Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи апат – су тасқынана байланысты Үндеуінде: «Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады.Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.
Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі», деген болатын. Қазір осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Елімізде ауқымды су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеуді Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізуде. Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және республиканың басқа да бірқатар облыстарының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштер беруде. Бүгінгі таңда 16 343 өтініш қабылданған. Биылғы 19 сәуірдегі жағдай бойынша, зардап шеккен өңірлерде 2787 отбасы шамамен 2,4 млрд теңге сомасына 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Келтірілген материалдық шығын үшін өтемақы көлемі 565,7 млн теңгеге жетті. Бұл қолдау шарасы 1377 отбасын қамтыды. Бүгінгі таңда зардап шеккен өңірлерде 3053 тұрғын үй тексеріліп, 1807 нысан бойынша бағалау жүргізілді. Қазірдің өзінде 206 отбасы 254 млн теңгеден астам сомаға жөндеу жұмыстарын жүргізуге төлем алып үлгерді. Келтірілген шығынды өтеу жұмыстары жалғасуда және Үкіметтің қатаң бақылауында.
«Кімнің-кім екенін басыңа іс түскенде танисың», деген сөз бар. Елдің бірлігі осындайда көрінеді ғой. Аяқ астынан отырған үйлерін басқан судың салдарынан баспанасынан айырылған адамдарға қол ұшын беруден азаматтарымыз тартынбауда. Тасқын су халқымызды біріктіріп жібергендей. 19 сәуірдегі жағдай бойынша «Қазақстан халқына» қорына Қазақстандағы су тасқыны жағдайына бейжай қарамайтын ел азаматтары мен отандық компаниялардан 2,54 млрд теңге жиналды. Зардап шеккендерге қаражат жинау 30 сәуірге дейін жалғасады. Жиналған қаражат баспанасыз қалған отбасыларға үй тұрғызу жұмыстарына жұмсалады. Мыңдаған азамат қызыл судан зардап шеккендерге мүмкіндігіне қарай қаражат жіберіп жатыр. Олардың қатарында Қазақстан азаматтары, шетелдіктер, шетелдік компаниялар бар. Кейбір азаматтардың көмегі 1 миллион теңгеге жетеді. Экономиканың әртүрлі салаларының көптеген ұйымдары бір күндік жалақыларын жіберді – бұл мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар, мемлекеттік және ұлттық компаниялар, жеке ұйымдар мен кәсіпкерлер. «Құрылыс, көлік және логистика секторларының компаниялары ірі мақсатты салымдар жасады: олар B&A Contractors SA, Mabco Constructions S.A., Eastcomtrans, Otau-Stroy, KazVagonBuilding. «Қазақстан Халық банкі», «Достар» компаниясы, KBI Energy Group және басқалары», делінген «Қазақстан халқына» қорының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта. Атап айтсақ, Қазақстан Халық банкі – 950 млн, Н.Назарбаевтың Мәдениет, білім және әлеуметтік бағдарламалар қоры – 300 млн, Mabco Constructions S.A – 250 млн, B&A Contractors SA – 250 млн, Инсткомтранс – 100 млн, «Достар» компаниясы – 50 млн, «Отау строй» – 50 млн, өзге заңды тұлғалар – 508 690333, жеке тұлғалар – 38 033 657 теңге қаржы аударған. Көмек ауылдық жерлерде тұрғын үйлер салу арқылы көрсетіледі. Жалпы 2024 жылғы 1-19 сәуір аралығында қорға түскен 2 546 723 901 теңгеге 100 тұрғын үй салынады. Одан бөлек 400 тұрғын үй салу үшін қордың өзі 10 млрд теңге бөліп отыр.
Сонымен қатар, әлі тасқын су жете қоймаған өңірлердегі жұмыстарға жергілікті тұрғындар да белсене араласуда. Біреулер қолында бар құрылыс материалдарын, техникасын бөгет бекітуге ұсынса, басқалары сол жерде жұмыс жасап жатқан техникаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге қаржылай көмектесіп, түскі және кешкі тамақты өздері ұйымдастыруда. Біз осындай бірлігімізбен күштіміз. Бірлік бар жерде тірлік бола бермек.
Қанат ҒҰМАРОВ