Қазақтың дарқандығын дарақылыққа айналдырмайық!

(0 Votes)

Бүгінде бай мен кедейдің тойын ажыратудан қалдық. Той мерекеге емес жарысқа айналғаны қашан.

Сондай-ақ, тойдағы қонақтардың ерсі қылықтары, қазақилыққа жат, ұятсыз әрекеттер де жұрттың ызасын тудырғандай. Той – тағылым түйдіретін, тектілікке баулитын тәлім-тәрбиенің өтімді мектебі. Онда қазақ халқының салт-дәстүрі дәріптеліп, рухани құндылықтарымыз жаңғырады. Тойшыл қауым той иесіне «қуаныш ұзағынан сүйіндірсін, той тойға ұлассын» деген игі тілегін білдіреді. Алайда, бүгінгі той атақ пен шатақтың ордасына айналып бара жатқандай. Өйткені, «бір атым насыбайға» бола өкпелеп қалатын қазекем сөз келмесін деп тойды мінсіз атқаруға тырысады....
Мәселен, той-томалақта жөн-жосықсыз шашылу, ретсіз шығындалуға қатысты мәселенің шиеленіскен түйінін тарқату керек сияқты. Қазіргі таңда көрпеге қарап көсілудің орнына, қарызға белшесінен батып, көл-көсір, аста-төк той жасаушылар көп. Ал, оны жөнсіз санайтындардың уәжді пікіріне құлақ асуды тұрмыс-тіршілік айғақтап отыр.

Қаламгер Марат Тоқашбаев Facebook-тегі парақшасында осы тақырып төңірегіндегі дарақылық жөнінде сараптап, мынадай тұжырым жариялаған болатын. Онда:
1. Алдымен, той уақытын қазіргі 5-6 сағаттан 1,5 - 2 сағатқа қысқарту үшін тойдың креативті фуршеттік тәсілі ұсынылады.
2. Ол тура шақыру билетінде көрсетілген уақытта басталады. Беташардың қысқартылған нұсқасы орындалып, ең жақын 5-6 адам ғана таныстырылады.
3. Жасы үлкен кейбір адамдарға, құдаларға үстел койып, қалған қонақтар түрегеп жүріп, өзі қалаған адаммен сұхбаттасады.
4. Тост болмайды. Оның орнына жас жұбайлар немесе мерейтой иесі сағат тілі бойынша айналып, әр топқа немесе әр үстелге келіп аялдап, өзінің ізгі тілегін тікелей білдіріп, сыйлығын ұсынады.

Тілек-тілдесу 2-3 минуттан аспайды.
5. Асабаның қызметі енді тост беру орнына, келген қонақтардың абырой-атағын таныстыруға, олардың сіңірген еңбегін мәлімдеуге бағытталады.
6. Тағам халал түрде фуршеттік қазандарда жасалады, әркім не жегісі келсе, тәбеті неге тартса соны алып жейді. Құрметті қонақтарға ұсынылатын жіліктер алдын ала араланып, шағындалып, арнайы тәрелкелермен тартылады. Оны қаласа тұрып не отырып жеуіне болады.
7. Сусын мен ішімдіктер даяшылар тарапынан үш рет қана тасымалмен ұсынылады.
8. Тойдың алғашқы бөлігінде даңғырлаған музыка болмайды, тек жанға жайлы жұмсақ музыкалық фон ғана (домбыра, қобыз, скрипка).
9. Екінші бөлігі биге арналады. Әнші, жұлдыздар шақыру міндетті емес. Би репертуары тек қазақ эстрадасынан жасақталады.
10. «Тойбастар» дәстүрінде қонақтардың бірі ән айтады, той иелері жас жұбайлардың арнайы естелік кәдесыйларын ұсынады.
11. Той - үлкен ақсақалдың бата беруімен, иелерінің алғыс айтуымен аяқталады. Сөйтіп,  120 минутта, әрі кетсе 150 минутта аяқталады.

Расында, «Дарақы мырзалықтан сарабдал сараңдықтың өзі артық» демеді ме дана бабаларымыз? Қазақтың той-томалағындағы артылған аспен тағы бір той атқаруға болатын жағдай жиі кездеседі. Бұл – жөнсіз ысырапшылық. Жиған-тергенін тойға шашатын қазақтың дарқандығы дарақыланды. Миллиондаған қаржы жұмсап, абыройын көрсету бүгінгі күннің сәніне айналды. Сондықтан, бір ереже бекітіп, керек жерінде шектеу қойған жөн-ақ. Мүмкін, қазақ елінің салт-дәстүрі жанданып, той-томалақтан шаршамай қайтар едік.

Нұргүл Жұмалиева,
Бірлік ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT