БАЯНДЫ БАСТАМА: жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

(0 Votes)

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау туралы шешім қабылдады.

Бұл бастама еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін еңбек адамының мәртебесін арттыру, олардың кәсіби дамуы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмысшы мамандығының маңызын арттыруды көздейді.

Президенттің бұл бастамасы колледжіміздің даму стратегиясымен толық сәйкес келеді.

Жұмысшылар ұстаханасы

Иә, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын осы бастама жұмысшы мамандықтарына арналған колледждер мен оқу орталықтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, білім беру бағдарламаларын заманауи талаптарға сай қайта қарау өндірістік тәжірибе мен дуальды оқытуды күшейту арқылы түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруды мақсат тұтады. Бұл ретте өндірістік жаңғырту мен жаңа технологиялардың енгізілуі, жұмысшы маманының беделін арттыру – колледжіміздің басты міндетінің бірі. Бұл ретте алдағы уақытта Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледж өзінің техникалық және кәсіби білім беру саласындағы орнықты дамуы мен еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуін әрі қарай жалғастырады. Бұл бағытта колледжге жаңа мамандықтарды енгізу, оқыту әдістемесін жетілдіру және өндірістік тәжірибені арттыру жұмыстары жалғасын табады. Осы мақсатта колледж еліміздегі жаңашылдықтарға бейімделіп, түлектерін жаңа экономикалық жағдайларға сай даярлайтын болады.

Айталық, биылғы жылдың 28 наурызында колледжде «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай, «Өндіріс саласына кадрлар даярлау: бүгінгі талаптар мен келешек бағыттар» тақырыбында облыстық семинар-конференция өтті. Онда келесі екі құзыреттілік бойынша тапсырмалар таныстырылып, талқыланды. Нақтырақ айтқанда, «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану», «Жергілікті магистральдық және желілік құбырларды монтаждау» мамандықтары 2025 жылғы WorldSkills чемпионатының облыстық кезеңіне ресми түрде енгізілді. Ал 10 маусымда колледжде индустриялық кеңес отырысы өткізілді.

Мақсаты – жаңа мамандықтарға лицензия алу, білім беру бағдарламаларын жаңарту. Оған «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру, Құлсары мұнай құбырлары басқармалары, «Атырау-Жарық», «Ремвагон», «МұнайТрансСервис и К», «Досмырза», «Жасұлан и Компания» ЖШС секілді отандық компаниялар қатысты. Кәсіпорын өкілдері тарапынан кадр сапасына, оқу мазмұнына қатысты құнды ұсыныстар айтылды.

Бұдан басқа түлектер жәрмеңкесі де ұйымдастырылып, оған 15-тен астам әлеуметтік серіктес мекеме, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, аудандық «Мансап» орталығының мамандары қатысты. Колледж бітірушілер өз түйіндемесін ұсынып, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатты. Ал маусым айының 9-ы мен 27-сі аралығында бітіруші түлектерге өндірістік тәжірибеден есеп беру және мемлекеттік біліктілік, демонстрациялық емтиханы өткізілді. Оған білім алушылар толық қатысып, даярлық деңгейі жоғары болды. Олар өз мамандығы бойынша біліктілік емтиханға жақсы дайындықпен келгенін байқатып, теориялық білімі мен кәсіби деңгейін де көрсете білді.

Білім алушылар берілген тапсырмалар бойынша емтиханда қойылған сұрақтарға да толық жауап берді. Бұл колледж студенттеріне берілген білім сапасының арта түскенін көрсетеді. Расында да, Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі – бұл білікті мамандарды дайындау саласында үлкен жетістіктерге жеткен білім ордасы. Колледждің жаңартылған материалдық-техникалық базасы мен студенттердің жұмысқа орналасу көрсеткішінің жоғары болуы оқу сапасын арттырудағы тиімділігін көрсетеді.

Президенттің 2025-ті «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы колледждің болашақтағы даму жоспары мен мақсатына жаңа серпін берді. Әрбір жаңа жетістік колледж ұжымының ортақ еңбегінің нәтижесіне айналды. Сенімді серіктестер: қолдау мен қамқорлық Әрине, колледждің қол жеткізген жетістіктері мен даму динамикасы тек материалдық-техникалық базамен шектелмейді. 2007 жылдан бастап колледждің жаңа ғимараты заманауи жабдықтармен толықтырылып, білім беру сапасы жаңа деңгейге көтерілді.

