«Бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырамыз»

(0 Votes)
«Әрине, еліміздің болашақтағы бейнесі сан қырлы, оны әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Алайда оның негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болады. Бұл үшеуі бір-бірінен бастау алады және өзара тығыз байланысты.
 
Еліміз стратегиялық бағдарынан ешқашан ауытқымайды. Біз мықты демократиялық институттары және дамыған құқықтық жүйесі бар Әділетті мемлекет құрамыз. Ел ішінде заң мен тәртіп қатаң сақталады. Бұл – саясатымыздың тұғырлы қағидаты. Біз баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастырамыз. Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады.
 
Біз «бірлігіміз – әралуандықта» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтайтын боламыз. Түрлі діндер мен конфессияларды жақындастыруды және қазіргі заманғы өзекті мәселелерге қатысты диалог орнатуды көздейтін мәртебелі миссиямызды атқара береміз. Біз азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыратын, барша әлемнің кәсіпкерлері, инвесторлары мен талантты адамдары қызығатын ашық әрі дамыған экономика құрамыз. Бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырамыз.
 
Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді. Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді.
 
Мен жуырда Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен арнайы кездестім. Сонда айтқан ойымды еліміздің барша жастарына тағы да қайталағым келеді. Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Көп ұзамай мемлекетті басқару ісі, яғни ел тізгіні бүгінгі жастардың қолына өтеді. Сіздер осы жауапкершілікті қазірден бастап сезінулеріңіз қажет. Өздеріңізге жүктелетін тарихи миссияны орындауға қашанда дайын болуларыңыз керек. Біз жасампаз халық болуымыз қажет. Оған әлеуетіміз толық жетеді. Сан ғасырлық тарихында қазақ мемлекеттігінің құрылымы талай рет өзгерді. Бірақ елдігіміздің тұғыры қашанда – берік, ұлтымыздың рухы – әрдайым асқақ.
 
Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға ұмтылуымыз керек. Өнімді еңбек етіп, сапалы білім алып, ортақ мақсатқа жұмыла білуіміз қажет. Сонда болашағы жарқын, қуатты мемлекетті бірге құрамыз».
 
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521