Биыл дала еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі ерекше құрметпен - Мемлекет басшысының қатысуымен атап өтілді

(0 Votes)

Атырау облысынан «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің аға түйе-бақташысы Берік Салауов еліміздің ауылшаруашылығы секторының дамуына сіңірген ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін ҚР Президентінің Жарлығымен «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанды.
 

Берік Салауов өмірінің 40 жылға жуық уақытын ауыл шаруашылығына арнап келеді. Кешегі күні оған Орденді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында салтанатты түрде табыстады.

Жасынан еңбекке әбден ысылған Берік Салауов Атырау облысы, Құрманғазы ауданы (бұрынғы Теңіз), Жыланды ауылында туып-өскен. Еңбек жолын 1984 жылы «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің көмекші-түйеші болып бастады. Кейін 1992 жылдан бастап осы өндірістік кооперативте аға түйеші-бақташы болған ол күні бүгінге 40 жылға жуық уақыт бойына осы тіршілігін жалғап келеді.

Қай-қай төрт-түліктің де өз сыры болар. Дегенмен, түйе – момын жануар болғанмен, өте сырбаз, маңғаз. «Мал баққанға бітеді» дегендей тілін түсініп, бабын таппаса, қораңа түйе түгіл лақ та құтаймайды, балапан да бітпейді. Оның үстіне, малды мал мен дала сырын жетік білетін жандар ғана баға алатыны, ол кез келгенге бұйдасын ұстатып, шылбырын беретін жеңіл кәсіп емес екені және бар. 

Десекте, еңбек ету ешқашан ескірмейді, сондықтан жас ұрпақты еңбексүйгіштікке баулу үшін Берік Салауов сынды еңбек майталмандарының есімін қастерлеп, еңбегін насихаттап, іс-тәжірибесін шаруашылықтарға үлгі етіп ұсыну үрдісі тоқтаусыз жалғасатын болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT