Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қазіргі басты мәселе: жоғары инфляция экономикалық көрсеткіштер мен халықтың табысын «жұтып қойып» жатыр. Оның дайын тұрған шешімі жоқ, бұл – көптеген мемлекет бетпе-бет келіп отырған түйткіл. Мәселе бәріне ортақ болғанымен, ол біздің жағдайда айрықша сезіліп отыр. Осы макроэкономикалық құрсаудан шығуымыз керек», деген болатын.
Инфляция әлем бойынша бар. Соңғы жылдардағы саяси өзгерістер, қарулы қақтығыстар оны ушықтыра түсті. Көп елдермен салыстырғанда теңге аса қатты теңселіп тұрған жоқ. Солай бола тұрса да инфляцияны ауыздықтау шараларын алу ауадай қажет. Баға ырықсыз кетсе, халыққа ауыр тиеді. Халықтың табысын инфляция жұтып отырғаны рас. Қазір дүкенге бара қалсаңыз бәрі қымбат. Бұлай жалғаса берсе айлық шайлыққа жетпей, тамақ алу үшін де несиеге жүгінуіміз мүмкін. Себебі, елдің бәрі бірдей жүздеген мың табыс таппайды. Ең төменгі жалақымен, бала ақшасымен, зейнетақысымен күнін көріп жүргендер бар. Сондықтан Мемлекет басшысының Үкімет пен Ұлттық банкті көрпені өзіне тартпай бірлесе қимылдауға шақыруы орынды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп халқымыз текке айтпаған.
Қанат Ғұмаров