Дыңғызыл ауылдық округіне қарасты бөгеттердің ұзындығы 3813,17 метр. Соның 900 метр жеріне жөндеу жүргізілмек. Әсіресе 130 метрі, Данай учаскесіндегі су көтеру қондырғысы ғимараты тұрған жаға бойы жыл сайын қауіп төндіреді.
Бөгеттің жартылай опырылып құлағанына да біраз жыл болды. Неше келсек көретініміз осы көрініс. Қаншама бекітілгенімен су шайып кете ме, әйтеуір жылда өзіне бет бұрғызады. Бұл жер Қиғаштың айналма тұсы екенін, ағын барын бұған дейін талай рет естігенбіз. Оның үстіне кемелер, қайықтар жүрген кезде олардан тараған толқындар да зиянын тигізуде. «Tolagai-2025» ЖШС бұл жерге салуға бір тонна топырақ кететін қаптарды дайындап қойыпты. Олар кранмен жаға бойына қаланбақ. «Бұл әнім бұрынғыдан өзгеше», дегендей, бір тонналық ірі қаптарды көріп Данайдың жағасы мықтап бекитін түрі бар деп ой түйдік. Себебі, учаске бастығы Кенжебек Батырхановтың айтуынша мықты салынған бөгеттің үстінен автокөлік жолы да жасалады. Мердігер мекеме өкілін мұқият тыңдаған аудан басшысы Абат Сайфоллаұлы өз ұсыныстарын айтып, тапсырмалар берді.
Ауыл ішіндегі мектепке қатынау жаңбырлы күндері қиындық тудыратын. Жыланды ауылының тұрғындары аудан басшысымен кездескенде осыны айтып көмектесуін сұраған. Сөздері жерде қалмай, «Атырау жолдары» ЖШС демеушілік жасап, білім ұясына дейін топырақ төгіп берген. Елді мекеннің көшелерінің ортасындағы дөңкиген төбешіктерді жою да біраздан бері сөз болып келе жатқан. Іскер әкім Оралбай Әзімов оның да шешімін тауыпты. «Сабақты ине сәтімен», дегендей, бөгетті бекітуді бастаған мердігерге төбешіктерді күреп, топырағын тасып алуды ұсыныпты. Сөйтіп, кейбір көшелердің сәні кіріп қалыпты.
Екі ауылды бөліп тұрған өзеннің жағасына келгенімізде аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы:
– Осы жерден Көптоғай мен Жыланды ауылдарын байланыстыратын автокөлік көпірі салынады. Қазіргі күні қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатыр. Өзеннің екі жағында осы көпірге әкелетін жол да болады. Көптоғай ауылдық округімен қатынас жеңілдейді, – деді.
Бұл әрине жақсы жаңалық. Ресеймен шектесіп, өзеннің арғы бетінде жатқан елді мекеннің бір мәселесі осылай шешілмек.
Геошпонт, геокаркас қолданылады.
Шортанбай ауылдық округінде жаға бойындағы бөгеттердің ұзындығы – 1 585,05 метрді құрайды. Мұнда да 600 метр қауіпті жерлер баршылық. Көтеруді қажет етеді. Оның кей тұстары тұрғындардың қорасымен өтеді. Бөгеттің үстіне дейін қоршап алғандар оны әлі аша қоймапты. Округ әкімі Мейіржан Ғұмаров олар кедергі жасамас үшін топырақ төгу басталғанда алынатынын айтты. Тонналық қаптар бөгеттің жаға бойына салынып тасталған. Енді оның үстіне топырақ төгілмек. Аудан басшысы Абат Жанғалиев, округ әкімі Мейіржан Ғұмаровпен әңгімесінде мердігер «Tolagai-2025» ЖШС-нің учаске бастығы Кенжебек Батырханов құрылыс материалдары жеткілікті екенін қаперге берді. Қиыршық тас, ПГС Ақтөбе қаласынан әкелінуде.
Жаға бойына су шайып кетпеуі үшін бөгеттердің төменгі жағына геошпонт салынып, геокаркас төсеп, бетон құйылады. Жоғарыда аталған барлық бөгеттер осылай жасалады. Мердігер мекеме өкілінің мәлімдеуінше бұл жұмыстар өр суы келгенше атқарылады. Өр суы келіп, балық уылдырық шашатын мезгілде экологиялық талаптарға сай уақытша тоқтатылып, су қайтқаннан кейін жалғасын табады.
Қанат ҒҰМАРОВ