ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТУДА АТЫРАУ ӨҢІРІНІҢ ОРНЫ ЕРЕКШЕ

(0 Votes)

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде онлайн кеңес өткізді. Кеңес барысында Мемлекет басшысы аймақтағы көптеген күрделі мәселелерге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге тартылған инвестицияның 30 пайызға жуығы Атырау облысына тиесілі екенін айта келіп, Қазақстанның өнеркәсіп өнімінің жалпы көлеміндегі Атыраудың үлесі 20 пайызға жеткенін хабарлады. Шынында Қазақстанның экономикасын дамытуда Атырау өңірінің орны ерекше. Дегенмен өңірде әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер жеткілікті. Оны Президенттің өзі де атап өтті. «Былтыр мұнда өнеркәсіп өндірісі мен тұрғын үй құрылысының көлемі, шағын және орта бизнес өндіретін өнім мөлшері азайып кетті» деді Мемлекет басшысы.

Президент аймақ ахуалын дамытуға арналған 7 міндет қойды. Оның алғашқысы – мұнай-газ өнеркәсібін дамыту. Бұл бағытта Үкіметке өңір әкімдігімен бірлесіп ірі мұнай-газ жобаларын уақтылы жүзеге асыруды бақылауды тапсырды. «Қашаған кен орнын толық игеру керек. Сол арқылы бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 миллион тоннаға арттыруға болады. Нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, отандық қызмет көрсету компаниялары мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндіктер туады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент осы кеңесте автожолдарды дамыту, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау жүйесін нығайту, аймақты энергиямен және сумен қамтамасыз ету, өңірдің экологиясы секілді мәселелелерді алға тартып, оларды шешудің алғышарттарын атап өтті.

Жұмыспен қамту жайын көтерген Мемлекет басшысы Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан «Болашақта кеңею жобасы» жақында аяқталатын, сол уақытта алдағы үш жылда 55 мың адам жұмыстан босайтынын айтты. «Облыс әкімі оның 31 мыңын еңбекпен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл Атырау облысының ғана міндеті емес екенін еске саламын.  Жоба аясында вахталық тәсілмен өзге аймақтардың тұрғындары да жұмыс істеп жүр.  Үкіметке жұмыстан босатылатын барлық жұмысшыларды біртіндеп еңбекпен қамту мәселесін пысықтауды тапсырамын» деді Президент.
Мемлекет басшысының назарына ілінген бір мәселе өңірді сумен қамтамасыз ету болды. Президент Жайық өзені қатты тартылып, оның экологиялық ахуалы күннен күнге нашарлап бара жатқанын атай келіп, бұл мәселе ауыз суға мұқтаж болып отырған жергілікті тұрғындар мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге қиындық тудырып отырғанын алға тартты. Бұл мәселенің шешімін табу үшін Үкіметке Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарламада көрсетілген іс-шараларды уақтылы қаржыландыру керектігін еске салды.

Сондай-ақ Президент әлі күнге дейін ауылдарды таза ауызсумен қамту толық аяқталмағанын, облыс бойынша 30 ауылға ауызсу жетпегенін айта келіп, Үкімет пен әкімдікке бұл мәселені алдағы екі жылда толық аяқтауды міндеттеді.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің даму барысы мен кеңесте аталған барлық мәселелердің уақтылы шешілуін өзі тікелей бақылауда ұстайтынын қаперге салды. Президент Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоспардың жобасы дайындалғанын, аталған кешенді жоспар жүзеге асырылған кезде өнеркәсіпті, агроөнеркәсіп кешенін, туризм саласын дамытуға, энергетика және экология саласындағы аймақтағы түйткілді мәселелер түбегейлі шешілетініне сендірді. Осы мақсатта Үкіметке аталған жиын қорытындысы бойынша жоспарды толықтырып, 1 айдың ішінде бекітуді тапсырды.

Мемлекет басшысының Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде арнайы кеңес өткізіп, аймақтағы ахуалға алаңдаушылық білдіруі баршамызды шын қуатты. Егер Президент көтерген осы мәселелер қолға алынып, бөлінген қаражат тиімді жұмсалса, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқаты арта түсері анық.

Замзагүл Карсакова,

облыстық мәслихат депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521