Студенттерге ең соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жұмыс істеу мүмкіндігі беріліп, оқу үдерісі теория мен практиканың бірлігінде ұйымдастырылды. 2022 жылы «Жас маман» жобасы аясында колледжде құзіреттілік орталығы ашылып, білім алушының кәсіби құзыреттілігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасалды.

Қазіргі уақытта колледжде 387 студент 12 мамандық бойынша білім алып, өндірістік тәжірибеден өтуде. Тарқатып айтар болсақ, «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану», «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау және бұрғылау жұмыстарының технологиясы», «Слесарлық іс», «Электр жабдықтары», «Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару», «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Жергілікті магистральдық және желілік құбырларды монтаждау», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану», «Есеп және аудит», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» секілді жұмысшы мамандықтары бойынша даярланады. Оларға 50 инженер-педагог және өндірістік оқыту шеберлері сапалы білім беріп келеді.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы № 107 бұйрығына сәйкес, «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін кәсіптік практиканы ұйымдастыру мен өткізу тәртібі» айқындалған. Бұл қағидалар оқу тәжірибесінің бағдарламасын оқу жұмыс жоспары мен оқу жұмыс бағдарламасы негізінде әзірлеуге мүмкіндік береді.

Әр мамандық бойынша кәсіптік практиканың түріне байланысты студенттер белгілі бір мекемелерге жіберіліп, сол жерде тәжірибе жинақтайды. Колледжде оқу-жаттығу тәжірибесі оқу шеберханаларында өтсе де, кәсіптік практика әр мамандыққа сай кәсіпорындарда жүргізіледі. Бұл мекемелер оқу орнымен тығыз байланыста жұмыс істеп, студенттердің тәжірибелік дағдысын арттыруға ықпал етеді. Нәтижесінде оқуды аяқтаған түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші өте жоғары. Әр жыл сайын түлектердің 80 пайызы, яғни басым бөлігі, тұрақты жұмысқа орналасып, өндіріс саласында өз орнын табуда. Осындай колледждің жоғары сапалы білім беру жүйесі мен кәсіби дайындығының арқасында түлектердің көпшілігі өз саласында тәжірибелі маман болып қалыптасып, еңбек нарығында сұранысқа ие болып отыр. Бұл жетістікке колледждің 40 әлеуметтік серіктес мекемелерімен жасалған ортақ келісім шарттар да ықпал етуде. Бұл кәсіпорындар колледжге қажетті оқу ресурстарын, тәжірибе алу мүмкіндігін және жұмыс орындарын ұсынып, студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуде.

Мекемелермен тығыз байланыс орнату арқылы колледж оқу үдерісінің сапасын арттыруда және студенттердің кәсіби біліктілігін жоғарылатуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, студенттердің сапалы білім алуына үлес қосып, колледждің дамуына пайдасын тигізіп жүрген әлеуметтік серіктестерімізді атап өту маңызды. Олар тек қаржылай ғана емес, білім беру үдерісінде білім алушының кәсіби біліктілігін арттыруға мол мүмкіндік туғызып отыр. Олардың алдыңғы легінде «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы тұр. 2022 жылы бұл компания колледжге мұнай өндіру саласына арналған оқу полигонын салумен қатар, оны қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етті. «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» мамандығы бойынша білім алып жатқан 18 жасқа толған студенттер дуальды оқыту жүйесімен осы басқармаға жұмысшы ретінде жұмысқа орналасты. Олар вахталық әдіспен еңбек ете жүріп, тәжірибелік біліммен бірге кәсіби біліктілігін арттыруға зор мүмкіндік алды.

