Елде қанша әйел IT мамандығын тегін меңгерді

(0 Votes)

KAZINFORM — Биыл IT-Aiel жобасы аясында 4 мыңнан астам әйел қаржылық, цифрлық сауаттылығын арттырды. Олардың арасында Қырғызстан, Түркия, Өзбекстандағы қандастар да бар. 

IT-Aiel жобасы Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Technowomen коммерциялық емес ұйымы мен Astana Hub технопаркінің қолдауымен іске асырылып жатыр. Биыл 4 мыңнан астам әйел біліктілігін арттырды.

— Әйелдер қазірдің өзінде ғылым мен білімде алда. Магистранттардың 57 пайызы, докторанттардың 61 пайызы әйел. Ақпараттық-технологиялық коммуникация саласына қыздар көбірек келіп жатыр. Телекомда 46%, ақпараттық қауіпсіздікте 30%, зерттеушілерде 55% әйел. Әйелдер құрған стартап 23%-ға жетті. Бұл елдің үлкен адами капиталы. Оны жоғалтпай, керісінше дамыта беруіміз керек. Биыл AqylTech пен IT Aiel бағдарламалары үшін серпіліс жылы болды. Ел бойынша 11 мыңнан аса адам онлайн және оффлайн оқыды. Жалпы үш жылда 21 мыңнан астам әйел цифрлық сауаттылығын арттырды, — деді ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Азиза Шөжеева.

Оның айтуынша, бұған дейін Алматы мен Астана, Қарағанды қалаларының әйелдері белсенді болса, биыл Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында ЖИ жолын үйренгендер көп кездесті. Көбі 36-45 жас аралығындағы әйелдер.

— IT Aiel жобасына қатысқан әйелдердің көбі үй шаруашылығында отырғандар мен уақытша табысы бар адамдар. Биыл жобаға қатысқандардың 19 пайызға жуығы 45 жастан асқандар. Сонымен бірге зейнет жасына жақындаған әйелдер де цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, табыс табуды үйренді. Тек ел ішінде тұратындар емес, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстандағы қандастарымыз онлайн білім алып, жаңа жобаларды игеруге мүмкіндік алды. Әлеуметтік желі арқылы біліп, көріп, қатысты. Келер жылы ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Себебі сарапшылар, ментор, тренерлер де білікті мамандар. Олардан көп нәрсе үйренуге болады. Онлайн тіркелген соң өзіне ыңғайлы уақытта оқып, үйренуге жағдай жасалды, — деді Азиза Шөжеева.

IT Aiel жобасы келер жылы жалғасады. Жобаға өтініш қабылдау жыл басында басталады. Келер жылы вайб-кодингке басымдық беріледі. Бұл дегеніміз сайт пен мобильді қосымша дайындау жолы. Оған ЖИ пайдалануға болады және табыс табуды үйретеді.

Technowomen кеңесінің мүшесі Алуа Көрпебаеваның айтуынша, жоба үш бөлімнен тұрды. Олар: қаржылық, цифрлық сауаттылық пен киберқауіпсіздік, кибербуллинг.

— Бағдарлама арқылы 1300-ден астам әйел жаңа мамандықты игеріп, табысын арттырды. Олар ірі компанияларға жұмысқа орналасты. Оқып, біліктілігін арттырған әйелдердің 36%-ы өте жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Қаржылық сауаттылық бөлігінде кәсіп бастау, оны жүргізуді үйренді. Ал ІТ бөлімінде ЖИ-ді үйреніп, дизайн жасады. Чат-бот жасауды меңгерді. Киберқауіпсіздікте балаларды, зейнеткерлерді қорғау жолын білді, — деді Алуа Көрпебаева.

Еске салсақ, 2023 жылы Astana Hub Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп IT саласында жұмыс істегісі келетін әйелдерді оқытуды бастады.  Сол жылы 2307 әйел IT-Aiel бағдарламасы бойынша IT мамандықтарға оқуға өтініш берді. 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT