«AQNIET» ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА БІР ҒАСЫРДАН АСТЫ.
Денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағы адалдық пен жоғары этикалық стандарттарға сәйкестенеді. Сала жұмысшыларының лайықты еңбек жағдайларына қол жеткізуге ерекше жауапкершілік алады, демократиялық елдегі азаматтық қоғамды дамытудағы кәсіподақтардың бірегей рөлін асқақтатады. Сондықтан кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғап, ілгерілететін, кәсіподақтың нәтижелі жұмысы үшін қолайлы жағдайлар жасап, сондай-ақ ел азаматтарының кәсіподақтарға деген көзқарасын жақсы жаққа көтереді.
Осы кезең ішінде әлеуметтік әріптестікті дамыту мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасымен салалық келісім жүйелі түрде қабылданды. Барлық денсаулық сақтау мекемелерінде ұжымдық шарттар жүзеге асуда. Бұдан басқа медицина қызметкерлері мен олардың отбасыларының денсаулығын сақтау және демалысын ұйымдастыру бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Дәстүрлі түрде өтетін қайырымдылық акциялары «Қамқорлық», «Болашаққа жол», «Кәсіподақтың күші – бірлікте» және басқа шаралар медицина қызметкерлерінің абыройын көтерді. Атырау облыстық филиалы республикалық түрлі байқауда бірнеше рет бас жүлделі орындарға ие болып, нәтижелі жұмыстарын дәлелдеді. Осы жылдар ішінде халықаралық тәжірибе де қажет етілді. Сондықтан Қазақстан делегациясы құрамы XXIX Дүниежүзілік кәсіподақтар конгресіне қатысты. Әлемнің барлық дерлік елдерінен келген 1200 делегат форум барысында еліне, жеріне, нәсіліне, дініне қарамай, кәсіподақтың мақсаттары бір екенін айрықша дәлелдеді.
Атырау өңірінде кәсіподақ қозғалысының дамуына ерекше үлес қосқан кәсіподақ ардагерлері: Карим Саспанұлы Саспанов (облыстық аурухана), Гүлжан Ахметқызы Омарова (ОблСЭС), Гүлжан Юсупбекқызы Джумаханова (ЖШС Стоматология), Ирина Тихоновна Башарова (Облыстық кардиологиялық орталығы), Күләш Құбайдоллақызы Қаражанова (Индер АОА), Гүлнар Нығметқызы Құрманғалиева (АҚ Фармация), Гапу Каниұлы Каниев (Жылыой АОА) және Құрманғазы топырағынан: Бауыржан Ахонұлы Кенжебаев (Құрманғазы АОА) еңбектері сіңгенін атап өткеніміз жөн.
Қазіргі таңда 2024 жылдың шілде айынан бастап медицина саласындағы және кәсіподақ белсендісі ретіндегі көп жылдық тәжірибесін ескере отырып, облыстың медицина қызметкерлерінің сайлауымен «AQNIET» қазақстандық салалық денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметкерлері кәсіподағының Атырау облыстық комитетінің төрайымы қызметін Мутиева Гүлсара Нурмуханбетқызы атқаруда.
Бүгінгі таңда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбек қатынастары мен еңбек дауларына зор мән беріліп отыр. Осы негізде әлеуметтік әріптестік қарқынды дамуда. Республикалық үш жақты келісім комиссиясында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы әлеуметтік әріптестік комиссия отырыстарында өзекті мәселелер қаралып, шешімі табылуда.
«AQNIET» кәсіподағы өз қызметіне денсаулық сақтау саласындағы заңнамалық және нормативтік актілерді әзірлеуге және оларға түзетулер енгізуге қатысуға әрқашан басымдық береді. Шынында да сала қызметкерлері мен білім алушы жастардың өмір сүру деңгейін арттыру, олардың әлеуметтікэкономикалық құқықтарын сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайы мен тұрақты жалақымен қамтамасыз ету заңнамалық және нормативтік актілердің сапасына байланысты.
Кәсіподақ медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды енгізуге байланысты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобына енуге қол жеткізді. Кәсіподақтың ұсыныстарында кәсіби міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыру жөнінде нормалары көзделген. Бұл нормалар, ең алдымен азаматтардың медициналық қызметтерді алу кезінде денсаулығы мен өміріне абайсызда зиян келтірген білікті мамандардың кетуін азайтуға бағытталған.
Кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау міндеті 100- ден астам жыл бұрын осы қоғамдық ұйымда тұрды және бүгінгі күнге дейін сақталуда. Соңғы жылдары бұл жұмыс жүйелі деңгейде жүргізілуде, сот арқылы қорғау және мемлекеттік органдардың еңбек заңнамасының сақталуын қадағалау және бақылау мүмкіндіктері тиімді пайдаланылуда.
Егер кәсіподақ мүшесі қиын жағдайға тап болса, оған, ең алдымен, заңгерлік кеңес беріледі. «AQNIET» Кәсіподағы Орталық Кеңесі жанында «Медициналық адвокат» жобасы жүзеге асуда. Жоба заңгерлердің сотқа дейінгі іс-шараларға қатысуын қамтамасыз етеді. Ал егер іс сотқа жетсе, «Қорғау мед» жобасы бар. Онда барлық сатыдағы сотта қызметкерлердің мүдделері қорғалады.
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында «AQNIET» Қазақстандық салалық денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметкерлері кәсіподағының атынан барша Құрманғазы ауданындағы денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін шын жүректен құттықтап, сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасы амандығы мен кәсіби табыс тілейміз!
Рахмет сіздерге, жүрекпен емдейтін жандар!
Гүлсара МУТИЕВА, «AQNIET» қазақстандық салалық денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметкерлері кәсіподағы Атырау филиалының төрайымы