«Теңізшевройл» компаниясы да колледжге қолдау көрсетіп, соңғы үлгідегі техникалық компьютерлер мен ноутбуктармен қамтамасыз етті. Ал «Еділ-Орал» ЖШС арнайы пән оқытушыларымен студенттерді өндірістік практикадан өткізіп, сертификат беріп, колледждегі істен шыққан құрал-жабдықтарды жаңғыртып жасақтады. 2019 жылы «КазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Орал Ыдырысовпен келісім шартқа қол қойылып, өндірістік тәжірибе бағдарламасы аясында колледж студенттері 2023 жылға дейін ақысы төленетін тәжірибеден өтті.

Осы бағдарлама арқылы болашақ жұмысшы мамандары 80 мың теңге көлемінде шәкіртақы алды.Теңіз кенішіндегі «ESS супорт сервисез» ЖШС «Слесарь ісі және автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығының оқу кабинеттеріне 18 млн теңгенің 55 дана жаңа құрал-жабдығын, ал «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығында білім алып жатқан студенттердің оқу кабинетіне заманауи техникалық құрал-жабдықтарды: екі камералы тоңазытқыш, пароконвектомат, камыр жаятын машина мен вытяжка сияқты жабдықтарды алып берді. «Казкомсервис» ЖШС де назардан тыс қалмады. Олар колледжге краншы мамандығында оқытылатын студенттер үшін «Урал-4320» маркалы 16 тонналық автокран техникасын тегін ұсынды. «Өмірзақ сервис» мекемесі колледжді қажетті музыкалық қондырғылар мен техникалық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етсе, «Жоларна» ЖШС әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 10 студентке жыл бойы ай сайын 40 000 теңге көлемінде стипендиялық көмек беріп, колледждің электрмонтаж шеберханасына 3 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Осындай мәрттігі үшін «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай, мекеме басшысы Асхад Абдулахатович облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Бұл, сөз жоқ, демеуші компаниялар басшыларының көрсеткен жанашырлығы мен жастарға деген сүйіспеншілігі, оларды кәсіби тұрғыдан жетілдіру мақсатындағы биік азаматтық ұстанымы. Осындай қолдау мен қамқорлықтың арқасында қол жеткізген жетістіктер колледждегі жоғары деңгейде берілетін білім беру жүйесін, студенттердің кәсіби шеберлігін арттырудағы қажырлы еңбегін көрсетеді.

Түйін: маңызды мәселелер Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша білім беру сапасын арттыру және заманауи талаптарға сай оқу процесін жаңарту - қазіргі уақыттағы маңызды мәселенің бірі. Бұл салада мамандарды даярлау үшін жаңа құрал-жабдықтар мен тиімді оқу әдістерін енгізу қажет.

Бүгінгі таңда қолданылып жатқан кейбір құрал-жабдықтардың ескіргендігі студенттердің теориялық білімін толыққанды практикалық дағдыларға айналдыру барысында қиындықтар туғызып келеді. Осы проблемаларды шешу үшін колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартып, білім беру сапасын арттыру мақсатында нақты жүйелі жұмыс істеліп келеді.

Айталық, ТШО компаниясының 18 жасқа толған студенттерді өндірістік тәжірибеден өтуге қабылдауы және «ҚазТрансОйл» компаниясының ақылы практикамен қамтамасыз етуі – бұл болашақ мамандардың кәсіби дағдысын арттырудағы маңызды қадам. Осы бастамалар студенттерге өз білімін тәжірибелік тұрғыдан қолданып, жұмыс нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді. Алайда, бұл мәселелер толыққанды шешілуі үшін қосымша қолдау қажет. Сондықтан да қазіргі уақытта туындап отырған проблемалардың түйінін тарқату үшін құзырлы органдардың қолдауы өте маңызды. Әрине, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бұл мәселелердің шешімін табу – елдегі білім беру жүйесінің дамуына үлкен ықпалын тигізеді. Бұл ретте студенттерге тиімді оқуы және тәжірибе алуы үшін қолда бар мүмкіндікті арттыру, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған зор үлес болар еді. Әрине, болашақ кәнігі кәсіби шеберлерді еңбек нарығына лайықты, жоғары білікті жұмысшы ретінде даярлау үшін барлық тараптардың бірлескен күш-жігері қажет. Тек осындай қолдау мен ынтымақтастық арқылы біз елімізге қажетті мықты жұмысшы мамандарын дайындай аламыз.

Марат ИБРАЕВ,

Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT