БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қаңтар айында орын алған оқиғаларға тоқталып, орынды баға берді.

Сол бір сын сағатта Президентіміз дұрыс шұғыл шаралар алмағанда жағдай басқаша өрбуі мүмкін еді. Жоқ нәрсені бар қылу қиын, бар нәрсені бүлдіру оңай. Қаңтарда елімізде қалыптаса  бастаған демократиялық құндылықтар, қол жеткізген жетістіктер бәрі де қыл үстінде тұрды. Билікке заңды түрде сайланбай, төңкеріс арқылы келген адамдар азаматтардың бостандығына кепіл болады деу қиын. Қасым-Жомарт Кемелұлы ақиқатын  айтып отыр, Қазақстандағы  түбегейлі бетбұрыстар өздерін халықтан жоғары санап, қарапайым азаматтардың үнін жүре тыңдап, «үріп ішіп, шайқап төгіп», жалғанды жалпағынан басып жүргендерге ұнамағаны анық. Жұмыс жасамаса да жылы орынынан айырылып қалу қаупі төнгені кімге жақсын?! Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: «Олар заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыруды көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ұмтылуды көкседі. Сол үшін қылмыскерлер мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды. Ішкі  және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты арандатты», деп төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болғанын, жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасағанын алға тартты. Әрине, олар қара басының мүддесін жүзеге асыруда халықты қалқан етіп, күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірген. Қаңтар оқиғасы бізге сабақ болды деп ойлаймын. Сырттан арандатудың салдарынан тып-тыныш жатқан Ливия мен Сирия қазір қандай жағдайға түсті. Ақпарат көздерінен олардың халқы бұрынғы бейбіт кездерді көксейтінін оқып жүрміз.

Жолдауда экономика мен саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жойып, оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату маңыздыздылығына мән берілді. Бұл да бүгінде өзекті мәселе. Бәсекелестік орта ғана олардың бағаны орынсыз көтеруіне жол бермей халықтың жағдайын жақсартады. Монополистер болған үстіне бола берсін деген пыйғылдан арылып, барға шүкіршілік етуді үйренсе, өнімдер қымбаттамас еді. Олар да осы елдің азаматтары ғой. Қазақ «Пайда ойлама, ар ойла», демей ме? Баға демекші Президентіміз Жолдауында: «Біздің елде ауқымды дағдарысты еңсеретін қор мен ресурс бар. Үкімет ең алдымен ұлттық валютаны нығайтуды қолға алуы керек. Қаржылық салада сұраныс негізінде қолдан жасалған қымбатшылыққа жол бермеу керек», деп тапсырма берді. Бізде жалақы мен зейнетақы көтерілсе баға да шарықтай жөнелетіні жасырын нәрсе емес. Қарияларымыз «Зейнетақыны көтергеннен не пайда? Баға тағы көтеріліп кетті», деп мұңын шағады. Кәсіпкерлер болса алатын жерлерінде тауардың қымбаттағанын  сылтау етеді. Бұдан шығатын қорытынды  жыл сайын жалақы мен зейнетақыны көтеріп, оны инфляцияға жем қыла беру емес, Мемлекет басшысы айтқандай дағдарысты еңсеретін қор мен ресурстарды тиімді пайдаланып, ұлттық валютаны тұрақтандыру, қолдан жасалған қымбатшылықтың жолын кесу тетіктерін нығайту. Тек бақылап отырумен, анда-санда рейд жасап қоюмен, «бағаны көтермеңдер», деп айтумен шектелмей, «арбаны сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» нақты шаралар, яғни, кәсіпкерлерге де, халыққа да зияны тимейтін, бірақ, қымбатшылықты ауыздықтаудың жаңа тетіктері қарастырылса құба-құп. Ол жоғары билік арқылы ғана жасалады.

Жалпы Жолдауда бүгінгі күннің өзекті мәселелері қамтылды. Оны жүзеге асыруға қолдау көрсету жүрегі елім деп соғатын барша азаматтардың парызы деп санаймын. Еңбек ардагері ретінде сіздерді Президентіміздің төңірегіне тығыз топтасып, Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырамын.

 

Зарлыхан Ғұмаров,

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT