Есірткі – бұл адамның көңіл күйін, сана-сезімін, мінез-құлқын бұзатын қауіпті және заңмен тыйым салынған химиялық зат.
Есірткіні және психотроптық заттарды сату мақсатында (сату мақсатынсыз) заңсыз дайындағаны, қайта өңдегені, иемденгені, сақтағаны, тасымалдағаны, жөнелткені немесе өткізгені және құрамында есiрткi заттары бар өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіргені үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296, 297, 300-баптарында қылмыстық жаза белгіленген.
Бұл қылмыс түрлері Заңда көзделгендей халық денсаулығына және имандылыққа қарсы бағытталған қылмыстар санатына жатады, сол үшін олардың ауырлығына қарай ең жоғарғы жаза ретінде 10 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазалары көзделген.
Ағымдағы жылдың 7 айында аудандық сотпен осы есiрткiнің заңсыз айналымына қатысты 1 адамға қатысты 1 іс қаралып, сот үкімі шығарылса, 2022 жылы 5 сот үкімімен 5 адам сотталған. Мысалы, аудан тұрғыны «Т» жеке өзі пайдалану үшін тұрғын үйінің ауласында құрамында есірткі заттары бар, өсiруге тыйым салынған 17 түп сора өсімдігін заңсыз егіп-өсіргені үшін сот үкімімен 4 жыл мерзімге шартты түрде сотталды. Қабылданып жатырған шараларға қарамастан елімізде бұл санаттағы қылмыстардың саны жыл сайын өсуде.
Сондықтан бұл санаттағы қылмыстардың алдын-алу, жолын кесу және болдырмау мақсатында тек мемлекет тарапынан емес, қоғаммен бірлесіп, ұйымдасқан түрде жұмыстар атқарып, күресуіміз қажет.
Құрманғазы ауданының прокуратурасы