарын енгізді, оқыту 48 академия базасында жүргізіліп, нәтижесінде студенттер 243 755 сертификат алды, - дейді мамандар.
Айта кетейік, биылдан бастап Атырау облысындағы білім беру ұйымдарында орнатылған бейнебақылау жүйесіне жасанды интеллект мүмкіндіктері енгізіледі.


