БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ АТАУЛЫ КҮНДЕРІНІҢ ІШІНДЕ ЖЫЛ БОЙЫНДА АТАЛЫП ӨТЕТІН ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ ЕЛІМІЗДЕГІ ДОСТЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ РУХЫН ПАШ ЕТЕТІН МЕРЕКЕ БОЛЫП ҚАЛМАҚ. 1995 ЖЫЛЫ ҚҰРЫЛҒАН ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЭТНОСАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ИНСТИТУТЫ БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БІРЛІКТІҢ БІРЕГЕЙ МОДЕЛІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА МАҢЫЗДЫ РӨЛ АТҚАРЫП КЕЛЕДІ.
Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылды. Елдің саяси жүйесінің толыққанды субъектісі ретінде әрекет ететін, әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды болмаған жаңашыл құрылым ретінде танылды. Қазақстан – осында туып-өскен әрбір ұлт өкілінің қасиетті қара шаңырағы. Олар да елімізді Отаны санайды.
Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде салт-дәстүрімізді ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында тарихи отандарына көшкендерінің кейбірі барған жеріне үйрене алмай қайтып келіп те жатыр. Ал, сонда тұрақтап қалғандары әлеуметтік желілерде халқымыздың қонақжайлығын, адамның ұлтына емес, адамгершілігіне қарап өз бауырындай көріп құрметтейтінін жыр етіп айтуда. Бұл – қазақтың адами болмысына берілген әділ баға! Небір қиын - қыстау замандарды басынан өткізіп, Ақтабан шұбырынды – Алқа көл сұлама мен аштықтың қасіретін тартқан халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі.
Қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар осы. Оны бағалай білгеннің арқасында ертең не күтіп тұрғаны белгісіз мынау алмағайып заманда татулықтың аралына айналып бейбіт өмір сүрудеміз. Бүгінде Ассамблея аталған мәртебеден де мықты құқықтық негізі мен қоғамдық-саяси мәртебесі бар конституциялық органға дейін өсті. Мемлекет басшысы Ассамблея ұсынған Парламент Сенатының 5 депутатын тағайындайды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 1000 - нан астам этно мәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Өңірлерде ҚХА жұмысын үйлестіретін және қамтамасыз ететін 34 Досты қүйі бар. Бұл – ассамблеяның көп функционалды ресурстық орталықтары және ассамблеяның бірқатар республикалық және халықаралық жобаларын іске асырушы алаңдары. Одан бөлек, Президент тапсырмасымен құрылған «Ассамблея жастары» бірлестігі мен медиация кеңесі белсенді жұмыс істейді. Өңірлерде ашылған Достық үйлері де этномәдени бірлестіктердің ғана емес, жергілікті қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдармен жастардың ортасына айналды. Еліміздің барлық өңірлерінде ҚХА Журналистер клубы және этникалық БАҚ қызмет атқарады. Отызжылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді.
Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этносөкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтаумен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді. Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған.
Қоғамдық институттың атаулы датасына орай Атырау облысында да бірқатар іс-шаралар жүзеге асады. Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ләззат Жылқышиеваның мәлімдеуінше, 1 наурыз «Алғыс айту» күніне орай Достық үйінде облыс әкімінің қатысуымен салтанатты шара ұйымдастырылады деп жоспарлануда. «Наурызнама» мерекелі конкүндігінде үлкен концерттік бағдарлама өтеді. Одан өзге де жыл бойы ірі көлемді шаралар жүзеге асады деп күтілуде. Этносаралық қатынастарды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-і жүйелі қызмет атқарып келеді. Мекеме Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз етеді. Бүгінде мұнайлы өңірде 18 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Атырау облысы ҚХА этномәдени бірлестіктермен, ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, ақпараттық түсіндіру тобы, саяси партиялармен жұмыс , «Жомартжан» орталығы және Ассамблея жастарымен бірлескен жұмыстар жүргізуде.
Осылайша, 30 жыл бұрын Ассамблея көпұлтты Қазақстанда тұрақтылықты, бейбітшілікпен келісімді құру мен сақтауда маңызды рөл атқарған бірегей институт ретінде танылды. Өткен жылы Президенттің төрағалығымен өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында қоғамды ұйыстыратын бастамалар жайы баяндалып, қоғамдық институтты әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеті жүктелді. Ассамблеяның этносаралық өзара іс-қимыл саласындағы жетістіктері толеранттылық, құрмет пен өзара түсіністік қағидаттарына негізделгені еліміздің одан әрі өркендеуінің кепілі бола түсті.
Айнагүл ШАКУПОВА