БӘРІ ДЕ – ЕҢБЕК ПЕН ЕРКІНДІКТІҢ АРҚАСЫ

(0 Votes)

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыстап жатыр. Алаштың атын әлемге әйгілеген әнші Димаш Құдайберген мен атыраулық дүлдүл күйші Айгүл Үлкенбаева «Халық әртісі» атанды. Мұның артында ерен еңбек пен елге деген ерекше сүйіспеншілік жатқанын біреу білсе, біреу білмес...

Өзіме келсем, біз, яғни, бүгінгі аға буын кезінде еңбекке ерте араластық. Мәселен, мен 18 жасымда ұжымшар мен кеңшарларға жұмысқа орналасып, тәжірибе жинадым. Қандайма қызметтің қиындығына қарамастан, кірпіш зауытында, құрылыста үздіксіз еңбек еттім. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылсақ та, әйтеуір, жұмыс жасауды бір сәтке тоқтатпадық. Кейін Өтеболат деген азаматпен отбасын құрып, жеті бала тәрбиелеп, ұлағатты ұрпақ өсіріп-өндірдік. Қазір жасымыз сексенге келді. Шүкір, еткен еңбегіміздің жемісін жеп жатқан жайымыз бар. Осы игіліктің бәрі де ата-бабамыз аңсаған азаттық пен еркіндіктің арқасында қол жетіп отырғанын ұмытпауымыз керек.

Сірә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да бүгінгі салтанатты жиында: «Бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болады. Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады. Жастар кез келген өзгеріске бейім болады. Әр нәрсені бойына тез сіңіреді. Мен сіздерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік» деп тегін айтпаса керек.

Осы орайда, барша қазақстандықтарды, соның ішінде жерлестерім – Құрманғазы ауданының тұрғындарын Республика күнімен құттықтағым келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, қалғаны жалынды да жігерлі жастардың қолында. Мереке құтты болсын!

Зоя ТЕМІРТАСҚЫЗЫ,

«Алтын алқа», «Еңбек ардагері» медалінің иегері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521